Жайлы жол – жарқын өмір кепілі
Әйтеке би кентінде тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлы өмір сүруіне бағытталған инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Соның бірі – көптен бері тұрғындар тарапынан көтеріліп келген жаяу жүргіншілер жолын салу мәселесі.Бұған дейін Т.Бөріқұлақов және Жетес би көшелерінде тротуардың жоқтығы тұрғындарға айтарлықтай қолайсыздық туғызып келген болатын. Әсіресе мектеп оқушылары мен қарт адамдар үшін көшемен қатынау қауіпсіздік тұрғысынан өзекті мәселеге айналған еді.
Бүгінде бұл мәселе өз шешімін тауып, аталған көшелерде жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жоба аясында Әйтеке би кентіндегі Т.Бөріқұлақов көшесі мен 5 квартал аумағындағы Жетес би көшесіне заманауи талаптарға сай тротуарлар төселуде. Нәтижесінде тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасалмақ.
Жобаға сәйкес, Т.Бөріқұлақов көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолының жалпы ұзындығы 2,5 шақырымды құраса, Жетес би көшесіндегі тротуардың ұзындығы 1,6 шақырымға жетеді. Қазіргі таңда Т.Бөріқұлақов көшесінде асфальт төсеу жұмыстары жүргізіліп, құрылыс қарқыны жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда.
Жуырда құрылыс жұмыстарының барысын аудан әкімі Алмасбек Есмаханов арнайы барып көріп, жауапты сала мамандары мен мердігер мекеме өкілдерімен кездесті. Аудан басшысы жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасына ерекше мән беру қажеттігін атап өтіп, құрылыс барысында барлық техникалық талаптардың қатаң сақталуын тапсырды.
Сонымен қатар аудан әкімі тұрғындар үшін қолайлы әрі сапалы инфрақұрылым қалыптастыру жергілікті биліктің басты міндеттерінің бірі екенін жеткізіп, нысанды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтаудың маңыздылығына тоқталды. Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін аталған көшелердегі тұрғындардың күнделікті жүріп-тұруы жеңілдеп, жол қауіпсіздігі деңгейі едәуір артады деп күтілуде.
А. ЖҮСІПОВА














