Ермексаз
Мектептің кең дәлізінің кіреберісі. Қаз-қатар қойылған орындықтар. Жасы бар, жасамысы бар, қария, кейуанасы бар сол орындықтарда тізіліп отыр. Түрегеліп тұрғандары да жолығады. Кейбіреуі бір-бірімен шүйіркелессе, біреулері ұялы телефонға шұқшияды.
Домбырадан төгілген күй отырғандарды елең еткізді. Бұл мектепте қоңырау орнына күй орындалады екен. Бәрі мектеп дәлізінің екінші басынан көрінген сарыауыз балапандарша апайының ізіне ерген бүлдіршіндерге мойын бұрып, орындарынан тұра бастады. Әке-шешесін, ата-әжесін көрген оқушылардың жамырай жүгіргені ауылдағы енесіне ұмсынған төлдердің жамырағанын еріксіз есіңе түсіреді.
Біреулері немерелерінің, біреулері балаларының әрең көтеріп жеткен сөмкелерін алып, сырт киімдерін қымтап жатыр. Олар бірін-бірі тыңдамай, жарыса сөйлейді.
Сәлден кейін бір-екі кейуана мен екі үш ата-ана ғана қалды. Осы кезде орта жастағы, жылы жүзді мұғалім бір қыз баланы екі апаның жанына отырғызып:
– Лаура, сен әжелердің жанында отыра тұр. Қазір мамаңа хабарласып, неге кешіккенін білейін, – деді.
Әжелердің көзі Лаураның бойымен бірдей сөмкесіне түсіп:
– Ой, заман-ай, енеміз, шешеміз «Отағасының ер-тұрманын көтерісіп жүруге жазғай» дейтін біз «бірінші сыныпқа баратын немеренің сөмкесін көтеруге жарасақ» деп отырғанымыз мынау, – деді.
– Айтпа, замандас. Мына баланың сөмкесі өзінен үлкен. Кітап шығарып жатқандарға не жорық. Кітап ауыр болған сайын, білім алу жеңіл болады деп ойлай ма екен? Біздің кезімізде бірінші класты әліппе, ана тілі, бес-алты дәптермен-ақ оқып едік. Сонда да біліміміз ешкімнен кем болған жоқ еді...
Тағы да күмбірлеген күй төгілді. Тағы да абыр-сабыр басталды. Бұл қазақ мектебі аталғанымен, балалар қазақша оқығанымен әке-шешелерімен орысша шүйіркелеседі. Жаңағы екі кейуана ғана немерелерімен қазақша сөйлесуде. Біреуі шыдамай:
– Айналайындар-ау, ең болмаса мектепте балаларыңа қазақша сөйлесеңдерші десе, екіншісі:
– Замандас, осыған да шүкір. Әйтеуір, беттері бері қарап келеді ғой, – деді.
Оны тыңдап жатқан да адам жоқ. Абыр-сабыр, шүлдір-шүлдір ұзаңқырап барып басылды.
Орындықта отырғандар сиреді. Орнынан қозғалмаған Лаура ғана. Абыр-дабырға да көңіл бөлмеді. Сабақтың үстінде он отырып, он тұратын Лаураға мүлдем ұқсамайды. Ересек адамдарша ойға шомған.
Бүгін қырсық шалған күн болды. Ертеңгісін үйдегі есіктің безілдеген қоңырауынан оянды. Қасында жататын әжесі диванда отыр екен. Ақ халатты апа келіп әжесінің қан қысымын өлшей бастағанда ғана ұйқысы ашылды. Анасымен сөйлескен жедел жәрдем дәрігері әжесін ауруханаға алып кететін болды. Ананы-мынаны жинастырып жүргенде бұның мектепке баратын уақыты да таяп қалды. Анасы мектепке апарып тастап, жұмысқа барар жолда ауруханаға, әжесіне бармақшы болып такси шақырды. Такси сыртқа шығып біраз күткеннен кейін келді. Мектептің алдынан түсе сала ауыр сөмкесін мықшыңдай көтеріп, киімдерін ауыстырып, сыныпқа кіргенде сабақ басталып кеткен екен. Тақта алдында тұрған басқа мұғалім.
