Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сарабдал өнердің сырбазы: кадр мен кенептің интеллектуалды диалогы

Сарабдал өнердің сырбазы: кадр мен кенептің интеллектуалды диалогы

Ол табиғат дарытқан өнері арқасында қасиетті қылқаламды серік етіп, өз ұлтының рухын кенеп бетіне көшіріп, төл өнерді төрге оздырған тұлға, шеңберге сыймайтын қалып, бояулар тілімен сөйлеген бөлек болмыстың иесі. Қазақстан бейнелеу өнерінің көрнекті өкілі, халық суретшісі, график Сахи Романовтың туғанына биыл 100 жыл. Ұлттық кескіндемеге жаңа леп әкеліп, көптеген фильмдердің көркемдік стилін қалыптастырған талант иесінің шығармашылық мұрасы – қазақ өнер тарихындағы кәсіби шеберліктің биік үлгісі.

Сырдың Сахиы һәм ақтоғайлық Александр
Әдетте сурет өнерінің тереңдігі, бояулар астында бұлқынып жатқан даланың мінезін жіті түсінбейтініміз бар. Үлкен туындылар тек декорация немесе жай ғана сурет болып көрінуі мүмкін. Жұмыстарындағы сызықтары мен түстерінен қасиетін ұғынып, көшпенділердің асқақ рухы, еңбегінің екпінін таныған әлем жұрты бұл қолтаңбаны жер-көкке сыйғызбай, жоғары бағалады. Дүниежүзінің көрмелерінде Сахидың суреттері алдында бас иген жатжұрттықтар олардан еркіндіктің лебін сезді.
Көбі етене таныс, бірнеше буынды «қылышынан қан тамған» Кеңестік кезеңнің өзінде қазақты ұлттық рухпен суарған төл туындылар туралы білсе де, оның авторы туралы біле бермейді.
Белгілісі, 1926 жылы 1 тамызда туған суретші туралы бірнеше қызықты мәліметтер бар.
Сахи Романов туралы википедия, музейлер және өмірбаяндық мақалалар оған тағы бір адамның есімін қоса жариялайды. Ол – Александр Иванович Романов. Қазақ баласының аты неге басқаша аталады? Қандай себебі бар? Материалды дайындау барысында осындай сұрақтар астарына үңіліп, жан-жақты мағлұматтарға зер салдық.
Бір қызығы, туған жері туралы да екі нұсқалы мәлімет кездесті.
Олжас Қасым есімді автор malim.kz сайтында Сахи Романовтың кіндігін кескен топырағы Қарағанды облысының Ақтоғай өңірі деп айтады.
Автор суретшінің Ақтоғайға арнайы барып, мерейтойын өткізіп, халықпен қауышқан кезінде осы өлкеде туғанын айтқанын мысал ретінде келтіреді. Сондай-ақ белгілі өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан «Тауқыметті тағдыр» мақаласында әкесі Түсіпбек Әлтікейұлы ескіше сауатын ашқан, еті тірі қабылетті адам болғанын, 1930 жылдары Арқа өңірінде Боқты, Шұбартау, Тоқырауын көтерілістерінің белең алғанда, «көтерілісші» деген нақақ айып тағылып, жалған жаламен сотталып кете барғанын жазған.
Ал Алматы музейінің қорындағы ресми карточкада оның туған жері «Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Қарақұм ауылы» деп көрсетілген. «Bilim-all» өмірбаяндық анықтамасында да осылай жазылған. Деректердің көпшілігі оның Қызылорда облысының тумасы деп көрсетеді.
Тағы бір дерек, Қазақстан Суретшілер одағы облыстық филиалы бастамасымен 2011 жылы Қызылорда қаласында халық суретшісі Сахи Романовтың атына көше берілуі де көп жайтты айғақтайды.
