Ақпарат ақ парақ емес
Иә, әлемде мамандық көп. Бірақ осы салада жүріп, барлық мамандықтың кейпіне ендік. Өрт сөндіруші, полицей, дәрігер, санақшы, сарапшы, қоғамдық қызметкер, тіпті төрт түліктің тілін меңгерген малшы да болып көрдік. Болып қана қоймай, әр қызметтегі кездесер қиындықты, қызықты көпке жеткізе білдік. Жақсылықтың жанашыры, жаңалықтың жаршысы болдық. Ойымыз толысты. Аңдап қадам басуды, ақылмен шешуді, естіген емес, көрген дүниеге сенуді, жалғандыққа жол бермеуді бойға жидық. Біршама журналистік зерттеулер жаздық. Көп жазыла бермейтін детектив, триллер, мистика, фэнтэзи жанрларын қайта жаңғырттық. Әлеуметтік желінің әлеуетін арттырып, көптеген ой қозғадық. Мұның бәрі бір жалақы үшін жасалып жатқан дүние емес. Сөз қадірін білетін жанға тұщымды пікір мен ұлттық құндылықты, тіл мен ділді, дінді, салт-дәстүрді дәріптеу. Келер ұрпаққа тарихтан толғам жасап, рухани азық беру. Біздегі миссия осы.
«Журналистің арқалағаны алтын, жегені жантақ» демекші, елдің бәрінен бірдей алғыс ала бермейміз. Сонда да өзімізді қамшылап, алға қарай талпынып, оқырманнан оң пікір, сүйіспеншілік алуға еңбек ете бермекпіз.
Біздің әр күніміз шығармашылық ізденіспен, зерделі зерттеумен, жаңа таныстықпен өтуде. Журналистиканың қазанында қайнап келеміз. Әлі де талай мақалаларымыз баспа бетінен жарық көріп, оқырман жүрегіне жол табады деп сенеміз. Шыққаны бір күндік болғанымен айтары жүз жылдық, тәлімі мың жылдық қоғам дертін тамыршыдай дөп басқан қазақ басылымдары тура жолдан таймапты. Таймайды да!
Аудан айнасына айналған аудандық газетіміз аптасына екі мәрте басылып, қалың оқырманға ұсынып отыр. Дайын күйінде үй жәшігіне салынудан бұрын басылымға материалдың жиылуы, терілуі әрі беттелуі мен әрленіп, дизайнерлік жағынан көркемделуі тұтас жұмыс үрдісінен тұрады. Тілшілік тіршіліктегі жұмыс та қайнаған қазандай. Осы уақыт аралығында біз бастан не өткердік?
Газет журналистері Кеңес үкіметі тұсында мақаланы қолмен жазып, терімшілер машинкаға теретін. Бұл журналист үшін де, газет беттеушілер үшін де көп қиындық тудыратын. Компьютер жүйесі алғаш рет қолданысқа енген тұс. Бұл газет шығару ісін жеделдете түскені рас. Дегенмен қазіргідей адам басына бір-бір компьютерден қайдан болсын. Бет істеуге, терімшіге арналған біреуі ғана. Қолжазба күйінде келген барлық мақаланы бір адам жүйеге теріп отырады. Қанша уақыт? Газет шығатын күні талай таң атып, кеш батқанын сезбеген қызметкерлер ертеңі қолына қайта қалам мен қойын дәптерін ұстап тіршілігіне кірісетін. Ал қазір заман дамыды, техника көбейді. Бұрынғыдай ақ қағазбен сырласатын уақыт жоқ. Материал әзірлерде бірден компьютермен жазып, дайын күйінде газетке беріп отырады. Айтуға оңай, бір мақаланың өзіндік шығу тарихы бар. Оны бірі білсе, бірі білмейді. Біздікі – қызығы мен шыжығы мол мамандық қой.
