Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақтың жарық жұлдызы

Қазақтың жарық жұлдызы

Орта Азия мен Қазақстан жастарының ХХ ғасырдағы жалынды жетекшісі, өз заманының патриоты, көрнекті қоғам қайраткері, Қазалы топырағының даңқты перзенті Ғани Мұратбаевтың өмірі – ел жадында мәңгі сақталатын тағылымды тарих.
Ғани Мұратбаев 1902 жылы 3 маусымда Қазалы уезінде дүниеге келген. Ол төрт жасқа келгенде әкесі Мұратбай қайтыс болады. Жастайынан зерек ұлдың білімге деген құштарлығын байқаған анасы Бәтима Ғаниды 9 жасында Қазалы қаласына көшіріп әкеліп, орыс-түзем мектебіне оқуға береді. Кейін ол Қазалыдағы бастауыш училищеде білімін жалғастырады. 1918 жылы 16 жасында Ташкент қаласына барып, қазақ-қырғыз педагогикалық училищесіне оқуға түседі.
Ғани Ташкенттегі педучилищеден кейін Халық Ағарту Институтында оқи жүріп, Финкельштейн атындағы мектепті де үздік бітірген. Институт қабырғасында жүріп-ақ, қазақ, қырғыз, өзбек жастарынан қамқорлығын аяған жоқ. Жанарында оты бар, келешек осыдан қоғамға қажетті тұлға шығады дегендердің барлығын Ғани Шығыс Университетке оқуға түсірді. Олардың жақсы оқып, сол замандағы талапқа сай орыс тілін жетік меңгеріп, марксизм идеяларын оқып-білуіне, қоғамдағы болып жатқан өзгерістер мен оқиғаларға жете мән берулерін қадағалайтын. Комсомолдармен кеңес өткізіп, комсомол ұйымының жұмысына көмек беріп, олардың таптық, саяси жағынан жоғары тұруларын көздейтін.
Ғани өміріндегі аса зор қуаныштың бірі оның 1919 жылы Коммунистік Жастар ұйымына мүше болып енгендігінді еді. Міне, осы күннен бастап Ғанидың барлық өмірі комсомолмен тығыз байланыста болды.
Ташкент қаласында еңбекші жастар ұйымы 1918 жылдан басталып құрылып, алғашында ол Лев Толстой атындағы Ташкент жастарының ұйымы, артынан еңбекші жастардың социалистік одағы, ал 1919 жылдан бастап Коммунистік Жастар ұйымы деп аталды. Түркістан комсомолының бірінші съезі қарсаңында бұл ұйымның құрамында бес мыңнан астам мүшесі болған.
Сол кезде саяси санасы да, жалпы білімі де көп жастардан озық Ғани Мұратбаев комсомолға жай мүше болып қана қоймай, оның алдыңғы қатарлы белсенді мүшесі, комсомол жұмысын ұйымдастырушылардың бірі болды.
Комсомол жұмысына белсене араласқан Ғаниды училище комсомолдықтар өздерінің жетекшісі, ұйымның секретары етіп сайлады. Ғани енді комсомол жұмысына түгелдей беріліп, еңбекші жастарды коммунистік рухта тәрбиелеуге кірісіп, партияның көмекшісі бола білді.
Түркістан республикасының алыс түкпіріндегі Жетісуда жұмыс істеген, Түркістан майданы революциялық-әскери Советінің өкілі Д. Фурманов, Жетісу еңбекшілері арасында саяси-ағарту жұмыстарын жүргізуді қажет деп тауып, РКП(б)-ның Түркістан жөніндегі комиссиясынан білімді, сенімді кадрлар жіберуді өтінген-ді. Көмекке жіберілген жастардың басында Ғани Мұратбаев тұрды. Ғани Верныйда педагогикалық курстың тыңдаушыларына сабақ берді. Ол тек оқытушылық қызметпен ғана шектелмей, жергілікті жастар арасында түрлі саяси жұмыстарды ұйымдастыруға атсалысты.
1921 жылдың наурызынан бастап, оқуынан қол үзбей жүріп, Түркістан Комсомолы Орталық Комитетінің қазақ-қырғыз жастары арасында жұмыс ұйымдастыратын Бюросының төрағасы болып сайланды. Осы кезеңде ол Түркістан комсомолының өкілі ретінде Орынбор қаласында өткен Қазақстан комсомолының бірінші съезіне қатысты.
1921 жылы 22 наурызда Ғани Мұратбаевтың бастамасымен Ташкент қаласында Түркістан Республикасы Комсомолының үні – «Жас Алаш» газетінің тұңғыш номері жарыққа шықты. Бүгінде аталған басылым 105 жылдығын атап өтуде.
Ғанидың өзі аз жасаса да, оның ісі мәңгілік жасайтынын тарих дәлелдеуде. Себебі, оның жүрген жолы мен сүбелі сөзі бүгінгі буынға да үлкен сабақ болып отыр. Ғаниды мәңгі есте қалдыру мақсатында 1967 жылы Ғанидың туғанына 65 жыл толу құрметіне қалалық кітапханада алғаш көрме ұйымдастырылса, 1968 жылы Қазалы аудандық Кеңесі атқару комитетінің шешімімен Қазақ ССР-і Мәдениет Министрлігінің 30.04.1981-жылғы № 121, халық депутаттары облыстық Кеңесінің 13.05.1981-жылғы № 261 шешімі, Қызылорда облыстық мәдениет басқармасының 19.06.1981-жылғы № 107 бұйрығымен Ғани Мұратбаевтың тарихи-мемориалдық музейі ашылды. Музейге ХІХ ғасырдың екінші жартысында Сібірден әкелінген ағаш бөренелерден салынған, бұрын орыс саудагерінің үйі болған, кейін Кеңес өкіметі тұсында Қазалы қалалық Кеңесінің кеңсесі қызметін атқарған тарихи ғимарат берілді.