Осы салтанатты рәсімде одақ басшылары, әріптестері, суретшінің туыстары сөз сөйлеген, жерлестеріне алғыстарын жеткізген. Бұдан өзге көзі тірісінде жарық көрген «Қазалы энциклопедиясы», «Ортаймаған қазаны, Қасиетті Қазалы», «Қазалы перзенттері», 2010 жылы басылған «Қазалы қазынасы: тарих тудырған тұлғалар» энциклопедиясында С.Романовтың Қазалы перзенті екені келтірілген.
Тауқыметке толы тағдырында көптеген қиындықтарға кез болғаны туралы естеліктер де жеткілікті.
«Ortalyq Qazaqstan» сайты, 2021 жылы басылып шыққан «Сахи Романов. Ғылыми каталог» кітабында біз сөз етіп отырған жағдай жіті баяндалады.
Өмірбаяндық деректердің бірінде оның отбасы қуғын-сүргін мен нәубет жылдарының зардабын шегіп, ата-анасынан ерте айырылғаны келтіріледі. Келесі жазба әке-шешесі репрессия құрбанын айтады. Соған қарағанда зиялы қауым өкілі болуы да ықтимал. Бірақ ол жайлы нақты айғағымыз жоқ.
Бұғалысы бекімей, ата-анасынан ерте айырылған апалы-інілі Мәрияш пен Сахидың мойындарына ауыр жүк түседі. Жас балалар ауылдастарымен бірге Балқашқа жетіп, қамыс төселген жеркепеде жатып, көлдің балығымен жүрек жалғап, күн кешеді. Осындай күндердің бірінде қос бауыр бір-бірінен ажырап қалады. Сахиды ұстап алған үлкендер балалар үйінің қызметкерлеріне табыстайды.
Панасыздар үйіндегі уақыты туралы да әралуан мәлімет кездеседі. Біріне жетімдер үйін 2 жыл паналады делінсе, екіншісінде 11 жыл деп көрсетілген. Сол кездегі түрлі саяси өзгерістер салдарынан, балалар үйінің бірінен біріне ауысып жүріп, Орынбордың Сарықташ ауданы мен Куйбышев қаласына жетеді.
Александр Иванович Романов – балалар үйінде оған берілген орысша есім мен тек. Ресми құжаттағы есімі де дәл осылай көрсетілген деседі.
Суретшінің қызы Айжан Сәдуақасова әкесінің өз туындыларына «Р.Сахи» деп қол қойғанын, орысша Романов тегін ол балалар үйінде алған, ал жұртшылық оны көбіне жай ғана Сахи деп атайтыны туралы мәлімдеген. Ұрпағының айтуынша, қазақ тіліндегі «сахи» сөзі «жомарт» деген мағынаны білдіретінін ылғи айтып отырады екен.
Суретшінің ата қонысы осы қос қаланың бірі де, екіншісі бала күнінде өскен не дүниеге келген мекені болуы бек мүмкін. Анығы, екеуі де оның өміріне қатысты, жанына алыс еместігі. Мақсатымыз – жершілідік, жікшілдікке бөліну емес, ұлтқа ортақ ұл – Сырдың Сахиы мен ақтоғайлық Александрдың бір адам екендігін ұғындыру еді.
Алғашқы баспалдақ
Жетімдіктің қамытын мойнына ерте салып, Сталиндік режимнің аяусыз құрбаны болса да, Сахиды уақыт сындыра алмайды. Керісінше өмірге құштар болып, одан өз үлесін алу, бойында бұлқынған тебіреністі шығаруға талпынып, биік мақсаттарға ұмтылады.
Әсіресе шығармашыл баланың жаны бейнелеу өнеріне жақын еді. Сол жолда көп ізденеді, қабіретін шыңдайды. Оған өнері өзі жоғалтып алған жылдар мен жолдарын жалғайтындай көрінді. Бәлкім, өзі түр-түсін анық білмейтін ата-анасы туралы ойлар бала қиялын шыңдай түссе керек-ті. Баланың қабілеті небәрі 8 жасында байқалады.
Балалар үйінде Александр – Саша атанғанымен, оның жан-дүниесі, пайымы, өмірге көзқарасы қазақи еді.
stud.kz өмірбаяны туралы мынандай дүниені жариялаған.
Калинин атындағы совхозда жүрген жерінен жас жігіт Орынбор қолөнер училищесіне түседі. Екінші Дүниежүзілік соғыс басталғанда Харков қаласынан көшірілген қару-жарақ жасайтын зауытында, Куйбышев станок құрылысы зауытында жұмысшы болып жұмыс істейді. Осындай ауыр жұмыстан қолы босағанда, зауыт жанындағы кешкі көркемсурет студиясына қатысып, сурет салуды өнерін дамыта бастайды.
