Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бес Шектіге ұран болған Бақтыбай

Бес Шектіге ұран болған Бақтыбай

Туған жердің тұтастығын ту етіп, атойлап жауға шауып, ерлігімен есте қалған ерен тұлғалар қазақ тарихында аз емес. Солардың бірегейі Бақтыбай батыр туралы не білеміз? Оның Шекті шежіресінде лайықты орын алып, атының аңызға айналуының сыры неде?

Өткенді зерделесек, Алаш жұрты ішкі және сыртқы жаулармен үздіксіз шайқасқан. Елдің Еуропа мен оңтүстік батысын байланыстыратын Кіші жүздің аймағы қақтығыс пен бұлқыныстарға көптеп кезіккен.

Жоңғар шапқыншылығынан еңсесін көтеріп үлгермеген жерге орыс отаршыларының өктемдік етуі, осы кездегі Еділ қалмақтарының қайта бас көтеріп, Хиуа түрікпендері, башқұрт, орыс-казак келімсектерінің Кіші жүз жеріне дүркін-дүркін қанды жорықтары да қиындық тудырды.
Осы оқиғаларға қатысушы Бақтыбай Төлесұлы батырлығымен дараланған тұлға.

1729 жылы атақты Аңырақай шайқасының болғаны тарихтан белгілі. Дерек бойынша, Кіші жүздің қолын табын Бөкенбай, тама Есет, шектіден Тайлақ, Бақтыбай, Сартай, Пұсырман және Маңғыстау түбегінен адайлардың атышулы батырлары, барлығы 20 мың жасақ қазақ қосынының жартысынан астамын құраған. Осы соғысқа Әбілхайыр басқарған жасаққа өз жауынгерлерімен қосылған бабаның асқан ерлігін жалынды жырау Н.Қожанұлы “Сартай батыр” дас­танында:
...Тілеу-Қабақ бектері
Қабағы тастай түйілген,
Асынып қылыш байлаған,
Кісен сауыт киінген,
Қола мен сары жез,
Болаттан жібін иірген.
Бақтыбай мен Пұсырман,
Жау жарағын түйінген.
Әбілхайырға қосылды,
Қаһарға мінген жиынмен, – деп суреттейді.

Әлі де сөзіміз дәлелді болу үшін Бұланты-Білеуті соғысына қатысқан жас батыр Бақтыбайға қатысты М.Тағыбергенұлының “Ол кім еді?” деген мақаласынан үзінді келтірейік:
“Ол кезде әскердің қолбасшысы әрі ұраны жақайым руынан шыққан Құл (Бүкірек) батыр екен (Құлдың бейіті Арал ауданының Құланды түбегіндегі, өз атындағы қорымда. 2009 жылы ұрпақтары батырдың басына кесене тұрғызып, ол туралы кітап шығарды – Қ.М.). Жасы ұлғайған Құл өзі ұрысқа араласпай биік төбеден бақылап, әскерге басшылық жасаған. Кескілескен, жан беріп, жан алысқан шайқаста қазақтардың қолы ыдырап шегіне бергенін көрген Құл қатты қиналады. Осы кезде ұрысқа қатыспай тасада тұрған жас Бақтыбай ақбоз атын ойнақтатып жасақтарымен жаудың бір бүйірінен тиісіп, табан тіреп шайқасады. Оның жүрген жолында жау орылған қамыстай жапырылып, қынадай қырылады. Осыны көріп отырған кемеңгер атасы Құл батыр сұрау салып, жас жігіттің Төлес баласы Бақтыбай екенін біледі. Жас батырдың жаужүректігіне риза болған Құл батыр:
– Мен үлкейдім, енді ұрыста жауға Бақтыбайлап тиісіңдер, ұрандарың “Бақтыбай” болсын, – деп бата беріпті. Бақтыбай осыдан бас­тап батыр атанып, ұранға шыққан” (“Азия” газеті 1995, қараша №45).

Осы шайқаста Бақтыбай қалмақтың батыры Қонжармен жекпе-жекке шығып, жаудың басын алып, сарбаздардың рухын көтереді.
Бабамыз көзі тірі кезінде Жақайым, Жанқылыш, Есенәлі, Айдарбек, Бөлек рулары “Бақтыбайлап” жауға атой салған, есімін ұранға айналдырған.