– Сабақтың қай уақытта басталатынын білмейсің бе? – деді түсін суытып.
Ол да Лаураның ашуын келтірді. Үндеместен сөмкесін сүйретіп, орнына барып отырды.
– Неге сөйлемейсің? – деді мұғалім. Бұл апайға ештеңе айтқысы келмеді. Айхан Ахметқызы болса айтар еді. Ол кісі бәрін түсінетін. Қырсық шалғанда бүгін апайының да болмауын қарашы.
Үндемей сұп-сұр болып, сазарып отырған қыз балаға қараған мұғалімнің есіне жаңа мұғалімдер бөлмесіндегі Айхан Ахметқызының «сыныпта мінезі ауыр екі-үш оқушы бар. Бір күн амалда, ертең өзім келемін ғой», – деген ескертпесі түсіп, сабақты бастап кетті.
Соңғы сабаққа дейін Лаура да сабасына түскендей еді. Еңбек сабағында тағы қырсық шалды. Бар бәле ермексаздан басталды. Баттасып, домаланып қатып қалған оған Лаураның нәзік саусақтарының әлі келмеді. Ештеңе жасамай отырған қызға жақын келген апайы:
– Неге жұмыс жасамай отырсың? – деді.
– Ермексазым қатты болып отыр.
– Мынау да ермексаз ба? Қатып қалған бірдеңе ғой...
– Мамам жаңасын әкеліп беретін болған. Кеше жұмыстан кеш қайтып, дүкенге үлгере алмапты.
– Мамаң жұмыста болса, әкеңе айтпадың ба?
Лаура үндемеді. Сол кезде алдында отырған ақсары қыз апайға қарап:
– Апай, оның әкесі жоқ. Ол «несчастная сиротка ғой», – деп алдына қарай бергенде, домаланған ермексазын іздеп сөмкесінен шығарып қойған кітаптарды қолына алған Лаура қыздың басына періп қалды. Партаға беті тиген оның мұрны қанады. Мұрнын бет орамалымен сүрткен апай қызды жетектей сыныптан шығып кетті. Сынып тып-тыныш. Лаураға құптай қарағандар да, аянышпен қарағандар да үнсіз. Сынып есігі ашылып балаларға таныс, бастауыш сыныпқа қарайтын мектеп директорының орынбасары Жамал Абайқызы сабақ беретін апаймен бірге кірді. Әлі орнында түрегеліп тұрған Лаураға:
– Атың кім? – деді еріп келген Жамал апай.
– Лаура.
– Ана баланы неге ұрдың?
– «Несчастная сиротка» деген соң...
Келген апай мұғалімге қарады. Мұғалім Лаураға қолындағы қан жұққан бет орамалды беріп, алдыңғы партаға жұққан қанды көрсетіп «сүрт» деді. Лаура «өзі сүртсін» деп тұра берді. Мұғалім қол орамалды Лаураның алдына тастап: «Айтқанды неге істемейсің. Әлде мен сүртуім керек пе?» – деп бұйырды. Ашудан жарылардай болып тұрған мұғалімге жақтырмай қараған Жамал түсі бұзылып, сұп-сұр болып, жыларман күйде тұрған қызға:
– Лаура, айналайын, кітаптарыңды жинап жүре ғой, – деп қолынан жетектеп, екеуі сыныптан шығып кетті. Сәл-пәл тартыншақтағанымен қарсыласа қоймаған қыз директор орынбасарының кабинетіне келгесін де сазарып, бедірейіп тұрды. Орнына отырып, қағаздарын жинастырған Жамал қасына шақырып мейірімді үнмен:
– Лаура, айналайын, түсіндіріп айтшы... – дегенде ғана көңілі босаған қыз мұрнын тартып жіберіп, екі көзінен жас парлап, өксіп қоя берді. Жамал апайдың қолында тұрған домалақ ермексазды көріп:
– Мына ермексазды көрген апай неге басқа ермексаз әкелмегенімді сұрады. Мамамның жұмыстан кеш қайтып, ермексаз ала алмағанын айттым. Апай: «Папаң неге алып бермеді?» – дегенде әлгі қыз: «Әкесі жоқ, несчастная сиротка», – деді. Сол сәтте кітаппен басынан ұрдым. Мұрны қанады. Ол неге маған олай деп айтады.? Папам жоғына мен кінәлімін бе? – деп егіліп жылап жіберді.