Осы жерде эвакуацияланған белгілі Совет суретшілері В.П.Ефанов, Г.К.Савицкиймен кездесіп, олардың мәдениет үйінде өткізілетін студия сабағына қатысады. Мамандар жігіттің талабын байқап, білім алуына бағыт сілтейді.
Сахи Романов 1944-47 жылдары Мәскеу көркемсурет орта мектебінде, 1947-48 жылдары Ленинград кескіндеме, мүсін және сәулет өнері институтында білім алады.
1955 жылы Мәскеудегі Кинематография институтын бітіреді.
Дарынды суретші ретінде Сахиды көркемөнер ортасында алғаш рет танымал еткен «Қырық өтірік» атты қазақ халық ертегісіне иллюстрациялар топтамасы ретінде орындалған дипломдық жұмысы.
Ізденіс пен ілгерілік
1955 жылы «Қырық өтірік» ертегісіне иллюстрация ретінде салынған есек мінген бала, өлім жазасының сценасы картинасы сол жылы республикалық көрмеде көпшіліктің назарына ұсынылады. Аталмыш графикалық туындылар авторды әлемге өзіне ғана тән терең көзқарасымен ерекшелінетін нәзік және дана суретші ретінде танытады. Картинада ертегілердің иллюстрацияларынан әшекейсіз бейнеленген шынайы өмірдің көріністері байқалады. Басты кейіпкердін халық арасынан шыққан баланың бастан кешірген оқиғалары көңіл-күйді көтеріп, күлімсіретіп қана қоймай, өмір шындығын ертегідегі суреттелген бейнелер арқылы ашады. Бұл КСРО деңгейінде өте жоғары бағаланып, оның қазақ фольклорына деген махаббатын паш етеді. «Қырық өтірік» – ертегі иллюстрацияларының сериясы өте танымал, әлі күнге дейін музейлерде жиі көрсетіледі.
Сахидың сурет және графика туындылары Кеңестік Қазақстан өнерін республикалық, бүкілодақтық және халықаралық көрмелерде лайықты түрде таныстырады.
Шығармашылық мұрасы өте бай және сан қырлы.
Шебердің қолынан шыққан әр туындысы – бір тарих. Оның еңбектеріндегі еркіндік, дала мотивтері кім-кімді де тәнті етеді. Қылқаламынан туған әр туындыдан өмірдің лүпілі сезіледі. Жалынды эмоция, қозғалысқа толы серпін және қанық бояулар үндестігі ерекше көзге түседі. Сахи Романов қазақ даласының кеңдігін, көшпенділер дүниетанымының тереңдігін, ұлттық рухтың асқақтығын заманауи еуропалық бейнелеу өнерінің көркемдік тәсілдерімен шебер ұштастыра білген жан. Сондықтан да оның еңбектері көрерменге тек көркем образ ғана емес, тұтас бір дәуірдің тынысын сезіндіреді.
1957 жылы салған «Жайлаудағы кеш» – ерте кезеңнің классикалық туындысы. Республикалық және Мәскеудегі көрмелерде көрсетілген. «Отан аспаны аясында» – трилогияның бөлігі, патриоттық және эпикалық туынды. «Құй бұғаудан босауы» – тарихи-символдық мәнге ие болса, «Ант. Жер туралы декрет»революциялық тақырыптағы ірі жұмыс. Күту», «Жанталас», «Мұңлы әуен» – эмоционалды және терең туындылар ретінде танымал. Отбасылық, лирикалық портреттік тақырыптардағы «Қайран шешем», «Әже», «О, менің анам» ерекше сезімге бөлейді. «Жас шопандар», «Таулар симфониясы» триптихының әр штрихы ойлылыққа жетелейді. «Тырналар», «Жайлауда», «Тауларда тұман», «Көкжиектегі іздер» тақырыбына байланысты пейзаждары, «Бектау ата», «Аралдағы балықшы әйелдің бейнесі» «Аврора жаңғырығы», «Ұлттық киімдегі қыз», «Торайғыр аңғары», «Қойшының қызы», «Қыз бен күлік», «Күнмен кездесу», «Бесік», «Қонақта», «Алматыдағы цирк» этюды сынды суреттері зертеушілер нысанасынан түскен жоқ.
