Таксидегі таныстық
– Жүр, шығайық, есік алдынан такси ұстармыз, – деді қос құрбының бірі.– Қойшы, тұрамыз ба, сол көрінген машинаға қол созып, жалынышты болып. Қазір индрайвер шақыра саламын. Дайындала бер, келдім дегенде төменге түсе қоямыз, – деп екіншісі қалта телефонына үңілді.
– Иә, айтпақшы сол бар екен ғой. Үш жүз теңге деп сала бер. Мен жолдан түсем, сен ғана ғой үйіңе дейін баратын. Бір жерден екінші жерге жету, үш жүз теңге ғой жалпы, – деп әлгінде ғана индрайвердің барын ұмытып кеткен кекілді қыз шегелеп сөйледі.
Бес минутқа жетер-жетпес уақытта буынып-түйініп алған ол: «Не қылды, бар ма такси?» – деп орнынан тұра беріп еді, құрбысы:
– Кішкене күте тұршы, таңдап жатырмын. Бірнешеуі шыққан, бірақ жасы үлкендеу кісілер екен, қабылдамадым, – деп иығына ілген сөмкесін үстел үстіне қойып, өзі орындыққа жайғасты.
– Айтқан ақшамызға келіссе, қабылдай салсаңшы. Күйеу таңдап жатқандай болдың ғой, – деп қағытқан Айсұлуға, Әсел:
– Ой, алдында бір рет солай бірінші шыққан машинаны қабылдап, әуреге түскенмін. Үлкендеу аға екен. Каспий голды жоқ болып шықты. Содан дүкен жағалап жөнімізге кеттік. Не индрайвердегі картаны жөнді білмейді. Таксиге отырғанымды қайтейін, барар жеріме кешігіп, адасып әрең жеткенмін, – деп өкпелей сөйледі. Такси таңдаудағы мәселенің мән-жайын түсінген кекілді қыз үндемеді.
– Келді, кеттік, шығайық, – деп орнынан лезде көтерілген Әселдің соңынан құрбысы Айсұлу қалың кекілін нәзік саусақтарымен саралап жіберіп, жүгіре ерді. Алдын ала келіскендей Айсұлу жолай көше бойынан түсіп қалды. Үйі үлкен көшеге тиіп тұр. Құрбысымен қоштасып, Әсел таксидегі сапарын жалғастырды. Таксист жігітке телефон нөмері арқылы жол ақысын «лақтырып» жіберді. Үйіне жетіп, қоштасқанында таксист жігіт бұған біртүрлі қырық жылдық таныс адамдай, қимастық көзқараспен қарап, жылы шыраймен шығарып салды.
Әселдің жадында жаңағы жігіттің жанары мен «сау болыңыз» деп жымия қараған түрі жатталып қалды. Әйтсе де «Бір көрген қызға, сонша сұқтанып қарағаны несі. Өзінің есі дұрыс па?» деп өз ойынан өзі селк етті. Келе сала кешкі астың қамына кірісіп кеткен ол арада бірнеше сағат өткенде ұялы телефонын қолына алды. Ватсап желісінен бейтаныс нөмірден «Менің есімім Айдар. Танысуға қалай қарайсыз? Бағана айтуға бата алмадым» деген үш сөйлемнен тұратын хабарлама келіп тұр. Суретінен такист жігітті таныды. «Иә, болады» деп жазды да хабарламаны жібермей, қайта өшірді. «Қой, ләппайға зар болып отырғандай көрінбейін. Кішкене күтсін. Ертең жауап беремін» деп жымиып қойды. Таңертеңнен жігіттен хабарлама күтіп жүр. Қас қылғандай кешегі үш сөйлемнен кейін ол үндемеді. Кешегі сұраққа бүгін жауап беруді жөн санамаған Әсел іштей:
«Кеше жауап жаза салуым керек еді» – деп қынжылып қалды. Десе де қыздық намысы қысып: «Шын танысқысы келсе, тағы жазар. Хабарламасын тағатсыздана күтетіндей маған не болды?» деп телефонын жұмыс үстелінің бір шетіне итере салды. Дәл осы сәтте телефоны тың-тың ете қалды. Ашып қарады, «Сәлем, қалайсыз? Жұмысқа келдіңіз бе? Күніңіз сәтті өтсін!» Кешегі нөмірден тағы үш сөйлем. Бұл жолы Әсел жауап жазуды кейінге қалдырмады. Екеуі ескі таныстарша еркін араласып кетті. Айдар жұмыстан кейін құрбысы екеуін жиі жеткізіп салатын болды. Айсұлу да Әселдің такси таңдағанда түр-әлпетіне, жас шамасына ыждаһаттылықпен қарайтынының мәнін енді түсінгендей. Құрбысы үшін ол да қуанышты.
Таныса келе, Айдар бір мектепте мұғалім болып шықты. Жұмыстан бос уақытында такси бола жүріп танысқан Әселмен тағдыры тоғысып, тура бір жылдан кейін отбасын құрды. Тойға ұласқан таныстық күнін екеуі ешқашан естен шығарған емес.
Ұ.ЕРБОЛҚЫЗЫ