Әлім, Шекті тайпаларынан шыққан, қазақ тарихының төрінен орын алған, аттары аңызға айналған Көтібар, Ақтан, Жылқаман, Есет Көтібарұлы, Қайдауыл, Қарағұл, Әзберген, Байқазақ, Торайғыр, Елтізер, Дәрібай, Жанқожа, Арыстан, Мамай, тағы басқа батырлар жауына “Бақтыбайлап” шауып, қамал бұзған.

1745-1747 жылдары ашынған қазақтар шекарадағы бекіністер мен Еділ бойындағы Құба қалмақтарына бірнеше рет шапқыншылық жасады. Әсіресе, қыс түсіп мұз қатқан тұста, Есет пен Бақтыбай бастаған жасақтар жорыққа шыққан. Олар жолдағы Жайық бекіністеріне соқпай, Кас­пий теңізінің теріскей жағындағы тақыр мұздан тағаланған аттарымен өтіп, Астрахань түбіндегі Қызылжардан бір-ақ шығады да, қалмақ ауылына тарпа бас салып жүз адамын өлтіріп, 700-дей адамын тұтқындап, 2477 бас жылқы мен түйені олжалап қоныстарына оралған. Егер де А.Левшиннің сөзімен айтсақ, “осы жылдары Кіші жүз батырлары ерекше белсенділік танытты”.

Бақтыбай кезінде Есет Көкіұлының үзеңгілес серігі болып, оның шақыруына әрдайым үн қосып отырған. Оны өзіне ұстаз, ақылшы аға, пір тұтқан, оны қайда жүрсе де әулие санап, ас пен тойдан қалдырмай, ақ тілегін алып жүреді екен.
1738 жылы Шақшақ Жәнібектің үлкен ұлы Түктібай үйленіп, Есет серіктестерімен, ішінде Бақтыбай би де бар, оның құдалығына қатысады. Осы сәтті пайдаланып Жүрдек батырдың басшылығымен Торғауыт қалмақтары Жем, Сағыз бойындағы қазақ ауылдарын шауып, қырғынға ұшыратады. Осы шапқыншылықта Есет батырдың ұлы Ақмаңдай мен әйелі тұтқынға түседі. Ақтабанды қалмақтың бір батыры мініп кетеді. Бұл хабарды естіген Есет Көкіұлы, Шақшақ Жәнібек, Бөкенбай Қараұлы, Бақтыбай Төлесұлы жасақтарымен жауды қуып жетіп, қанды ұрыс жүргізген. Содан бастап бұл жерлер “Қандыағаш”, “Қалмақ қырған” атанған екен.

Осы Қандыағаш ұрысында қолға түскен қалмақтың жас батыры Жұрын кейін Есетке адал қызмет істеп, оның соғыста із-түзсіз кеткен баласының орнына қолбалалықта жүрді. Бақтыбай батыр осы шайқаста асқан ерлік көрсетеді. Оның ерен ерлігіне сүйсінген ұлы ұстазы Есет, Жұрынның тұтқынға түскен сұлу қарындасы Жәпті Бақтыбайға әйелдікке алып береді. Бұл арудан батыр бабамыз төрт бала сүйеді, ұлдары – Ерәлі, Серәлі, Жәміш, қызы – Жұрынтай.
Жасы 80-ге таяғанда бір досы:
– Батыр, өмірде қандай арманыңыз бар? – дегенде:
– Өмірде қанша қатын алсам да, Ақмаңдайдай ұл сүймедім, Ақтабандай ат мінбедім, қырық жыл қырғын болса да ажалды өлер, өкінем, жау қолында неге өлмедім, – деген екен жарықтық Есет баба.

Тарихтан белгілі, біздің оңтүстіктегі көршіміз түрікпендер қазаққа осал жау болмаған. Малға жайлы қоныс іздеп, әрі тонау мақсатында Жем, Сағыз, Темір, Ойыл, Қобда бойын, Ұлы Құмды, Аралдың Құланды түбіндегі ауылдарға жиі-жиі шабуыл жасап отырған. Осындай шапқыншылықтың бетін қайтаруға 1742 жылы 500 жасағымен жауға аттанған табын Бөкенбай батыр түрікпендер қолынан қаза тапты. Бөкенбайдың өліміне күйеу баласы Есет пен өзінің піріндей көретін үзеңгілес серігі Бақтыбайдың қайғысы ерекше болды. Оның кегін алу үшін Кіші жүздің батырлары әлсін-әлсін түрікпендер мен қызылбастарға шабуылға шықты. Осындай қанды қақтығыстардың бірінде Бақтыбайдың тұңғышы Асан батыр 29 жасында ерлікпен қаза табады.

