Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жанқожа батырдың Қандыағаштағы шайқасы

Жанқожа батырдың Қандыағаштағы шайқасы

Туған жерді сыртқы жаулардан қорғаған, ұлт-азаттық жолындағы күресте елге пана, жұртқа қорған болған қолбасшы Жанқожа батыр туралы халық арасында тарап кеткен әңгімелер жиі кездеседі. Солардың арасында қазалалық шежіреші Өмірзақ Ахметов айтып қалдырған дерек көздерінде қайсар жүректі бабаның Қандыағаш шайқасындағы өшпес ерлігі жан-жақты баяндалған.

Ет-жүрегі елім деп езілген батырға қыр Шектісі Көтібардың Есетінен: «Мұнда дайындалып кел. Қандыағашта орыс патшасының әскерімен ұрысамыз», – деген суыт хабар жетеді. Сәлемдемені есіткен ол жедел түрде 350 адамды даярлап, Қандыағашқа жібереді. Өзі асығыс Сырға келіп, бұдан да сарбаз жасақтап «артымнан келерсіңдер» деп Ырғызға барады. Ертеңіне Жауқашар, Бекерхан қазымен жолығысып 150 қол жинап алып, одан әрі Қандыағашқа жетіп 450 адаммен Есетке қосылады.

Сол жерде патша әскерінің, оның басшыларының мақсат-бағдарын білу үшін Ақтөбедегі бекініс салып жатқан әскер күшіне бірнеше тыңшы жіберіледі. Бұлар сондағы бұрыннан жұмыс істеп жатқан жергілікті қазақтар қатарына араласып, мойынға алған тапсырманы орындап жүре береді. Жаңадан кірген қазақ еңбеккерлері орыс азаматтарымен тіл табысып кетеді. Олар оңаша пікірлескенде: «Орыс патшасы Кіші жүзді еріксіз бағындырып алу үшін іс-қимыл жасаудың қамтығында», – деп құпия-сырды айтып қояды. Міне, осы және «Қандыағашқа бекініс салуға әскер жібергелі жатыр» деген жаңалық «тыңтыңдаушылар» арқылы батырға мәлім болады.

Осыдан кейін Жанқожа мен Есет батыр екі мың сарбазбен Қандыағаш маңында орыс әскерін күтіп тұрады. Егер орыс әскері Қандыағашқа келіп бекініс салмаса, Ақтөбедегі бекініс ісімен айналысып жатқандарға шабуыл жасап құрылысты қиратып, патша әскерін сол маңайдан қуамыз деп уәделеседі.

Барлаушылардың айтқан сөзі рас болады да, екі-үш күннің ішінде генералдың өзі бастап 1000 солдат алып, Қандыағашқа жол тартады. Генералды Қандыағашқа адастырмай алып бару үшін қазақ жансыздары жолбасшылық көрсетеді. Бұлар генералды ашық жермен жүргізеді. Өйткені мұндайда қазақ батырларының әскері жақсы ұрысады да, дегенін істей алады. Қандыағашқа аялдаған генерал 500 солдатын сол жерге тас¬тап, қалғанын алып Жем өзенін көріп келуге аттанады.

Бұл жағдай ұзынқұлақ арқылы Жанқожа мен Есетке дереу жеткізіледі. Сөйтіп олар Қандыағашқа бет бұрады. Іле-шала арттарынан тағы да мың қолымен Тоқымтыққан Байқадам, Шөмекей Қыстаубай, Жақайым Толыбай батырлар келіп қосылады. Жем бойына кеткен генералдың оралуын күтпей Қандыағашқа келген орыс әскері бекініс тұрғызу қамына кірісіп жатқан. Бұларда қару-жарақ, оқ-дәрі, азық-түлік жеткілікті екен. Соған бес мың әскерімен келіп Жанқожа мен Есет батыр тұтқиылдан шабуыл жасайды. Қарға адым жерден үстінен түскен қазақ әскеріне аздығына қарамастан бекініс басындағылар қарсыласып бағады. 500 мылтықтан үзбей атылған оққа қарсы бата алмай, қазақ сарбаздары іркіліп, тұрып қалады.

Кеудесін жігер оты билеген Жанқожа батыр қылышын қынабынан суырып, Ақтабан атын тепсініп қалып, орыс әскерінің ортасына қарай ұмтылады. Қарша бораған оқ батырдың өзіне, иә атына тимейді. Қайтпас қайсар қолбасшының соңынан ілескен Байқадам, Қыстаубай батырлар да ортаға кіріп, соғысқа араласады. Ақырында қарсы беттегілер жеңіледі. Бұл шайқаста орыс әскерінен 120 адам өліп, 80 адам жараланады. 300-і тірідей беріледі. Қару-жарақ, оқ-дәрі, азық-түлік бәрі қазақ әскерінің қолына түседі.