«Ақынның суреті», «Автопортрет», Жамбыл Жабаев, Жазылбек Қуанышбаев, Шәкен Айманов, Олжас Сүлейменов, Мұхаммед Хайдар Дулати, Ғарифолла Құрманғалиев портреттерін салғанда, тек сыртқы келбетін көшіріп бермей, ондағы бейненің адамдық тұлғасын ашу, тарихи болмысын таныту, қоғамдағы орнын айқындау, көркемдік идеяны жеткізуге бар күш-жігерін жұмылдырғаны байқалады.
Портрет өнерінің маңызы сол, бұл шығармалардың дені тарихи құжат қызметін атқарып, фотосурет болмаған кезеңдердегі адамдардың келбетін сақтап қалуға қызмет етеді. Мәдени мұраны жеткізуші белгілі тұлғалардың бейнесі арқылы халықтың тарихы мен рухани тереңдігін танытып, тәрбиелік мәнге ие туындылар арқылы эстетикалық құндылық қалыптастырады.
«Қазақфильмдегі» қолтаңба
Кино өнерінің дамуына қосқан үлесі де өлшеусіз. Қазақ киносының алтын ғасыры туралы сөз қозғағанда, экранның сыртында тұрып тұтас бір дәуірдің тынысын, ұлттың болмысы мен мінезін түс пен сызық арқылы тірілткен хас шеберлерді аттап өту қателік. Сондай бірегей тұлға «Қазақфильм» киностудиясында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен Қазақстанның Халық суретшісі, Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері Сахи Романов. Оның қатысуынсыз жарық көрген классикалық туынды кемде-кем.
Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтында білім алған түлек 1950 жылдары Қазақстанға оралады. Шығармашылық жолы осылайша елдегі басты мемлекеттік киностудия «Қазақфильмде» қоюшы-суретші әрі костюм суретшісі ретінде басталады.
Кинематограф корифейі, режиссер Шәкен Аймановпен ұзақ жылғы шығармашылық ынтымақтастығы бұл байланысты одан әрі тереңдете түседі.
Кадр сыртындағы әлемге жан бітірген сиқыршы Шәкен Айманов пен Мәжит Бегалиннің аңыз фильмдеріндегі әрбір киіз үйдің жабдығы, кейіпкердің киген киімі мен ұстаған қаруы – Сахидың қиялынан туған, тарихты тірілткен нағыз шедеврлері болды. Қазақ киносының классикасына айналған ондаған туындының бел ортасында Сұлтан Қожықов сияқты қазақ киносының алыптарымен де иық тіресе жұмыс істейді.
Құстың қос қанатындай кескіндеме мен кинодағы қызметін ешқашан бір-бірінен бөліп қарамаған. Керісінше, оның туындыларына кинематографиялық динамика, кадрлық тереңдік пен ерекше әсерлілік тән.
«Біз осында тұрамыз», «Өмір жолы», «Тұлпардың ізі», «Даладағы қуғын», «Алдар Көсе», «Ән қанатында», «Құлагер», «Ботакөз» сияқты ондаған бейнефильмдердің қоюшы-суретшісі ретінде ұлттық кинематографияның көркемдік деңгейін жаңа биікке көтерді.
Суретшінің қызы Айжан Сәдуақасова әкесінің болмысын былай деп еске алады: «Әкем айналасындағының бәрін өте байқампаздықпен бағалайтын. Адамдарды бақылағанды жақсы көретін, өйткені портрет жазуға ерекше шебер еді. Серуен кезінде табиғаттағы түстердің үйлесіміне дейін назар аудартатын».
