Егемен елдің рәміздеріне құрмет
4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күнін еліміздің барлық өңірінде кең көлемде аталып өтіп, азаматтардың мемлекеттік нышандарға деген құрметін арттыруға бағытталған тағылымды шаралар ұйымдастырылды.Атаулы мереке аясында Әйтеке би кенттік мәдениет үйі «Мемлекеттік рәміздер – ел мәртебесі» атты патриоттық автокеруен-концерт өткізді. Мерекелік автокеруен кент көшелері мен тұрғындар көп шоғырланған орындарды аралап, жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Атап айтқанда, орталық базар алаңы, теміржол вокзалы, сондай-ақ Қ.Пірімов, Жанқожа батыр және Қарасақал Ерімбет көшелері бойында мәдениет саласының өнерпаздары патриоттық әндер орындап, мемлекеттік рәміздердің маңызын насихаттады.
Автокеруеннен кейін мерекелік іс-шара Әйтеке би кенті әкімдігі ғимаратында салтанатты жиынмен жалғасын тапты. Шараға Қазалы аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Жәнібек Әлиев пен Әйтеке би кентінің әкімі Әліби Әбиев қатысып, жиналған қауымды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады.Салтанатты жиынның ашылуында Әйтеке би кенттік мәдениет үйі жанындағы балалар хоры «Қазақстаным» әнін орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Одан кейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні шырқалып, қатысушылар мемлекеттік рәміздерге деген құрметтерін білдірді.
Мереке барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, мемлекеттік қызметтің сапалы жүзеге асуына және қоғам игілігі жолындағы жұмыстарға елеулі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталды.
Іс-шараның мәдени бағдарламасында аудан өнерпаздары патриоттық және отансүйгіштік тақырыптағы әндерді орындап, көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады. Әсерлі әндер мен тағылымды сөздер мемлекеттік рәміздердің қадір-қасиетін дәріптеп, қатысушылардың рухын көтерді.
Салтанатты шараға мәдениет саласы мен кент әкімдігінің ардагерлері, сондай-ақ түрлі салада еңбек етіп жүрген 40-қа жуық қызметкер қатысты. Мерекелік жиын мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттырып, елдік пен бірлікті нығайтуға бағытталған маңызды рухани шара ретінде есте қалды.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат














