Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Әкім есебі: тұрғындарды не толғандырады?

Әкім есебі: тұрғындарды не толғандырады?

Жергілікті атқарушы билік пен халық арасындағы байланысты нығайту, ауылдың тыныс-тіршілігін жақсарту және өзекті мәселелерді ортаға салып, бірлесе шешу – бүгінгі күннің басты талабы. Осы мақсатта аудан әкімі Алмасбек Есмаханов ауыл тұрғындарымен кездесіп, өткен жылда атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыс және қала әкімдерінің халық алдында есеп беруін мемлекеттік органдардың ашықтығы мен халық алдындағы жауапкершілігін арттырудың басты құралы ретінде белгілеген болатын. Жыл сайын өтетін әкімдердің халық алдында есеп беру жиыны Басықара, Құмжиек және Жалаңтөс батыр ауылдарынан басталды. Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов бірқатар сала басшыларымен бірге елді мекендердің жай-күйін көріп, тұрғындармен кездесті. Кездесудің басты мақсаты – тек сандарды тізбектеу емес, ауылдағы өзекті мәселелерге құлақ түріп, уақытында тиісті шешімдер қабылдау. Жиында сөз алған аудан басшысы былтырғы жылы ауданда атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталып өтті. Әсіресе, инфрақұрылымды дамыту, жол мәселесін шешу, ауыл шаруашылығын қолдау және әлеуметтік сала нысандарын жаңғырту бағытындағы көрсеткіштерді тілге тиек етті.
Басықара ауылындағы кездесуде аудан басшысы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елде жүзеге асып жатқан ауқымды жобалар, Жаңа Конституцияның қабылдануы, конституциялық реформаларды жүзеге асырудағы өңір халқының ауызбіршілігі, Президенттің «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы мен елде өтіп жатқан маңызды жиындар жайында айтты. Одан соң Сыр өңірін 4 жылдан астам уақыт басқарған Нұрлыбек Нәлібаевтың жетекшілігімен жүзеге асқан, ел игілігіне бағытталған ауқымды жобалар туралы, сондай-ақ аймақ басшысы Мұрат Ергешбаевтың қолдауымен өңірде және ауданда атқарылып жатқан жұмыстар жайында сөз қозғады. Аудан көлемінде білім, мәдениет, денсаулық сақтау, инфрақұрылым, газдандыру, ауыз сумен қамту, электр желілерін жаңғырту және жолдарды жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды да атап өтті.
Басықарада өткен кездесуде тұрғындар бірқатар түйткілді мәселелерді көтерді. Мәселен, округ ішіндегі жолдарды жөндеу, әлеуметтік нысандарды газға қосу, білім саласына қатысты мәселелер және балабақшаға жөндеу жұмыстарын жүргізу керегі айтылды. Аудан әкімі тұрғындар көтерген мәселелердің әрқайсысына жеке тоқталып, сұрақтарға толыққанды жауап берді. Сондай-ақ кейбір мәселелер бойынша алдағы уақытта заңдылыққа сәйкес зерделеу жұмыстары жүргізіліп, тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді. Ауылдық округ әкіміне, мектеп, балабақша және ауылдық клуб басшыларына халықпен тығыз байланыста болып, елді мекенде тұрғылықты тұрып, ел игілігі жолында елмен етене жұмыс жасауды нықтап тапсырды.
Есепті кездесу Құмжиек пен Қарашеңгел ауылдарында жалғасты. Мұнда аудан басшысы алдағы уақытта аудан халқының игілігі үшін атқарылатын жұмыстарға тоқталып, ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірін тыңдады. Жиынның ең маңызды бөлігі дес осы – «сұрақ-жауап» форматы. Ауыл тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді ашық айтты. Тұрғындар тарапынан жаяу жүргіншілер жолын салу, электр желілерін жаңғырту, елді мекен ішіндегі көшелерге жөндеу жұмыстарын жүргізу сынды ұсыныстар айтылды. Көтерілген мәселелердің барлығын мұқият тыңдап, нақты жауап берген аудан әкімі халықтың әрбір ұсынысы назарда болатынын, оларды оңтайлы шешу жолдары қарастырылатынын жеткізді. Кейбір мәселелер сол жерде түсіндіріліп, нақты жауаптар берілсе, күрделірек сұрақтар бойынша аудан әкімі тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, орындалуын бақылауға алды.