Бұдан кейін жеңімпаз жасақ Жемге кеткен генералдың оралуын аңдыды. Ертеңіне сәскелете Қандыағашқа жақындаған генерал ойламаған жерден қазақтың көп жасағын көреді. Бір сұмдықтың болғанын іші сезіп, Ақтөбеге қарай қашады. Оны қайткенде де тірідей қолға түсіру мақсат етіледі. Батыр Ақтабанмен ұзаққа жібермей-ақ ұстауға таяғанда, генералдың қорғаушылары Жәкеңнің атының алдын кес-кестеп, ілгері бастырмайды. Алайда ол жақын келген солдатты найзамен шаншып түсіре береді. Айнала қоршаушылардың көмегімен генерал ұзап кетеді. Соңынан жеткен батырдың серіктері көмекке келіп шайқасады. Екі жақтан да шығын орын алады.

Соғыс аяқталысымен батыр кеңес құрады. Онда қолға түскен тұтқынның бәрін қырып тастау керек деген ұсыныс айтылады. Сонда Жәкең:
– Сарбаздарым, олай болмасын. Алас-қапаста ажалы жеткені өлді. Ал қолға түскен тірісі мен жаралысын жәбірлемейік. Бұлардың бәрін тып-типыл қылғанмен орыс таусыла ма? Оның үстіне діні басқа болғанымен бұлар да өздеріңдей адам баласы емес пе? Қай-қайсысының да артында бала-шағасы бар. Көзін жойып, көміп тастағанмен қара жер тоя ма? Және бұлардың біразы сендермен жауласуға пейіл емес. Сенсеңдер басында еркі жоқ, ықтиярсыз жүрген солдаттар.

Не істесек те, қандай шара қолдансақ та барлығын бастығы – генералға көрсету керек көрімді. Қарапайым жанның обалына қалып қанын мойынға жүктеудің қажеті болмас. Рахымшылық жасап, бұларды еліне жететіндей азық беріп, жаралыларына мінетін және азығын артатын көлік тауып, еліне қайтарған дұрыс. Сосын Ақтөбе бекінісіне аттанғанымыз жөн. Себебі олар орнығып, күш жинап алса қайтып алу қиынға соғады. Сондықтан осында он-он бес күн күтейік, – дейді батыр.

Жанқожаның ақылын сарбаздар мақұлдап, қолға түскен үш жүзден астам солдатты жолына азық беріп, ат-көлікпен Ақтөбеге жөнелтеді. Өлімнен құтқарған Жанқожаға кіріптар тобыр алғысын айтады және батырдың адал, әділ адам екеніне әбден көздері жетеді.
Генерал Ақтөбеден Орынбордағы жоғарғы шенділерге: «Енді Қандыағашқа баруға болмайды. Өйткені сондағы қазақ жасағы біздің әскерді қырып салды. Төрт жүзге жуық солдатымыз тұтқында қалды. Ол жақ өте қауіпті», – деп сөйлесіп жатқан үстіне Жанқожа босатқан тұтқындар да жетіп үлгереді.

Мұны көрген генерал қатты қуанып, бір командирінен: «Сендер тұтқыннан қалай босандыңдар?», – деп сұрайды.
– Біздің астымызға көлік мінгізіп, азық бөліп бостандық берген қазақ батыры –Жанқожа. Оқ дарымайтын ержүрек қолбасшы екен. Алғаш тосыннан қоршауға алғанда оларды өзімізге жақындатпай мылтықтан оқ жаудырдық. Содан сескенбей батыр қылышын көтеріп бізге қарай шапты. Жабыла мылтық аттық. Бірақ оның өзіне де, атына да тимеді. Оған оқ өтетін емес. Біз соны көрдік. Ал азаматтығы мен адалдығы, мейірімділігі мен шапағаты жүдә бөлек. Басқа батырлар жаппай қырып тастау керек дегенде, олардың айтқанын қылмай, еркіндікке босатып жіберді. Оның бұл жақсылығын жүрегімізде сақтап, ұмытпай өтеміз, – дейді азаттық алған тұтқын ризашылық ниетін жасырмай.
Сонымен осы бір оқиғадан соң патша әскері Қандыағашқа қарай барудан бас тартады. Ал генерал болса «Егер Жанқожа біреу болса, тимей-ақ қойыңдар. Қартайып өзі-ақ өлер» деген екен.
Дайындаған
Сахи ҚАПАР
26 тамыз 2019 ж. 2 734 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 70

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 65

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930