Мұрағатта сақталған орыс шенеуніктерінің жазбаша деректерінде 1732 жылдың наурызында Батыр сұлтан, Бақтыбай бастаған Кіші жүздің 1750 жауынгері мәуміттерден Маңғыстау түбіндегі атақонысын, Асмантай-Матайдың құнарлы жазғы мол жайылым өлкесін босатып алу қарекетіне кіріскенін жазады.

1723 жылдың соңы мен 1724 жылдың басында қазақ жасақтары Еділ қалмақтарына соғыс ашады. Табын руының батыры, ханның сардары Бөкенбай батыр, Тама тайпасын басқарған Есет батыр және оның батасын алған жас батыр Бақтыбай қалмақтардың Доржыға қарайтын ұлыстарын талқандайды. Соғыстан жеңілген Дор­жы тайпасы орыстардан Саратов жаққа көшуге рұқсат сұрайды. Осы оқиғаны Астрахань губернаторы А.П.Волынский патша сарайындағы үкімет басшыларына хабарлағаны туралы деректер де бар.
1726 жылы Ордабасыда Кіші жүздің ханы Әбілхайырды Бас сардар етіп сайлағанда, сол салтанатта 20-дан енді асқан Әлім-Қабақ Бақтыбай да бар еді.

Мұрағат қорларында ұранға шыққан Бақтыбай батырдың 1740 жылдардың басында Шекті ұлысының биі сайланып, хан сайлау, ел басқару, мәмілегерлік, жалпы сол кездегі әлеуметтік, халық тағдырының күрделі мәселелеріне етене араласқаны туралы құжаттар кездеседі.
Әрі батыр, әрі бүкіл бір тайпаға би болған адамдар тарихта сирек кездеседі. Бақтыбай би «анау айтты, мынау айтты, хан айтты» деп олардың алдына түсе бермеген, өзінің пікірі мен байламын нық ұстаған. Оған дәлелдер көп.
Алғашқы кезде Ресей бодандығына кіру туралы сөз болғанда ел ақсақалдарының бірі Шектінің Жақайым аталығының биі Сырлыбай (“Қыз Жібек” кинофильміндегі Жібектің әкесі) және Бақтыбай бодандықтың қамытын кимейтіндерін кесіп айтқан. Мүмкін Тевкелев қазақ әскерлерінің хал-жағдайларын көріп алып, сосын соғыс ашуға келген шығар, сондықтан М.Тевкелевті Ресейге тірі жібермеу керек дегенге дейін барған.

Ресей үкіметінің елшісі М.Тевкелевтің Ресей Сыртқы істер алқасына құпия хабарламасында «1732 жылы наурыздың 28 күні Бақтыбай батыр өзінің қарауындағы 150-200 сарбазымен Еділ қалмақтарына жорық жасамақшы болады. Бірақ, кейбір себептермен жолай оған қазақ даласымен Астраханьнан Хиуаға бара жатқан Ресейдің артеллерия полковнигі Иоган Густов Гербер басқарған сауда керуенінің үстінен түседі. Оның 250 түйедегі мүліктерін тәркілеп табан астында сарбаздарына таратып берген. Онысымен қоймай, келесі күні Бақтыбай мен оның жасақтары “олжаға алған тауарларына мәз болып Тевкелевтің тұсынан аттарын зулатып өте шығады және жақын күндері сендердің де көретіндерің осы болады деп Тевкелевке қыр көрсетіп кетті” деп жазады елші күнделігінде.

Бақтыбайдың бұл ісі орыстың әйел патшасының құлағына да жетіп, Әбілхайыр ханға хат жазып жағдайды түсіндіріп, тоналған мүліктерді қайтаруын сұрайды. Бақтыбай баба ханға бұрын мұндай жағдайдың болмағанын, соңғы уақытта орыстардың ауылдың үстінен айдау жол салғанын, жат қылықтар көрсететіндерін, озбырлық, отаршылдық саясатына жауап екенін, керуендер табанақы төлемейтіндерін, жергілікті халықты менсінбей, олармен сауда жасамай, бар байлықтың алыстағы сарттарға кетіп жатқанын айтқан.

Батыр 1730 жылдардың басында Әбілхайыр ханның Ресейге бодандығын қабылдамай, сұлтанға ергенін, ал уақыт өткеннен кейін 1742 жылы көптеген батыр, билермен қосылып, Әбілхайырмен бірге Орынбор губернаторы И.Неплюевке барып ақ патшаға “адалдыққа” ант беріп, хан саясатының дұрыстығын түсінген. Сыйлыққа үш аршын мата, бір шелек берілген.

