Саңырауқұлақ өсіру – тиімді кәсіп
Солтүстікқазақстандық кәсіпкер саңырауқұлақ өсіріуді тиімді табыс көзіне айналдырып отыр. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 3 миллион теңге қаржы алған Ольга Султанова қазір саңырауқұлақ өсірудің түрлі технологиясын меңгеруде, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.
Саңырауқұлақтың бағасы картоп, қырыққабат, қияр сынды тағы басқа көкөністердің құнынан әлдеқайда қымбат. Осыны есепке алған кәсіпкер Ольга Султанова саңырауқұлақ өсіру технологиясын меңгеруді жөн санапты. Қазір іскер әйел аядай ғана ғимаратта саңырауқұлақ өсіріп, нәпақасын тауып отыр.
«Саңырауқұлақ өсіруді қаңтар айының соңында бастадық. «Вешенка» сұрыпты саңырауқұлақтар 21 күн ішінде өсіп жетіледі. Бастапқы 2 айда 3 рет өнім алдық. Табысты бизнес екеніне көзім жетті. Жоспар бойынша 1 жыл 6 айдың ішінде кәсіпке салған қаражат ақталады. Одан кейін таза табысқа шығамыз деген ниеттеміз. Саңырауқұлақтың басқа да түрлерін өсіруді меңгеріп жүрмін. Қандай да бір нәтижеге қол жеткізу үшін аянбай еңбек ету керек. Өзім Ғ.Мүсірепов ауданында тұрамын. «Жұмыс жоқ» деп қарап отырғанша, осындай сирек кәсіпті меңгеріп көрген дұрыс деп ойлаймын», - дейді кәсіпкер Ольга Султанова.
Үлкен жер телімі мен бастапқы капиталы жоқ фермерлер үшін «вешенка» сұрыпты саңырауқұлағын өндіру – таптырмас технология. Оларды бөлмеде де өсіруге де болады. Ольга Султанованың айтуынша, «вешенка» саңырауқұлақтарын өсіру технологиясы қиын емес. Саңырауқұлақтың өсіп-өнуіне арналған қоспа әзірлеу қажет. Оны дайындау үшін туралған сабанды ыстық суға буландырып, суығаннан кейін полиэтилен қабына салып, саңырауқұлақ тұқымымен араластырады. Саңырауқұлақ сілтілі топырақта жақсы дамитын болғандықтан, оған сөндірілген әктас қосып өсіреді. Осы қоспаның барлығы қапқа салынып, арнайы бөренелерге ілінеді. Бөлмеде тиісті ауа температурасы да сақталуы тиіс. Кәсіпкер тұқымды қажеттілігіне қарай Алматы қаласынан тапсырыспен алдыртады екен. 1 келі тұқым орта есеппен 1000 теңге тұрады. Іскер әйел саңырауқұлақтың келісін 900 теңгеден саудалайды. Кәсіпкердің айтуынша, Ғ.Мүсірепов ауданында мұндай іспен айналысатындар жоқ. Ол өз өнімін болашақта Солтүстік Қазақстанның басқа да елді-мекендерінде саудаламақ ниетте.
«Арнайы қапқа топырақ, қажетті тыңайтқыштар салып, кейін қапты тесіп шыққан саңырауқұлақты кесіп аламыз. Өнім алынғаннан кейін қаптарды тазартып, жаңадан отырғызу керек. Қуыруға, пісіріп жеуге болады. Жеңсік асты ауыл тұрғындары қуана сатып алады. Бұрын мұның бәрін орман жағалап жинаса, қазір еш қорқынышсыз жергілікті өнімді тұтынамыз. Өнімге толық кепілдік бар», - дейді кәсіпкер.
«Ольганың саңырауқұлақтарын жиі аламыз. Ақпан айында мұндай өнім біз үшін тіпті таңсық ас болды. Дәмі тіл үйіреді. Оның құрамындағы дәрумендерді айтсаңызшы. Адам ағзасына пайдалы. Шынымды айтсам, ауылда тұрып, осындай кәсіппен айналысуға болатындығын ойламаппын», - дейді тұтынушы Валентина Гладкова.
Жас кәсіпкердің айтуынша, бизнесті бастаудағы ең басты қиындық – алғашқы қадам жасау. Дегенмен, мемлекет ұсынған көмектің арқасында бірегей идея жүзеге асырылып, бүгін жемісін беруде.