Әмеңгерлік әділ шешім бе?
Күндегі уақытта Ырысты апа немересін сабақтан алуға келді. Алдынан шыққан жас мұғалім: «Сәлеметсіз бе, апа. Немереңіз ескертуді ұмытып кеткен болды ғой. Кеше балаларға ертең сабақтан кейін «Алтын күз» мерекесіне дайындаламыз», – деген едім деп қипақтап қалды.
– Жарайды қызым, ештеңе етпейді. Мен күте тұрамын. Асықпаңдар, дайындалыңдар, – деп мектеп жанындағы саябаққа бет алды.
Күз керемет мезгіл. Саябақ іші алтын түске боялған. Қоңыр салқын ауа райы да жанға жылылық сыйлайды. Орындықтардың біріне жайғасқан Ырысты апаның назары қарсы беттегі отырған қыз балаға түсті. Көзі анық көрмесе де, көңіл-күйінің жоқтығын байқады. Зер сала қарап еді, жылап отырған сияқты. Жасы үлкен немересі Айданамен қатар секілді. Бірден «Не болды екен, жанына барып сұрайын» деп орнынан тұруға оқталды да: «Қой не шаруаңыз бар деп сөгіп тастар», – деп қайта отырды. Бірақ ана жүрегі өз-өзін аз уақытқа ғана ұстай алды. Көз алдында егіліп отырған жас қыздың жанына қалай барғанын байқамай да қалды.
– Қызым, не болды? Тыныштық па, қарағым, – деп арқасына қолын қойғаны сол еді, бойжеткен одан әрі егіле берді. Қапелімде асып-сасып, қалай жұбатарын білмей әбігерге түскен Ырысты апаға бойжеткен:
– Апа, неге осы бізде салт-дәстүр деген бар. Соның не керегі бар, – деп мұңға толы жанарымен қадала қарады.
– Айналайын-ау, ата-бабадан аттап қайда барамыз. Әдет-ғұрыпты сақтау, дәстүрді дәріптеу парызымыз ... дей бергені сол еді. Мұңлы бойжеткен:
– Бір-бірін сүйген екі жасты айырған салттың қай жері әділ, – деп күйінді.
Әлі де болса, әңгіменің байыбына бармаған Ырысты апа қызға сұраулы жүзбен қарады. Жан сырын ақтарар жан таппай жабырқаған Жазираның кеудесін мазалаған оқиға былай еді.
Асқар мен Жазира Алматыдағы университеттің бірінде жоғары білім алады. Осыдан үш жыл бұрын бір кеште танысқан жастар бүгінде қос ғашыққа айналған. «Оқуды тамамдаған соң, отбасын құрамыз» деген армандары да жоқ емес. Екеуі де ата-ана, бауырларымен сырттай таныс. Жазира үйдің үлкені. Өзінен кейін інісі мен сіңлісі бар. Ал, Асқар отбасындағы екі ұлдың кенжесі. Ағасы Арман екеуінің арасы бес жас. Төрт жыл бұрын Асқардың отбасында үлкен той болды. Ағасы оқуын бітіре сала, үйленді. Қызым болса, екен деп үнемі армандайтын Асқардың анасы – Гүлзира келіні Сандуғашқа қызындай қарады. Сандуғаш та сыпайы, сүйкімді қылығымен келген әулетін баурап әкетті. Қуаныш еселеніп, ұл мен қыз өмірге келді. Немерелерінің былдырылаған бал тіліне шаттанып, ұлы мен келінінің татулығына шүкіршілік етіп жүрген ата-ана кенеттен ауыр қайғыға душар болды. Үлкендері Арман көлік апатынан көз жұмды. «Тірі адам тірлігін жасайды» деген. Ай артынан ай өтіп, жыл толды. Арманның жылдық асы өткен соң, әулеттің үлкендері Сандуғаштың тым жас екенін айтып, жастайынан жесір қалған жанды жалғызсыратпаған жөн деп шешті. Келінге рұқсатыңды бер немесе қайнысы Арманның әмеңгері болсын деп қолқалады. Сандуғашты да, екі немерені де ешкімге бергісі жоқ ата-ана Арманға іні-қарындасына әке, жеңгесіне жар бол деп айтуға бекінді.
Алғаш естігенде есінен тана жаздаған Арман бірден: «Жоқ, болмайды», – деп қашқақтады. Алайда әкесі де анасы да осыны мақұл көрді. Ағасы қайтқалы ақ жаулығының ұшы құрғамаған анасының бұған қараған жалынышты жанары Арманды тығырыққа тіреді. Бір жағында отбасы, екінші жағында сүйгені. Екі ортада қалған жас жігіттің іші алай-дүлей. Інісі мен қарындасын жанындай жақсы көретіні рас, ағасының жан жары жеңгесіне деген сыйластық сезімі де бөлек. Бірақ...
Жазираға бұл жаңалықты қалай жеткізем деп жүргенде, ауылда әңгіме тарап үлгерді. Араласатын достары арқылы қаладағы сүйіктісінің құлағына да жетті. Бұл жалған деп Арманға хабарласқан Жазира өзі күтпеген жауапты естігенде төбесінен жай түскендей болды. Есі ауысқан адамдай егіліп, көше бойлап жүре берді. Әл-дәрмені таусылып, саябақ орындықтарының біріне отыра қалды. Жан-жағындағы адамдардың ешқайсысын елемей, өкси жылаған Жазираның жанын кім түсінер? Мән-жайды білген Ырысты апа да ештеңе дей алмай тілін тістеді. Жұбатайын десе, аузына сөз түспейді. Қызым, сенікі дұрыс, не бұрыс дей алмады.
Мектептен шығып, саябақ алдына келіп, қол бұлғап тұрған немересін көргенде: «Қарағым, үйіңе қайта ғой. Күзгі желдің ызғары қатты. Ауырып қаласың», – деп орнынан тұрды.
PS:Расында да біз осы бір балам бақытты болсын деп, екі жанның бірдей келешегіне балта шауып жүрген жоқпыз ба? Әмеңгерлік әділ шешім бе? Алпысты алқымдаған ананың ойы сан-саққа жүгірді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА