Ғасырдан жеткен ғибрат
Базар қожа есімі аталғанда, бірінеше нұсқалы мәліметтер кездеседі. Біз сөз етіп отырған Базар қожа туралы ел аузындағы деректер бойынша шамамен 1750 жылы дүниеге келген.
Өмірбаяны туралы ғылыми негізді мақала зерттеулер аз болғанымен, автор Сейт-Омар Саттарұлының «Қожалар шежіресі», ұрпақтары естеліктері мен баба кесенесі туралы жазбалар төмендегі жайтты жеткізеді.
Хиуалықтар Сыр бойындағы Ақмешіт маңындағы Әззер ахунның ауылын шауып, мал-жанын айдап кеткен. Солардың ішінде Ыбырайым да тұтқын болады. Бұл ауылдың Хиуа шапқыншылығына ұшырауы нақты даталанбаған. Шежірелік деректер негізінде бұл оқиға XVIII ғасырдың бірінші жартысының соңы мен орта шенінде, шамамен 1730–1745 жылдар аралығында болған деп болжанады. Шапқыншылық кезінде Әззер ахунның ұлы Ыбырайым да тұтқындар қатарында жау жетегінде кете барады.
ХVIII ғасырда қазаққа шүйліккен жау қарасы көп болған. Хиуалықтар Сыр бойындағы елдерге жиі шабуылдап, мал-жанды олжалап отырған. Көп ұзамай 11–12 жасар бала Қазалы өңірін жайлаған Шой есімді байдың қолына тап болады. Шойдың Бегімбет деген баласы Ыбырайымға қой бақтырады.
Қойшы бала бір күні жолдан шаршап ұйықтап жатса, байдың қыздары оның басынан жанып тұрған екі шырақты көреді. Ерекше таңданыспен үйіне келген қыздар әкесіне: «Жалшының басында шырақ жанып тұр, соны алып бер», – дейді. Бай баланы алдырып, бас киімін шештірсе, расында басында жарқыраған айдары бар екен. Шырақ болып жанып тұрған айдарды бай кесуге оқталғанда бала жылап: «Әкем қойған еді, оған тимеңізші», – деп жалынады. Бай тоқтағанымен, оның мейірімсіз әйелі қарсыласқанына қарамастан, айдарды кесіп алып, қыздарына береді.
Бұл орынсыз әрекетке налыған Ыбырайым ағаш үйдің белдеуі арқанын ұстап тұрғанда, кіші дәреті шығып кетіпті. Сол кезде көп қойдын бір тоқты бөлініп шығып, дәретті жерге сіңірмей, жалап қояды. Жылай-жылай мал бағып кеткенінде, бай әйелінің қол-аяғы тартылып, жансызданып қалады. Ол заманда үш жүзге пір болған Мүсірәлі қожаның баласы Қосым қожаның үлкейіп қалған кезі екен. Соған хабаршы жіберіп науқасты көруге шақыртыпты. Қосым қожа қасындағы бір топ адамымен бай ауылына келе жатқанында биік нұраның бауырынан екі иығынан алау шырақ жанып тұрған ерекше бейнені көріпті.
Қасындағылардан: «Анау нұрды көрдіңдер ме?» – деп сұраса, олар көрмей тұрғандарын айтады.
– Мұндай қасиетті көрініс кез келген адамның көзіне көріне бермейді. Соған барып жолығайық, – деп атын қамшылап келсе, қой бағып жүрген жас бала екендігіне таң қалады.
Жөн сұраса келе баланың өзі іздеп келген ауыл адамы екенін біледі. Оны сынамақ болып, ауылға дейін жарысуға ұсыныс білдіреді. Ыбырайымның астында күйі нашар ақсақ ала тай бар екен. Бала келіспейді. Дегенмен пірлі қожа қолқа салып көндіріп, малын қасындағы жолсеріктеріне тапсырып, ауылға қарай жарысқа түскенде бала бәрінен озып, бұрын жетеді. Бай жұрты Қосым қожаны кілем жайып, құрметпен қарсы алады. Сыйлап аттан түсіріп, қонақжайлылық көрсетеді. Мән-жайға қаныққан Қосым науқасты қарап, әлгі қой баққан баланы қасына алдырады. Өткен-кеткен әңгімелер айтып, жетім балаға тағы сынақтар жүргізеді. Өз ойының растығына әбден көзі жеткен Қосым қожа: «Мына бала киелі екен. Әйеліңнің кінәраты оған зәбір көрсеткендіктендіктен. Енді айығу кілті де сонда», – дегенінде бай әйелі үшін не істей алатынын сұрайды. «Бұны сен оны отар соңына салма, бір балаң етіп, еншісін бер», – деп кеңес береді.
