Білімнің бастауы – балабақша
Балабақша – білім мен әлеуметтік ортаға бейімделудің алғашқы сатысы. Бұнда бала өзіндік әлеуетін байқап, өзінің күш-жігеріне сеніп, іс-әрекетте табысқа жетуді үйренеді. Бала дамуының іргетасы қаланып, тұлғаның «Мені» қалыптаса бастайтын орданың бірі – «Жансая» жеке балабақшасы.
Әйтеке би кентінде орналасқан «Жансая» жеке балабақшасы 1 қабатты ыңғайланған жобада салынған, материалдық-техникалық базасы заман талабына сай жабдықталған. Су орталықтандырылған, жылу жүйесі, кәріз жүйелері автономды. Балабақша өрт-дабыл қондырғылары және бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Балабақшаны он жылдан аса уақыт Шакизада Имандосова басқарды.
Балабақша Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі бекіткен Қазақстан Республикасы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты үлгілік оқу жоспарын және Қазақстан Республикасы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасын басшылыққа ала жұмыс жасайды. Үлгілік оқу бағдарламасына сәйкес баланың өмірін қорғауды және денсаулығын нығайтуды қамтамасыз ететін әр жас топтарының ерекшеліктеріне сәйкес қойылатын талаптарды сақтай отырып пәндік-кеңістіктік дамытушы орталықтар құрылып жасақталған. Әрбір топ жеке ойын, жатын бөлмелермен, жұмсақ және қатты жиһаздармен, қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Топтарда бала өмірін ұйымдастыруды қамтамасыз ететін пәндік дамытушы орталықтар ұйымдастырылған. Санитарлық-гигиеналық талаптар сақталған, тазарту, жуу залалсыздандыруға қажетті құралдармен қамтамасыз етілген. Баланың жас ерекшелігіне сай топтарда орнатылған іс-әрекетке арналған көрнекілік құралдары көздің жауын алады.
– Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы негізінде баланың жас ерекшеліктеріне байланысты мақсатты бағыттары бар тараулардан тұратын «Физикалық қасиеттерді дамыту», «Коммуникативтік дағдыларды қамту», «Танымдық және зияткерлік дағдыларды дамыту», «Шығармашылық дағдыларын, зерттеу іс-әрекетін дамыту», «Әлеуметтік-эмоционалды дағдыларды қалыптастыру» кіріктіру арқылы жүргізіледі. Сонымен қатар әр топқа теледидар қойдық. Тәрбиешілерді жаңашылдық білім сапасын дамытуда, балалардың ой-өрісін арттыруда «Сиқырлы қалам», «Дана» желілес дыбысты кітаптар, «Ақылды қоян», «Развлечение и изучение» электронды оқулықтарын қолданамыз. Балаларға арналған халық ертегілері, ақын-жазушыларының ертегі-аңыздары, танымдық және электронды кітаптармен қамтамасыз етілген. Тәрбиешілерде өз тобының жас ерекшелігіне арналған әдістемелік құралдармен, бағдарламалармен, міндетті білім беру стандартымен және балаларға арналған ертегі кітаптарды пайдаланамыз, – дейді балабақша меңгерушісі.
Ата-аналардың айтуынша, балабақша мен ата-аналар арасында байланыс жақсы жолға қойылған. Топтық жиналыстарда ата-аналарға тәрбиешілер, психолог, әдіскер, медбике түрлі консультациялар беріп отырды. Мекемеде балалардың қауіпсіздігі үшін төрт бейнебақылау орнатылған. Балабақша педагогтары мектепке дейінгі білім беру стандарты бойынша мектепке дейінгі тәрбиемен педагогикалық үрдісті ұйымдастыруда жаңашыл әдіс-тәсілдерді пайдаланады. Жаңа педагогикалық технологияларды пайдаланудың басты мақсаты – оқыту мен тәрбиелеуде инновациялық ойын технологиясының элементтерін пайдалана отырып, жан-жақты, білімді, құзыретті тұлға тәрбиелеу. Осы ретте, ортаңғы топтарда танымдық ойыншықтар, қарапайым пазлдар, зерттеушілік қызығушылығын белсендіретін қозғалмалы ойыншықтар, қимылды ойындарға қажетті құралдар, оның ішінде ірі және ұсақ моториканы дамытатын ойын құралдары, қауіпсіз табиғи материалдардан жасалған ойыншықтар, ойын, театр, серуен, бұрыштары, құрастыруға арналған жинақтар, сурет салуға арналған құралдармен және соған лайық жайлы орындар, қол еңбегіне арналған құралдар мен ойыншықтар, театрландырылған ойынға арналған жинақтар, қуыршақтар, түрлі машиналар, танымдық қызығушылығын жетілдіруге арналған табиғи материалдар,табиғат бұрыштары мен ойын, театр бұрыштары қойылған. Ал ересек топтарда дамытушы модульдер, күрделі пазлдар, құрастырылатын ойыншықтар, сауат ашу, алғашқы математикалық ұғымдарды игеруге ықпал ететін әртүрлі материалдар, баспа әріптері, сөздер, кестелер, үлкен шрифті бар кітаптар, боямақтар,сандары бар оқулықтар, сандары мен әріптері бар үстел үсті ойындары, ребустар, оқу құралдары, балалар энциклопедиялары, ғаламшардың жануарлары мен өсімдіктер әлемі, әртүрлі елдердің адамдарының өмірі туралы иллюстрацияланған басылымдар, балалар журналдары, альбомдар, суреттер мен карточкалар,табиғат бұрыштары мен ойын, театр орталықтары бар.
Балабақшаның педагог-психолог маманы инклюзивті білім беру талаптарын орындау мақсатында тәрбиеленушілердің ерекшеліктерін ескере отырып ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларды анықтап, тізімі жасақталып, жоспары құрылып жұмыстар жүргізілді. Ерекше қажеттілігі бар балалармен психолог, логопед-мамандар жұмыс жасайды. Балалар мен ата-аналарға, педагогтарға психологиялық және түзету жұмыстарын жүргізеді.
Педагогикалық ұжым оқыту-тәрбиелеу жұмыстарының сапасын үнемі жетілдірі отырады. Дамыту орталықтары жабдықталған және санитарлық талаптарға сәйкес. Мектепке дейнгі мекеменің материалды-техникалық базасында балаларды оқытып-тәрбиелеуге арналған кітапханалық қоры, техникалық құралдар мол.
Бүлдіршіндер апайларымен бірге аулаға әсем гүл егіп, көшет отырғызады. Олардың нәзік саусақтары мен тәтті қиялы арқылы салынған суреттер де балабақша төріне ілініп қойылған. Ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен безендірілген қолөнер бұйымдарын да тәрбиеленушілерімен бірлесе отырып, жасап шығады. Бұған ата-аналар дән риза. Олардың сөздерінен балақайларына балалық шақтың бал дәмін сезіндіре білген тәрбиешілерге деген ықыласты анық аңғаруға болады.
– Балалардың бойында қазіргі заман талабына сай креативтілікті, коммуникативтілікті, сыни ойлауды, командада жұмыс істей білуді дамытуға бағытталған әлеуметтік-тұлғалық қасиеттерді қалыптастыруда аянбай, сапалы еңбек ете береміз. Балабақша баланың ақыл-ойы мен білімін жетілдіретін орда. Біздің мақсатымыз – бүлдіршіндерді бүгіннен бастап, білімге құштар болуға баулу, – деп сөз соңын түйіндеді балабақша меңгерушісі Шакизада Имандосова.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА