Сыр қаламгерлерінің қазынасы
Шер-ағаның: «Журналистің жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» деген сөзінің төркінінде қаншама мән-мағына жатыр. Бұл тәмсілде билік пен халық арасында көпір соғуға арнаса да, есімі еленбей қалған қалам ұстаған қауымның шері жатқандай көрінетіні бар. Десек те бірер күн бұрын Сырдың сыңғырынан шабыт алған сырбойылық журналистер үшін ақжолтай жаңалық тарады. Анығы – Қызылорда қаласындағы «Достық үйінде» Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында «Сыр журналистикасының тарихы» атты 5 томдық кітаптың тұсаукесері өтті. Аталмыш шарадан бұрын Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова отандық журналистиканың дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтармен кездесті.
Аймақ басшысы басқосу аясында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Қазақстан Журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, филология ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ түркітану кафедрасының профессоры, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Амантай Шәріп және «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті Бибігүл Жексенбай мен «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаевты қабылдады.
Мұнан соң облыс әкімдігі мен «Қызылорда қаламгерлерінің қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен рәсімді облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет жүргізіп, Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласымен үндескен игі бастаманың тағылымдық мәніне тоқталды.
– Сыр журналистикасы тарихының басын біріктірген 5 томдық кітабымыздың орны Сыр жұртшылығы үшін аса ерекше. Себебі мұндай кітап өңірлер бойынша алғаш рет шығып отыр. Бұл рухани байлықты журналистика саласының энциклопедиясы деп те айтуымызға толық болады. Бұл ретте Сыр өңірі өзінің тағы да тың идеясын алға тартты. Өзгелерге үлгі бола білді. Кітаптың мәні неде, маңызы қандай? Болашақты ойлайтын адам алдымен өзінің өткен жолын, тарихын білуге тырысады. Содан соң оған талдау жасап, електен өткізеді. Еліне еңбегі сіңген азаматтарының есімдерін ұмытпай, олардан тағылым алу да өнегенің бір түрі. Қазақ журналистикасының тарихи нұсқасына сүйенер болсақ, 5 томдық кітапқа да зор ізденіспен орасан күш-жігердің жұмсалғаны сөзсіз. Мұны редакциялық алқаның үлкен жұмысы деп бағалаймыз. Неге десеңіз? Сонау 1911 жылдан бастап, қазіргі жаңа заманауи медиаға дейінгі аралықты қамтыған көптеген тың деректер мен дәйектер осы 5 томдықта деп айта аламыз. Сондықтан айтулы қазынаны Тәуелсіздіктің отыз жылдық мерекесіне бізге бір жасалған жақсы тарту, мәртебесі зор қуаныш деп марқая айтамыз, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Өңірдің журналистері дәріптелген бес томдықтың біріншісінде облыстық «Сыр бойы», «Кызылординские вести» және «Ақмешіт жастары» газеттері мен аймақтың шығармашылық өкілдерін бір шаңырақ астына біріктірген «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тарихы баяндалса, екінші томында «Ақмешіт апталығы» газеті және аймақтың жеті ауданының басылымдарының өткені мен бүгіні қатталған. Келесі бөлімінде облыстың электрондық бұқаралық ақпарат құралдары жайлы, баспахана және республикалық басылымдардағы меншікті тілшілер туралы мағлұматтар орналасқан. Төртінші томда облыс көлеміндегі тәуелсіз басылымдардың тіршілігі сипатталып, ақпарат саласында қызмет атқарған айтулы тұлғалар мен журналистердің тәжірибесімен бесінші том тәмамдалған.
– Айтулы игі істі «Сыр журналистикасының тарихы» атты 5 томдығын баспасөздің шежіресі деп қана емес, жалпы қазақ елінің шежіресі десек жарасады. Себебі баспасөз – бірінші кезекте елдің әр кезеңдегі тыныс-тіршілігін тайға таңба басқандай етіп жазып-көрсетіп, таңбалап отыратын құрал. Көп нәрсе сарғайып газеттерде, архивтерде жатыр. Сол сарғайған газет беттерін парақтағанда халқымыздың ғасырлық өмір жолының барлық көрінісін табуға болар еді. Ұжымдастырудан бастап, соғыс, тың игеру уақыты, одан кейінгі тәуелсіздік алған жылдардағы жаңа бастамалардың барлығы газет бетінде сайрап тұр. Қай газет те өз заманының жаршысы.
Баспасөз тарихының теориясын, шетел баспасөз тарихымен және коммунистік баспасөз тарихын оқыдық, бірақ өз тарихымызды әлі күнге толықтай оқыған жоқпыз. Соның орнын толтыратын бір жақсы еңбек деп бағалауға, сол заманда жұмыс істеген, аттары бүгінде көмескі тартып, елдің жадынан шыға бастаған қаншама азаматтың аты-жөні осы 5 томдыққа енген. Сыр жұртшылығы сөздің қадірін, қасиетін білетін ел. Осындай құнды кітапты шығаруға қолдау көрсеткен облыс әкімдігіне, «Сыр медиа» ұжымы мен бас директор Аманжол Сақыпұлына Алла разы болсын! Қасиетті Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын, – деді алғашқылардың бірі болып сөз тізгінін алған Сыр елінің төл перзенті, ҚР Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп.
Мұнан соң Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, журналистика саласының білікті маманы, «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Бибігүл Жексенбай, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Амантай Шәріп құттықтау тілектерін оқып, Сыр руханияты мен журналистикасына еңбек сіңірген азаматтардың есімін ел есінде қалдыру мақсатында қолға алынған игі іске сәттілік тіледі.
Тұсаукесер рәсімінде «Сыр медиа» ЖШС бас директоры, Қазақстан Журналистер одағы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Аманжол Оңғарбаев жаңа туындының жарық көруіне атсалысқан азаматтарға ерекше алғыс айтты.
– Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласында: «...Азаттығымыздың айшықты белесіне шыққанда әрбір саналы азаматты «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауалдар толғандырары анық. Осы тұрғыдан алғанда, бұл – арман-мақсаттарымызды тоғыстырып, болашаққа тың серпінмен қадам басу үшін өткенге тағы бір мәрте оралатын, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізетін маңызды мезет», – дегенін білесіздер.
Осындай ел дамуының маңызды кезеңінде қазақ журналистикасының – қазақ сөз өнерінің бір қайнар бұлағы ретінде сырбойылық қалам ұстаған қауымның ел алдында берген есебіндей осы бір сындарлы еңбегі жарық көріп отыр.
Бірсыпыра басылымдарда бұрын-соңды аты аталмаған редакторларды архив деректеріне сүйене отырып, тізімін толықтырдық. Облыстық радио және онда жұмыс істеген тілшілер жайында бұған дейін мерзімді басылымдарда радио күні қарсаңында очерктер мен суреттемелер жарық көргенін кездестірдік. Облыстық телеарнаның шығармашылық тобы жалпы деректі фильм түсіргенімен 90 жылдық тарихы бар облыстық радио арнайы зерттеу нысаны ретінде қарастырылған емес. «Халық» газеті, «Ақмешіт апталығы», «Нұр» газеттері жайында бірді-екілі мақала шыққанмен, жалпы аймақтық тәуелсіз басылымдар туралы да бұған дейін ғылыми жүйеленіп жазылған жоқ. Біздің мақсатымыз осындай олқылықтардың орнын толтыра отырып, Сыр журналистикасының тарихын түгендеу, қалам ұстаған буынның азды-көпті еңбегін дәріптеу, талдап-таразылау, ғылыми айналымға қосу болды. Осы мақсаттың қолда бар деректер негізінде хал-қадірімізше орындалғанына қуаныштымыз. Алды ғасырға жуық тарихы бар басылымдарды шығарған, жұмысын өрге сүйреген аға буынның еңбегі ескеріліп, ұрпақ жадында сақталса, Сыр журналистикасының тарихын түгендеуге татырлық дүние жазылса, көздеген мақсаттың көкжиекке бет алғаны деп білеміз.
Журналистика Қыр мен Сырға бөлінбейді десек те, қазақ журналистикасы ғылымында өңірлік журналистика деген ұғым бар. Осы негізге сүйене келіп, Сыр журналистикасы деп батыл айтып отырмыз. Бұл кітапты журналист деген атын кіршіксіз қорғаған, кешегі қаламгер-қайраткерлердің ізін парасаттылықпен жалғаған аға буынның алдындағы парызымыздың бір өтеуіндей деп қабылдасаңыздар болады.
Осы іс-шараға ұйытқы болған, келіп қатысып отырған барша азаматтарға, әсіресе еліміздің Қызылордадан кейінгі астанасы болған Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген қадірменді қонақтарға алғыс айтқым келеді, – деді А.Сақыпұлы.
Айта кетейік, тұсаукесер аясында бірнеше ауқымды жоба жүзеге асты. «Өңірлік журналистиканың медиа-менеджмент мәселелері» тақырыбында семинар-тренинг ұйымдастырылып, “Бас редакторлар клубы” бастауыш ұйымының жиыны өтті. Бұдан бөлек жаңа туындының жарыққа шығуына үлес қосқан бірқатар азамат Алғыс алып, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында жарияланған байқаудың жеңімпаздары марапатталды.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