Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран
Қай заманға да қай дәуірге де көз салсақ, ел ішінде ар мен намыстан жаратылған рухы жоғары, өзінің өнегелі өмірімен, халқына жасаған қызметімен өзгелерге үлгі болатын, қадір-қасиеттерін ешкім де аласарта алмайтын тұлға азаматтар кездеседі. Олар өзінен гөрі өзгенің қоғамның қамын ойлап, халықтың жоғын жоқтап, ауыз бірлігін сақтаған. Елдің тыныш өмір сүруі үшін сыртқы жаулардан кең байтақ жерді қорғап қалған. Осындай аты аңызға айналған батырдың бірі Сартай батыр. Ол кіші жүздің шекті руының ішіндегі Жақайым аталығынан шыққан.
Оның 1727 жылы Ұлытауды Жоңғарлардан босату үшін болған негізгі шайқаста кіші жүз сардарларының қатарында мың баланы бастап барып, үлкен ерлік көрсетіп жауды жеңуге үлкен үлес қосқаны туралы аңыз баршаға аян. Отанға, туған жерге, халқына деген сүйіспеншілігі ұрпаққа үлгі, өнеге болып келді.
Мұндай жаны таза, Алланың ісіне риза болып кеткен адал пендесінің артын жаратқан жақсылыққа жалғастырды. Міне, дербес егеменді Қазақстан елі болғанымызға да 30 жылдан асты. Осындай бабаларының аманатын адал атқарған ұрпақтары бүгінде Қазақстанды гүлдендіріп әлемге танытуда. Әруақтарды сыйлап, еске алып жер-жерде ас беріліп, тарихтан орын алып беруде. Тіпті, Сартай батырға арналған көркем фильм түсіріліп, әлемге атын шығарды. Ақтөбеліктер тоғыз жолдың торабынан жер алып, мың бала бастаған Сартай батырға ескерткіш салуда. Жақында Ақтөбе қаласының орталық көшелерінің біріне Сартай батыр бабаның аты берілді. Қазалы ауданынан арнайы өкілдер барып, іс-шараға қатыстық. Енді міне, Байжан би баласы Сартай батыр бабаның туған жеріде мәңгілікте жатқан жері де Қазалы ауданы Әйтеке бидің ұсынысымен үш жүзге пір болған сопы азиз Мүсірәлі қожаның бел баласы алты әлімнің пірі болған Қосым қожа тұран жолбарысы аталған Жалаңтөс Баһхадүр немересі Дәулет бақсы жерленген, Әйтеке бидің бел баласы Өтебас бидің жатқан жеріне жерленген.
Міне сондай елжандылығымен елін жерін ұрпағын жаудан қорғаған мың баланың басын қосып басшы болып кіші жүздің сарбаздарына қосылып жерін жаудан, елін даудан қорғаған. Кіші жүз әлім, Жақайымның Асаны Байжан би ұлы Сартай батыр бастап барған.
«Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, Сартай батырдың тікелей ұрпағы Орал қаласынан келген кәсіпкер Бауыржан Байжанұлы бабаның басын жаңартып, Иранның ақ кірпішімен зәулім еңселі көркем айшықпен жарқыратып игі іс жасады. Көгалдандыру мақсатында 250 метр тереңдікте 29 млн теңгеге скважина бұрғылатып жер астынан емдік қасиеті бар тұщы су шығарып берді. Бұған дейін, Сартай атты миниралды суын Орал қаласында шығарып елге таратуда.
Бауыржан бастап Қазалының Жақайым балалары қоштап, Сартай бабаға ас беруді қолға алып елге жариялады.
Сартай бабаға деген елдің ынта-ықыласының зор болғаны сонша қызыл құмның қымқиғаш жолдарынан ағылып келіп машиналардан түсіп жатқан үлкенді-кішілі азаматтар бір-бірімен амандасып, шүйіркелесіп болғасын үш жүзге пір болған сопы азиз Мүсірәлі Қожаның бел баласы Қосым қожа, Жалаңтөс Баһадүр бабаның немересі әулие Даулет бақсымен қатар жатқан Сартай батырдың басына барып «ауыр топырағың жеңіл болсын, орының пейіштің төрінде болсын деп» жиналып құран оқытты. Қоршалған бейіттен 250 шақырым жердегі тілеухана алаңында төселген көркем төсеніш кілемдер үлкен-үлкен ағаш үйлермен палаткалар тігілген алаңда айнала сапқа бірнеше қатардан тікесінен тік тұрған халық бабаға деген ықыластарына алғыс айтудан басталды. Жиынды ашып болған соң бірінші сөз аудан әкімі Мұхтар Оразбаевқа берілді. Кезекпен Атырау, Маңғыстау Ақтөбе, Орал, Қызылорда, Алматы, Арал, Қармақшы, Қазалы өкілдері бабаға арнап сөз сөйледі. Ауданның имамы Берік қажы Сүлейменұлы құран оқып, бата берді.
Дастархан үстінде сөз сөйлеу жалғасып кезекпен тілектер айтылып жұртшылық бір-бірімен танысып жаңа достар тауып жатты. Садақа беріліп аталықтар таратылып қонақтарға сый-сыйапат тапсырылып бата алып, бір-бірімен құшақтасып «Құдайым енді бізді қуанышта қауыштырғай» деп бірін-бірі қимай тарасып жатты. Айналаны жинап, үй жайларды иесіне тапсырып қайтарсыңдар деп балаларға бата беріп бізде тұла бойымыз жеңілдегендей болып үйімізге тарқастық.
Көптеген жарым жандарға көмек беріп жүрген Бауыржанға «Көгеріп көктегейсің, басыңнан бақ кетпей біздің мақтанышымыз болып аман жүргейсің» деп тілейміз.
Сартай барлық қазаққа ортақ батыр. Жаңа Қазақстанның ұрпақтарына Сартай батырдың отан сүйгіштік қасиеті мен адалдығы жұғысты болсын .
Бауыржандай еңбекқор, жомарт қолды, текті, елдің қамын ойлайтын, келешекте әр уақытта үлкендерді сыйлайтын жастарымыз көп болсын дегім келеді.
Сол қағиданы ұстанған бабаға тынымсыз еңбек еткен жетпіс бес шақырым жердің қиындығына қарамай барлық тіршілігін тастап бабаны сыйлап басына барып, қаншама күн қызмет жасап жүрген Ибайдулла Тілеп бастаған, оны қостап жүрген Уалихан, Нұрлыбек, Еркін, Ерболат қаржының жетпес жерін қосымша 100 мыңдап қалтасынан салған. Бекетай, күн түн дастархан жайып жүрген келіндер мен елдің басшыларына адал ниетімен ақ пейілімді білдіріп жалпы жамағатқа газет арқылы алғыс айтуды жөн көрдім. Әрқашанда аузымыз бір болып, бір-бірімізге адамгершілік қасиетіміз арта берсін. Тіл көзден аман болып, ортамыз толып, ырзық-несібеміз көбейе берсін!
Жақайым әулетінің Сартай батыр бабаға деген ыстық ықыласымен бүкіл халықтың жасаған қызметтері Алладан қайтсын. Бабаның әруағы әрқашан баршамызды желеп-жебеп жүргей.
Оразғали БЕКБАНОВ,
Қазалы аудандық ардагерлер
кеңесінің төрағасы