Музей экспозициясының қалыптасуына ұстаздар М. Жанұзақов, Б. Құлсейітов, кітапханашылар С. Төлегенов, Ж. Төлеповалар зор үлес қосты. Ғанидың өміріне қатысты құнды құжаттар мен фотосуреттер зерттеуші-журналист Сейілхан Асқаровтан, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Т. Жұмабаев арқылы музей қорына жеткізілді.
1979 жылдан бастап музей облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы ретінде жұмыс істеп, 1981 жылы дербес музей мәртебесіне ие болды. 2019 жылдан бастап қайтадан облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы ретінде қызмет атқаруда.
1981-1984 және 1991-1992 жылдары музей ғимараты кеңейтіліп, қосымша құрылыс жұмыстары жүргізілді. 2023 жылы реэкспозиция жасалса, 2024 жылы тарихи ескерткіштер бөліміне реставрация жүргізілді.
Ғани Мұратбаевтың 75, 80, 90, 100 және 120 жылдық мерейтойлары, сондай-ақ музейдің 30, 40, 50 және 55 жылдық мерейтойлары республикалық деңгейде аталып өтті. 100 жылдық мерейтойда Мәскеудегі Ваганьков зиратынан топырақ әкелініп, музей экспозициясына қойылды.
Ғанидың 105 жылдығына орай «Мен – Ғанимын» жинағы, 2008 жылы «Ғани тағылымы», 2012 жылы «Ғани», 2014 жылы «Қазалы қаласының көшелері», 2016–2017 жылдары «Ғанидың Қазалылық ізбасарлары», 2018 жылы «Ғанидың қара шаңырағы» фотоальбомы жарық көрді. 2023 жылы музейдің 55 жылдығына орай «Әлімсақ» журналының арнайы саны – «Ғанидың шырақшысы Қазалыдағы мұражай» басылып шықты.
Ғани Мұратбаевтың туған күні жыл сайын музейі жанындағы Ғани алаңында өткізіледі. Іс-шарада қала көлеміндегі мекеме-кәсіпорындар арасында кіші футболдан Ғани атындағы ауыспалы кубок үшін дәстүрлі турнир ұйымдастырылып, жас ақындардың «Мәңгілік шырқар жырымсың» атты дәстүрлі мүшәйрасы өткізіледі. Биыл бұл жыр мүшәйрасына 20 жыл толып отыр. Сайып келгенде, осы атқарылып жатқан жұмыстар музей қызметкерлерінің жас ұрпақтарды патриоттық рухта тәрбиелеу, Ғанидың жасаған ісі мен өнегесін келешекке апарудың жарқын көрінісі.
Алдағы уақытта Ғани Мұратбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай республикалық деңгейде жоғары дәрежелі іс-шаралар өткізу жоспарлануда. Осы бағыттағы дайындық жұмыстары қазірдің өзінде бастау алды. Ерекше мәдени жаңалықтардың бірі – 125 жылдық мерейтой аясында жаңа театрлық жобаның қолға алынуы болды. Осы мақсатпен Алматы қаласынан арнайы келген «Almaty Film Academy» шығармашылық ұжымы Қазалы жеріне келіп, музей экспозициясымен танысып, тарихи құжаттар мен деректерді зерделеп, түсірілім жұмыстарын жүргізді.
Сапардың негізгі мақсаты – Ғани Мұратбаев тұлғасына арналған жаңа сахналық қойылымға материал жинақтау, пьесаның тарихи негізін қалыптастыру болды. Қонақтар қатарында Қазақстан Республикасының халық артисі, режиссер-драматург Ерсайын Төлеубай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Берікқан Төкенов, академия директоры әрі жоба жетекшісі Альбина Қапсәлім, контент-продюсер Есіл Орнықбайұлы және ақын Біржан Досжан болды.
Қонақтар музейдің ғылыми-танымдық жұмысына жоғары баға беріп, алдағы уақытта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниет білдірді. Бүгінде Ғани есімі тек тарих бетінде ғана емес, халық жадында, жас ұрпақтың санасында жаңғырып келеді. Оның өнегелі мұрасы уақыт өткен сайын тереңдеп, мән-маңызы арта түсуде.
Ақерке БЕРДІБАЙ,
Ғани Мұратбаевтың мемориалдық
музейінің ғылыми қызметкері


06 маусым 2026 ж. 28 0

Қазақтың жарық жұлдызы

06 маусым 2026 ж. 29

Ғасырдан жеткен ғибрат

06 маусым 2026 ж. 24

№42 (1847)

06 маусым 2026 ж. 42

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930