Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала – бақыт, бала – болашақ

Бала – бақыт, бала – болашақ

Балабақша – білім мен әлеуметтік ортаға бейімделудің алғашқы сатысы. Бұнда бала өзіндік әлеуетін байқап, күш-жігеріне сеніп, іс-әрекетте табысқа жетуді үйренеді. Бала дамуының іргетасы қаланып, тұлғаның «Мені» қалыптаса бастайтын орданың бірі Үрмәш Түктібаев ауылындағы – «Жайна» балабақшасы.
Балабақша ауылдағы №88 мектеп ғимаратына орналасқан, меңгерушісі – Гүлмира Тілеубергенова. Алғаш ашылғаннан бері бұнда екі топта 50 бала тәрбиеленуде. «Айгөлек» ересек тобында 4-5 жастағы, «Балбөбек» ортаңғы тобында 3-4 жастағы бүлдіршіндер тәрбиеленеді. Бала тәрбиесімен 23 қызметкер айналысады. Оның 8-і педагог маман, 15-і техникалық қызметкер.
Балабақша тәрбиеленушілері өнерге де, спортқа да жақын. Білімге де құштар өрендер түрлі байқауларда бақ сынап, жүлдегер атанып жүр. Өткен жылы «Bilimger.kz» білім порталы ұйымдастырған балалар арасындағы «Алтын күз» пейзажы атты көркем сурет байқауында үздік танылып, Нариман Тілектес бірінші орын иеленді. «Erudite» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен «Тәуелсіздік – тәңір сыйы» атты республикалық байқауда сурет номинациясы бойынша Бибінұр Тастайбек I дәрежелі дипломмен марапатталды. Мәртебесі биік ақын – Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған «Бәрі өтеді, дәуірлер, замандар» атты республикалық көркемсөз байқауына қатысып, жырдан шашу шашқан Муслимма Серік екінші орын алып, балабақша ұжымын тағы бір қуантты.
Бойында таланты бар әр баланы баптап, талабын қолдаған тәрбиешілер үнемі ізденіс үстінде жүреді. Білімдерін жетілдіріп, заман талабына сай жан-жақты білімді әрі білікті маман болуды мақсат еткен.
– Барлық білім балабақшадан басталады. Бала бұнда ашылып, көпшіл болуды үйренеді. Ән айтып, би билейді. Тақпақтар жаттап, мерекелік кештерге қатысады. Басқа да шығармашылық жұмыстармен айналысады. Бұның барлығы жас шыбықтың жан-жақты жетілуіне жағдай жасайды. Балалар деңгейіндегі жарыстардың барлығына дерлік қатысуға күш саламыз. Ұл-қызын тапсырған ата-ананың сенімінен шығып, үкілген үмітін ақтау біздің жұмысымыз, – дейді балабақша меңгерушісі Гүлмира Күлімбетқызы
Тәрбие мен білімді тел беретін ордада балалардың бәрі бірдей өнерлі. 16 желтоқсан Тәуелсіздік күніне орай «Тәуелсіз ел Қазақстан» тақырыбында ұйымдастырылған аудандық онлайн сайыста «Менің Қазақстаным» номинациясы бойынша бейнеленген үздік суреттерімен Аяна Бозғұлан үшінші орын иеленген. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Samuryq» өнер-білім орталығының ұйымдастыруымен өткен III республикалық «Анама сыйлық» атты байқауға шәкірт дайындағаны үшін Үміт Жұбанышова Дипломмен марапатталды. «Көкжиек» республикалық білімділер сайтының ұйымдастыруымен өткен «Мен бейбітшілікті таңдаймын» атты оқушылар шығармашылығына арналған сурет байқауында үздік деп танылғаны үшін Айша Қуаныш бірінші орынмен марапатталды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының «Үздік қазақ тілді интернет – сайт сыйлығы» байқауында «Білім бұлағы» аталымының жеңімпазы атанған «Эрудит» интеллектуалды білім сайтының ұйымдастыруымен «Дала ойындары» атты балалар арасында өткен республикалық байқауға балаларды белсенді қатыстырып, білім саласының дамуына үлес қосқаны үшін Гүлшат Тоғаеваға Алғыс хат берілді.
Біз айтқан марапат пен жетістіктер қоржынының бір парасы ғана. Қандай байқау болмасын басы-қасынан табылып, тәрбиеленушілерді топқа қосып жүрген балабақша ұжымы алда да талай асуды бағындырарына сенімді. Бүгінігі күні ауылда балабақшаға кезекте тұрған балалар баршылық. Алайда ғимараттың тарлығынан талай бүлдіршіннің үйінде отыруына тура келіп тұр. «Егіздер ауылы» аталып, республика көлеміне танылған
Ү.Түктібаев ауылында алдағы уақытта балабақша құрылысы басталады деген тұрғындар тілегі бар.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
18 ақпан 2023 ж. 535 0

Сақтық – саулық кепілі

04 мамыр 2024 ж. 69

Маңызды мәжіліс

04 мамыр 2024 ж. 45

Ынтымағы жарасқан

03 мамыр 2024 ж. 78

Қазақ тілі трендте

03 мамыр 2024 ж. 84

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031