Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бегім ана берген сый

Бегім ана берген сый

«Өмірде тылсым дүниелер болатынын бұрын-соңды естігенім болмаса, басыңнан өтпейінше, сезінбейді екенсің», – деп бастады әңгімесін қараторы келіншек. «Алашқа, қала берді, түркі әлеміне ортақ Қарабура әулиенің қызы Бегім ана туралы халық арасында аңызға бергісіз түрлі оқиға бар. Соның бірі – өзім куә болған жайттар», – деп жалғады сөзін.
«Оныңыз рас. Қазақ әулие санап, кие тұтқан адамдардың барлығы танымына терең сіңген. «Әулие» деген арабтың «уәли», яғни «дос» деген ұғымын беретін көрінеді. Ешнәрсе кездейсоқ болмайды. Демек, әулиелер Алланың сүйікті құлдары, адам мен жаратушыны жалғайтын алтын көпір», – дедім өзімнің аз-кем білетінімді айтып.
– Отбасында ер балалармен өскен соң ба, еркекшора, еркетотайлау болып бой жеттім. Тұрмыс құру туралы ой мені мазаламайтын. Жасым отызға таяғанда туыстарымыз бен ата-анам «Қыз мұраты – кету» дегенді жиі айта бастады. Мен үшін жалғыз жүру қалыпты жағдайға айналып үлгерген еді. Ой жарастырып жүрген жігітім де жоқ. Осындай күндердің бірінде ортақ таныстарымыз жемісті бір жұмысынан соң, Бегім анаға зияраттап баратындарын, қаласам, ерте кететіндерін жеткізді. Келісе кеттім.
Аудан орталығынан шалғай жатқан жердегі қасиетті орынға тауап етіп, түнеген түнде жол бастап келген үлкен апай бәрімізге зікір салып, аластады. Аң-таң күйде қарап қалыппын. Алпысты алқымдаған апа: «Ниеттерің таза болса, Ана сендердің тілектеріңді қабыл етеді, аян береді» дегенді айтты. Бұған дейін тек тілек тілеу, мадақ айту Аллаға ғана бағытталады деген ұстанымдағы мен іштей «оқылған Құран-хатымның Бегім ананың рухына тие берсін» дегеннен басқаны айта алмай отырмын.
Мына қызықты қараңызшы, мамыр айы жетісімен, жерге шыққан сарғалдақтар желмен ұшып кететінін бәрі біледі. Ал бұл маңдағы гүлдердің барлығы айының соңғы күндері болғанына қарамай, солған күйінде, орнында әлі тұр.
Сол күні түнде қызықты жағдай орын алды. Өзім бойымды қорқыныш билеп, ұйықтауға бата алмай, жанымдағы дос қызыма әр нәрсені бір айтып, уақыт өткізудемін. Солай бола тұра, ояу отырып, түс көріп жатырмын. Мүмкін аян деген осы шығар.
Түсімде аппақ құс төңіректі айналып жүгіріп жүр. Болжауымша, аққуға көбірек келеді. Жүзіне байыптасам, орта жастағы, тым сұлу болмаса да, мейірімді, сабырлы әйелге ұқсайды.
Жолаушылардың барлығы мұны жақсылыққа жорыды.
Ал қайтар жолда біз ұзағанша, үлкен үкі тапжылмай бір орында тұрды.
«Ана разы болып жатыр. Барлығыңның көңілдерің таза екен. Ниетіміз қабыл болар. Мұндай жағдай жиі бола бермейді» деді Қарлығаш апай. Біз көңіл жадыратқан жақсы сөзге «әмин!» дестік.
Арада бір ай өткен соң жолдасыма жолықтым. Аллаға шүкір, отбасын құрып, ұл-қыздың қызығын көріп отырмыз. Ұл-қыз дегеннен шығады, алғашқы сәбиім құрсағыма біткенде, күйеуім екеуіміз «атұстар» болар деп топшылағанбыз. Бір күні таңға таяу түс көрдім.
Ол кезде қазіргі Жетес би емханасы мен орталық алаң жанында аялдама тұрағы бар еді. Түсімде сол аялдамадағы сауда дүңгіршегіне барыппын. Кезекте тұрған маған, бір топ сырттан келген әйелдер жақындап: «Мынау сенің аманатың. Біз Бегім ананың кесенесіне барып, келе жатырмыз. Анамыз саған осыны берді», – дегенді айтып, қолыма ескі көлемді, құйма алтыннан жасалған қызыл көзді жүзікті ұстатты да, шығып кетті.
Ояндым да, күйеуіме бізде қыз болатынын айттым. Жорамалым дөп келді.
Тұңғышымыз өмірге келерде бойымдағы созылмалы аурулар сыр беріп, әр дәрігер қаралымына, ультрадыбыстық бақылауға барған сайын, жаным жабырқап қайтатын. Барлығының айтары, баланы өмірге әкелу екеуіміз үшін де қауіпті. Уақытына сай дамымаған шақалақты туу – азапты, тәуекелді жолға қадам басу. Естіп аламын да, үйге дейін жылап келемін. Артынша аналық түйсік «Балпаныма да, маған да ештеңе болмайды. Бегім ана берген сыйға қалай да өмір сыйлаймын. Менің бөбегім әлемдегі ең тәтті балақай болады» дейді өзін жұбатып.
Арманым алдамады. Ай-күні жеткенде, қиындықпен босансам да, он екі мүшесі сап-сау сүйкімді сәбиді таптым. Алғашқы толғақ тым ауыр өтті. Үш тәулікке созылған сынақта мен де, балам да қиналды. Аудандық перзентхана дәрігерлері мен өзге де қызметкерлері барлық мүмкіндікті жасады. Соңғы ұйғарым – облыс орталығынан санитарлық әуе көлігі мен арнайы дәрігерлік топты шақыру болды.
Барлық жағдайға көндіккен көңілім тек Алладан баламның амандығын ғана сұрауда. Босандыру бөлмесінде тыныштық. Жаныма кірген анам таныс болып үлгерген мейірбикемен әңгімелесіп тұр. Су құбырынан ағып тұрған тамшының дыбысы құлағыма келіп жатыр. Осы кезде бөлмеге аппақ құс келіп, денемді қанатымен сипап кетті. «Мама, ана келді, Бегім ана келді» деп басымды көтере бергенім сол еді, акушердің: «Міне, міне, чудо... Бізге көмектес...» – деген жанайқайы естілді.
Қазір ойласам, дәрігер айтқандай, таңғажайып мұғжиза болыпты. Ол кезде толғатпақ тұрмақ, сөйлеуге әлім келмейтін мен қауқарсыз едім. Құс лезде ғайып болды. Тек қанатының қауырсынын көріп үлгердім.
Іште тұншыққан бала өздігінен демала алмайтын аса ауыр жағдайда өмірге келді.
«Менің балам ұл ма, қыз ба?» дегенімде жауап қатпаған ақхалаттылардың ажарынан жағдайды топшылап тұрмын. Қос анам да әбіржулі. Ештеңе айтпаса да, жүздерінен қуаныштың лебі сезілмейді. Жағдайды байыптасам да, сана саңлауындағы сенім «Маған Алла балақайым болатыны туралы хабарды Бегім ана арқылы жеткізді. Бәрі жақсы болады» деген ұстанымнан айнымады. Айзерем ақылды, сезімтал бала болып өсіп келеді. Кейде осы оқиға ойыма түссе, тіліме еріксіз «Тәубе!» деген сөз оралады. Мұнан кейін құдіреттің барына қалай сенбейсің», – деп аяқтады сөзін Айгүл.
Алтын МЕЙІРХАНОВА
18 мамыр 2024 ж. 262 0

Ұлттық тәрбие құндылығы

07 қыркүйек 2024 ж. 70

Зейін неге тұрақсыз?

07 қыркүйек 2024 ж. 69

Бірлік пен берекенің ұясы

07 қыркүйек 2024 ж. 69

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30