Біз әмбебап боламыз. Бірде – дәрігер, бірде – полицей, енді бірде – кәсіпкер. Кейде қоғамдық жұмысқа жегіліп, бір күндік қызметімізді әртүрлі салаға арнаймыз. Мәлімет жинау бір бөлек те, одан алған әсеріңді қағазға түсіру бір бөлек. Әрбір сөздің ұйқасына мән бересің, қате жібермеуге, боямасыз дүние жазуға талпынасың. Мақала дайын болғанда бас редактордың алдына барады. Алдымен редактордың жариялауға рұқсаты беріледі, тексеріледі. Одан соң редакцияның саралқасында сұрыпталып, арнайы тақырыптарға топтастырылып, мазмұндық деңгейіне қарай орналасу реті көрсетілген материалға байланысты газеттің макеті құрастырылады. Сосын барып беттеуші-дизайнер жиналған мақалаларды мазмұны мен ерекшелігіне қарай сәндеп, айдарын тақырыбымен бет-беттерге қойып, рет-ретпен орналастырады. Беттердің жобасы дайын болғанда тілшілер алма-кезек оқып, қатесін шығарады. Үлкендердің «Қате деген ұры болады, байқас болу керек» деген сөзі құлаққа әбден құйылған. Сенімді ақтау үшін көз майымызды тауысып, әр әріпті санап шығамыз. Техниканың аты техника ғой. Кейде аяқасты істен шығатыны бар. Ондайда барлық жұмыс зая кетіп, қайтадан газет бетін беттейтін кездер кезігеді. Солай үйге түн жарымда әрең жетеміз. Қош. Газет толық дайын болғанда облысқа жібереміз. Сол жақта түні бойы типографияда басылып, ертеңі қалың оқырманға жол тартады. Оның әр үйге уақытылы жетуіне арнайы мамандар жасақталған. Таратушылар өзіне бекітілген көшеге апарып, әр үйге таратып шығады. Кейде үй алдында жоқ жәшік пен қабаған иттің арпылынан газеттің жетуі кешігеді. Ондайда түсінушілік танытатын оқырманның барына қуанамыз. Иә, әрбір үйдің төрінде тұратын төл басылым осылайша сіздерге жол тартады.
19 маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев медиасарапшылар мен журналистер сынаған “Масс-медиа туралы” заңға қол қойды. Баспасөз құқығын қорғаушылар заңдағы өзгерістер қабылданса, мемлекет БАҚ-қа бақылауын одан сайын күшейтуі мүмкін деп алаңдаған.Жаңа заңға сәйкес, “масс-медиаға” бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) ғана емес, интернет-ресурстар да жатады. “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” және “Телерадио хабарларын тарату туралы” заңдар күшін жояды.”Масс-медиа туралы” заң бойынша, азаматтар ақпарат құралдарынан жалған ақпарат немесе ар-намысына нұқсан келтіретін ақпаратты терістеуді материал жарық көрген сәттен бастап бір жыл ішінде (бұған дейін үш жыл болды) ғана талап ете алады. Ал редакция сауалдарын қарау бес жұмыс күнінен (бұған дейін жеті күн болған) аспауға тиіс. Заңда Қазақстан сыртқы істер министрлігі “Қазақстан заңына сай, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдіктері мен журналистерін аккредиттеуден бас тартуға құқылы” деп көрсетілген бөлігі баспасөз құқығын қорғаушыларды алаңдатқан. Заң жобасы парламент қарауында жатқанда бірнеше депутат билік шетелдік БАҚ-ты “ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді” деп тапса, сыртқы істер министрлігі оған және журналистеріне аккредитация беруден бас тарта алады деген өзгеріс енгізуді ұсынған. Кейін бұл бөлігін өзгертіп, жоба мәтінінен “ұлттық қауіпсіздікке қатер” туралы сөзді алып тастады.
Жаңа заңға сәйкес, қазақ тіліндегі теле-радиобағдарламалардың апта сайынғы көлемі 2027 жылға қарай кезең-кезеңімен 50-ден 60 пайызға дейін көтеріледі. Ал теле-радиоэфирдегі шетелдік теле-радиохабарларды кезең-кезеңімен 20-дан 10 пайызға дейін азайтады.
Ақпарат министрлігі масс-медиаға “қоғамның адамгершілік дамуына зиян келтіру және жалпыадамзаттық, мәдени, ұлттық және отбасылық құндылықтардың бұзылуына қатысты” мониторинг жүргізе алады.
БАҚ қызметіне өзін-өзі реттеуге, медиа саланы дамытуға мүмкіндік беру мақсатында ерікті негізде қоғамдық-кәсіптік кеңес құруға және журналистердің әдеп кодексін әзірлеуге мүмкіндік берілді.
Жаңа заңға сәйкес, журналист өз міндеттерін орындау кезінде өмірге және (немесе) денсаулыққа зиян келтірген жағдайда “БАҚ иесі оған зиянды Қазақстан заңнамасында көзделген көлемде және тәртіппен өтеуге міндетті”.
“Шекарасыз тілшілер” (RSF) ұйымы әзірлейтін Баспасөз еркіндігі индексінде Қазақстан 180 ел арасында 142-орында тұр.
Қош. Иыққа фотоаппарат асынып, қолына қойын дәптерін қысып алып, “отқа да, суға да” түсетін журналистер күні – 28 маусым аталып өтеді. Төл мереке құтты болсын, төл басылым қаламгерлері!
Айнұр ӘЛИ