Баланы бауырына басқан Жамал апай мамасының телефонын сұрады. Бұл білмейтінін айтты.Ұялы телефонмен сынып журналындағы мамасының телефонын сұрап білді. Сосын екі әженің қасына отырғызып, мамасымен хабарласуға кеткен.
Лаура осы үлкен қала – Астанаға келгенше «папасы жоқ болған қандай жақсы» деп ойлайтын. Өйткені есін білгелі шағын қалада мамасының бауыры Марат ағаның жер үйінде әжесі бәрі бірге тұрды. Марат ағаның ұл-қыздары бұдан екі-үш жас үлкен болатын. Ойыншықтары да, жейтін тәттілері де көп. Олармен жиі таласатын. Сондай кезде әжесі: «Лаураны ренжітпеңдер, папасы жоқ қой. Сендердің папаларың бар ертең тағы әкеледі» дейтін. Төбелесіп, жылатып қойғандары әжесінен, болмаса папаларынан таяқ жейтін. Ешкім бетінен қақпайтын. Айтқанын орындататын. Папасы бар аға-апалары олай еркелей алмайтын.
Мамасының жұмысымен осы қалаға келді. Биік үйлердің бірінде пәтерлері де бар. Ал мектепте оқығалы папасы болмағаны жақсы емес екенін көріп жүр. Балаларды бірде папасы, бірде мамалары әкеліп, алып кетеді. Папалары алып берген заттарын көрсетіп мақтанатындар да, «папама айтсам маған да алып береді» деп олардан қалыспайтындар да бар. Папасы болса, мамасы жалғыз өзі жұмыс жасап шаршамас еді. Кешегідей мамасы кешіккенде, папасы ермексаздың неше түрін алып берер еді-ау...
Есіне көршідегі өзінен бір жас үлкен Асқардың үйіне барғаны түсті. Төрде ілулі тұрған үлкен суретті көрсетіп «менің папам» деді. Бұның «папаң қайда?» деген сұрағына мұңая тұрып «қайтыс болды» деді. Бұл:
– Менің папам ұзақ сапарға кеткен, – деді. Асқар сәл ойланып тұрып:
– Өткенде үйге келген бір апайлар «сендерді папалары тастап кеткен» деп айтып еді, менің мамам оларға ұрысып тастады, – деген. «Тастап кеткен...». Бұданда кішкентай кезінде жерде жатқан бірдеңелерді қолына ұстай қалса әжесі де, мамасы да «ол жаман нәрсе алма, тастап кет» дейтін. Сонда мамасы мен екеуі жаман болғаны ма?!.. Папасы неге тастап кеткен?!
Мамасы жұмыстан келген соң: «Қайтыс болған адам енді келмейді ғой, мама? Ал ұзақ сапарға кеткен адам келеді, иә», – деп сұраған. Анасы үндемеді. Мамасының мұңды жүзіне қарап тілінің ұшында тұрған «Тастап кеткен папалар ше?» деген сұрақты қоя алмаған.
– Лаура, күтіп қалдың ба?
Кешігіп келген анасы үнсіз отырған қызын құшақтай алды.
Осы кезде қарсы бөлмеден шыққан Жамал Абайқызы анасын құшақтаған Лаураны көрді. Қыздың жанарында мөлтілдеген жас тұрғанын байқады.
Ермексазды бермекші болып ұмтылған ол Лаура ұстаған қағаз қорапты көрді де қолындағысына қарады. Манағы қатты ермексаз алақан жылуымен жұмсарып қалған екен.
Ең әрісі ермексазға дейін бір жылулыққа зәру екені ойына еріксіз оралды.

Құдайберген ЕСЕКЕЙ,
Әйтеке би кенті
Әйтеке би кенті