Туризм саласының бірқатар мемлекеттік қолдау шаралары жүзеге асуда
Kyzylorda-news.kz «Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» ҚР Заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап кәсіпкерлік субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу және субсидиялау түрінде туризм саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары күшіне енген болатын.
Қолдау шаралары шеңберінде санитарлық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстауға ай сайын 83 300 теңге субсидия беру, автобустарды сатып алу кезінде шығындарды өтеу, туристік қызмет көрсету және жол бойындағы сервис обьектілерін салу және реконструкциялау кезіндегі кесіпкерлік субьектілер шығындарының 10 пайызын өтеу көзделген.
Бүгінгі күнге дейін атап өткен мемлекеттік қолдау шаралары бойынша аудан көлемінде 2023–2024 жылдары кәсіпкерлік субъектілерінің санитариялық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстауға арналған шығындарының бір бөлігін субсидиялауға «Оазис», «Dala market», «Маргарита», «Ақсарай» көп салалы қызмет көрсету кешендерінің санитарлық-гигиеналық торабы комиссия қарауында оң шешім алып, ай сайын субсидия алуда.
Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт басқармасының туризмді дамыту бөлімінің қызметкерлері аудан аумағындағы туристік дестинацияларды аралап, туризм саласындағы мемлекеттік қолдау шараларын кәсіпкер назарына жеткізіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Еске сала кетейік, Өткен жылдың қорытындысына қарағанда, ішкі туристер саны 113 мың, сыртқы туристер саны 3980 адамға жеткен. Облыста 4195 орынға лайықталған 150 орналастыру жайы бар. 2022 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 112,8 пайызға артты.
Өткен айдағы Үкімет отырысынан кейінгі арнайы мәжілісте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мәселенің маңыздылығын баса айтып, жауапты басшыларға бірқатар тапсырма берді.
«Елімізде туризмді дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл арқылы біз өңірдің экономикалық жағдайының жақсара түсуіне, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне қол жеткіземіз. «Туристік қызмет туралы» Заң аясында мемлекеттік қолдаудың нақты тетіктері айқындалды.
2023 жылы Үкімет «ҚР Туристік саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын» бекітті. Осындай бастамалар мен реформалар туризмнің дамуына тың серпін берді. Өткен жылдың қорытындысымен туризм саласындағы нысаналы индикаторлардың орындалу көрсеткішінде оң динамика қалыптасты. ҚР Туризм және спорт министрлігі бекіткен жоспар аясында салаға салынған инвестиция көлемі 20,7 млрд теңгені құрап, жоспар 201 пайызға орындалды», – деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, биыл өңірдің туристік әлеуетін арттыру бағытында нақты шаралар қабылданды. Сәуір айында Еуроодақ елшілері Сыр өңіріне арнайы келіп, инвестициялық мүмкіндіктермен танысты. Аймақтың туристік тартымдылығын арттыру бағытында жаңа автовокзал пайдалануға берілді. «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалының құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, туристер тасымалына қолайлы жағдай жасау үшін 100 экотакси сатып алу жоспарлануда.
Былтырғы жазғы демалыс маусымында облыстағы 13 шағын және 2 ірі демалыс орнына 110 мың демалушы келді, 70 мыңға жуық адамды «Қамыстыбас» және «Ханқожа көлі» демалыс аймақтары қабылдады. Олардың иелеріне алдағы демалыс маусымында қауіпсіздік шараларын күшейту және санитарлық тазалық талаптарын қатаң сақтау жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.
Қазіргі уақытта облыста 806 орынға есептелген 5 шипажай жұмыс істейді. Шипажайларға биылғы қаңтар-сәуір айларында 2587 адам келген.
Қорлан САРЫ
Фото: kzvesti.kz