Міне, осы байқампаздық пен шынайылық оның әрбір фильмінде «менмұндалап» тұрды. Ол кейіпкерлердің ішкі дүниесін, дүниетанымы мен мінез-құлқын декорациялар, киім үлгілері және кадр құрылымы арқылы сөйлете білді. Түсірілім тобымен бірге республиканың барлық аймақтарын аралаған іс-сапарлары суретші үшін болашақ шедеврлердің негізі болар мол этнографиялық деректер жинауға мүмкіндік берген.
Сахи Романов шығармашылығындағы ең жарқын әрі бетбұрысты кезең – 1969 жылы Баянауыл өңірінде, Торайғыр көлінің жағасында түсірілген «Найзатас баурайында» фильмімен байланысты. Бұл ұлы режиссер Шәкен Аймановтың өзі Бейсембайдың рөлін сомдаған ең соңғы фильмі еді.
Режиссер мен суретші арасындағы шығармашылық үндестік керемет өрбиді. Шәкен Айманов үшін сюжеттің өмірлік шындығы маңызды болса, Сахи бұл шынайылықты табиғат аясынан іздейді. Ол павильондық жасанды декорациялардан бас тартып, Баянауылдың асқақ ландшафтын басты фон ретінде таңдап, осы түсірілім барысында бірегей, қайталанбас жаңа стилді қалыптастырады.
Бүгінде Халық суретшісінің туындылары мен киноэскиздері Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында және Қазақстанның өзге де ірі музейлері мен жеке коллекцияларында сақтаулы. Сахи Романов қолынан шыққан әрбір кадрдағы костюм мен декорация нобайы – қазақ киносының тарихын жазған тірі шежіре.
Романов картиналарында кадрлық ойлау, қозғалыс пен драматургия сезіліп тұратынын айтады өнер зерттеушілері. Кинодағы қоюшы-суретші ретінде қазақ фильмдерінің визуалды тілін, ұлттық нақышын және атмосферасын қалыптастыруда төңкеріс жасап, ұлттық колорит пен тарихи дәлдікті кредосына айналдырған. Әр фильмге дайындық барысында мұрағаттар, этнографиялық материалдарды мұқият зерттеген. Картиналардағы киіз үйлердің ішкі жабдықталуы, кейіпкерлердің киімдері, қару-жарақтар мен тұрмыстық бұйымдар оның арқасында тарихи шындыққа сай әрі өте эстетикалық деңгейде бейнеленген.
Бірқатар өмірбаяндық және музейлік материалдарда Сахи Романовтың «Қамбар батыр» фильміне арналған эскиздері сақталғаны айтылған. «Қазақфильмде» жүріп, кино суретшісі деген мамандықтың мәртебесін асқақтатады. Ол кадр сыртындағы декорацияны жай ғана фон емес, фильмнің мінезін ашатын басты құралдың біріне айналдыра біледі.
Қазақстанның халық суретшісі, қазақ киносының алғашқы кәсіби киносуретшілерінің бірі, қазақ бейнелеу өнерінің көшін көш ілгерілеткен Сахи Романов 2002 жылы қайтыс болды. Десе де ол соңына ұлттық мәдениетіміздің алтын қорына айналған баға жетпес қазына, мәңгі өлмейтін, халқымен бірге жасап, уақыт өткен сайын қадірі арта түсетін кенен, кемел мұра қалдырды. Оның шығармашылық жолы халқымыздың рухани әлемімен, ұлттық болмысымен және өнерге деген шексіз сүйіспеншілігімен астасып жатты.
Бүгінде суретшінің көптеген туындылары ҚР Мемлекеттік өнер музейі қорында және жеке коллекцияларда сақтаулы.
Саналы ғұмырын саф өнермен суарған суретші ғибартты ғұмырында үлкен ізденіс, кәсіби шеберлігімен қазақ мәдениетінің берік діңгегін қалап кетті.
Дайындаған Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
06 маусым 2026 ж. 28 0

Қазақтың жарық жұлдызы

06 маусым 2026 ж. 29

Ғасырдан жеткен ғибрат

06 маусым 2026 ж. 24

№42 (1847)

06 маусым 2026 ж. 42

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930