Әңгіме үстінде бала елі шапқыншылыққа ұшырап, өзі құлдыққа түскендігін әкесінің есімі Әззер, сүйегі Қылыш қожадан екенін айтады. Бай Қосымның айтқанын орындап, Мамыт есімді баласымен еншілес қылады.
Қосым қожа әңгіме үстінде Ыбырайымға: «Мына құнажын буаз ба? Буаз болса, ішінде қандай бұзауы бар?» – дейді. Базар қарап тұрып: «Ішінде меңсіз қара, ұрғашы бұзауы бар. Ұзамай бұзаулайды», – деп дәл табады.
Қосым кетерінде: «Енді сен осы араның қожасысың, мына отырғандар сенің ағайын-жұртың, бұдан былай атың Базарқожа болсын. Ал халқым, бөтендік танытпаңдар!» – деп ақыл қосқан екен. Қосымның айтқаны айнымай келіп, Базарқожаның қасиеті еліне дәру болады. Ол келген ауыл байып, атағы көпке жайылады. Көріпкел тарыққандарға аян беріп, науқастанғандарға ем жасайтын емші, шипагерге айналады.
Тағы бір аңыз, Базар қожа есейе келе, ауыл жігіттерімен жылқы бағуға шығады. Бір күні жолдастарына: «Жігіттер, малға ие болыңдар, маған жол түсіп тұр», – дейді. Сол күні екі қос атқа мінген қара көрінеді. Жөн сұрасса, жолаушылар ауылындағы бай қызының ауыр науқасқа ұшырағанын, соны ауруынан айықтырған адамға бай қызын беретінін айтады. Базар айтылған жерге жетіп, қызға ем-шарасын қолданғанда, араға апта өтпей, қыз құлан-таза ауруынан айғыпты дейді. Бай уәдесінде тұрып, қызын беретінін айтқанда, Базар бас тартады.
Мұнан соң өз жұртын іздеп, жолға шығады. Өз елінің үлкен қариясы жай-жапсарды білген соң: «Келген жағыңа жағымды болсаң сол елден қыз ал, берекең тасиды», – дегенді айтады. Базар қожа қайцтып келіп, өзі емдеген қызға үйленіп, тамырын кеңге жаяды. Осылай үлкен сенімге ие болып, имандылық рухын жайған қайырымды жан болған деседі.
Бүгінге баба есімін жоғалтпай жеткізген жәдігер-мұра бар. Бұл Базар қожа кесенесі. ХІХ ғасырдан келе жатқан кесене тарихи-мәдени нысандар қатарында, мемлекет қорғауына. Көпшіліктің тәу етер орны. Қазалы жеріндегі республикалық санаттағы археологиялық ескерткіш жоғалмай сақталған сәулет өнеріне жатады. Бекарыстан би ауылынан 15 шақырым жерде орналасқан, қам кірпіштен салынған оның құрылысын 1981 жылы тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының экспедициясы зерттеген. Бұл күнде баба бейітінің басына халық зиярат етушілер үшін тілеухана салынған. Сондай-ақ кесене жанына ұрпақтары ескерткіш-белгі орнатқан.
Базар қожа сағанасы шикі кірпіштен тұрғызылған, күмбезі дөңгелек тұғырдан шығарылған. Алдыңғы беті ішке қарай біртіндеп кішірейе беретін үш аркалы порталмен бедерленген. Портал екі жағынан негізгі бөлікпен біріктіліп саздан құйылған тұтас мұанаралармен көмкерілген, күмбез астындағы төмен бөліктің шалқақ қабырғасы шығыңқы белдеумен өрнектеліп, сыланған.
Базар Қожа есімі өмірі сүргеніне қанша уақыт өтсе де, әрбір сөзінде даланың кеңдігі, әрбір ісінде жүректің тазалығы жатқан, замандардың дауылды тұсында елді сабырға шақырып, қараңғылықта қалғандарға иманның сәулесін сыйлаған темірқазық іспетті. Оның жүрген жолы жай ғана тарих парағы емес, рухани тұнықтықтың мектебі. Халық оны тек тектілігі үшін емес, айналасына шашқан мейірімі мен ақиқатқа деген адалдығы үшін «әулие» деп ардақтады. Атадан қалған сөз – асыл қазына, ал ел үшін атқарған ісі – өшпес өнеге.
Ерқожа ШАМША,
Қорқыт ата атындағы
Гуманитарлық педогогикалық институтының 1 курс студенті