Дегенмен 1750 жылдың алғашқы кезеңінен бастап патша үкіметінің баласы Дәулетбайды елге қайтармайтынын біліп және ханның патша шенеуніктерінің озбырлығына тегеурінді қарсылық көрсетпегенін жақтырмай, одан бөлініп, Алты ата Әлім ұлдарының Шекті, Шөмекей, Төртқара руларына қосылып, Батыр сұлтан жағына шығып, оны хан көтереді.

Заман ағымына байланысты кейбір алшақтық болғанмен ол Әбілхайырдың отбасымен, әсіресе, Ералы сұлтанмен қарым-қатынасын үзбеген. Оған бір мысалда И.Неплюевтің жансызы прапорщик Муравиннің 1743 жылғы 29 ақпан күнгі жазбасында: “Мен Кіші жүздегі Шекті руының Бақтыбай батыр бастаған қолы төменгі қалмақтарды шабуға дайындалып жатыр дегенді естідім. Олар қалмақтарды қырып, қатын-балаларын тұтқынға алмақ болыпты. Осы хабарды ханға жеткіздім. Бұған хан: «Қазақтар Ұлы Мәртебелі император ханымға сатқындық жасаған қалмақтарды шабуға бара жатыр,» – деп қарсы дау айтты. Бірақ, мен ондай қалмақтарды білмейтінімді айттым. Әбілхайыр Бақтыбайға кісі жіберіп, қалмақтарға аттанбасын дегенде, батыр: «Егер хан тиіспе десе, мен қойдым, бірақ егер олар қозғалатын болса мен де қарап қалмаспын», – деп жауап қайтарыпты” деп көрсеткен.

Әбілхайыр өлгеннен кейін мұрагерлік жолмен оның баласы Нұралыны қазақ билері хан сайлағанда Бақтыбай қолдап, патша үкіметіне оны бекіту туралы хатқа өзінің таңбасын басқан.
Бақтыбай өте қайшылықты өмір сүрген, оның бірде толарсақтан қан кешіп, ту ұстап майдан өтінде атой салып жүргенін білсек, бірде жиын-тойларда билер кеңесінің ортасынан көреміз.
Кеңес заманында сақталған көне мұрағат құжаттарда, Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында, тарихшы М.Тынышбаев жинақтаған қазақ шежіресінде Бақтыбай туралы бірсыпыра деректер кездеседі. Сонымен бірге халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың “Үркер”, “Елең-алаң” романдарында Бақтыбайдың көркемдік тұлғасы жарқырап көрінеді.

Патша үкіметінің мұрағат қорларынан әзірше тоғыз құжат табылған. Оны қағаз бетіне түсірген патша үкіметінің шенеуніктері мен жансыздары тарихты барынша бұрмалап жазып, халыққа жаны ашымайтын түз далада жүрген “бұзақы”, “ұры”, “тағы”, “барымташы” етіп көрсетуге тырысқан. Солай жаза тұра, атақты батыр да би Бақтыбайдан сескеніп, батырлығы мен ақыл-ойын жоққа шығара алмай, оның пікірімен амалсыз санасып отырған. Әлденеше рет өздерінің күнделік жазбаларында оны мойындауға мәжбүр болған.
Тарихи тұлғаның қай жылы, қай соғыста өлгені күмәнді болып қалуда. Тарихи деректерге сүйенсек, Құба қалмақтарының Еділ бойынан көшкен кезі 1771 жылдары болған. Ол қалмақтармен Атырау қойнауында, Жем бойында соғысқан. Осындай шабуылдың бірінде мерт болуы мүмкін. Бірақ қандай болғанда да өз ажалымен емес, елінің тәуелсіздігі үшін жанын шүберекке түйіп қан майданда жауымен алысып, ерлікпен өлгені мәлім.

Қасиетті тәуелсіздік үшін ата-бабалар қаншама жыл күресті. Осы жолда тер де, қан да төгілді, жандарын пида етті. Бүгінгі жастар ата-бабалардың жанқиярлық өнегесінен тәлім-тәрбие алып, жақсы азамат болып өседі деп ойлаймыз.

Қырымбай МҰХАМБЕТЯРОВ
26 қараша 2019 ж. 3 995 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031