– Біз үшін ең бастысы – халықтың әл-ауқатын көтеру. Әрбір ауыл, әрбір шаңырақ мемлекеттік қолдауды сезінуі тиіс. Сіздер көтерген мәселелер – біздің жұмыс жоспарымыздың негізгі бағыты, – деді аудан басшысы сөз арасында.
Алмасбек Есмахановтың есеп беру жиыны Ғани Мұратбаев, Абай ауылдары мен Қазалы қаласында жалғасты. Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімдігіне қарасты бөлім басшылары мен тиісті сала мамандары қатысты.
Ғани Мұратбаев ауылында өткен кедесуде ауыл халқы елді мекендегі Ақтан батыр және Жамбыл көшелерін асфальттау, жеке мал шаруашылығын ашуға жер телімін алу мәселесін, ал абайлықтар ауылға тиесілі мал жайылымдық жерлерін белгілеу сынды мәселелерді көтерді. Аудан әкімі Ғани Мұратбаев ауылындағы көшелерді асфальттау бойынша жыл сайын аудандағы әрбір елді мекендерде кезектілікке сәйкес бір-екі көшеден күрделі жөндеу жұмыстары жасалып жатқандығын айтып, Мұратбаев ауылында да алдағы уақытта кезектілікке сәйкес елді мекенішілік көшелерге жөндеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Ал мал шаруашлығымен айналысуға ниетті азаматтарға ауданның Қарақұм беткейінен мал шарушылығы үшін арнайы жер берілетінін айтты. Тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына заңдылыққа сәйкес жұмыс жасауды тапсырды.
Қазалы қаласында өткен кездесуде тұрғындар елдегі жасалып жатқан игі жұмыстарын оң бағалап, ақсақалдар батасын берді. Халықпен өткен кездесулерден кейін аудан басшысы жеке мәселелері бойынша жүгінген тұрғындарды қабылдап, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Одан соң аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қос батыр атындағы Ақтан және Жанқожа батыр ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Кездесуде атқарылған жұмыстар легі сараланып, бюджет қаражаты есебінен көптеген маңызды жұмыстар атқарылып жатқаны жеткізілді. Ең ауқымды жобалардың бірі - Қарлан көпірінің, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Ү. Түктібаев ауылдарында орамішілік газ желілерін тарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын, өткен жылы аудан халқы 100 пайыз таза ауыз сумен қамтылғанын атап өтті. Сонымен қатар биыл Әйтеке би кенті мен Қожабақы ауылында спорт кешендерінің құрылысы аяқталып, жуық арада ел игілігіне берілетінін жеткізді. Облыс көлемінде биыл 10 ауылға газ желісі жүргізіліп жатса, соның 4-еуі біздің ауданға тиесілі екенін атап өтті. Тұрғындар тарапынан да бірқатар ұсыныс-пікірлер айтылды. Соның ішінде Семей сынақ полигонында әскери борышын өтеген азаматтарды қолдау, әлеуметтік көмек көрсету, спорт кешендері мен балабақша салу мәселелері көтерілді. Аудан әкімі егер кәсіпкерлер жеке балабақша ашуға ниет білдірсе, қажетті жер телімдері заң талаптарына сәйкес берілетінін және мемлекет тарапынан қолдау болатынын, бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын айтты. Бұдан бөлек, жайылымдық және шабындық жерлерді суландыру, Жанқожа батыр ауылындағы электр желілерін жаңғырту, ауылындардағы бірқатар көшелерді жөндеу мәселелері де сөз болды. Жайылымдық, шабындық жерлерді суландыру бойынша «Қазалысушар» өндірістік учаскесінің басшысына ауылдық округ әкімдерімен және ауыл шаруашлығы бөлімімен бірлесе отырып, тұрғындар көтерген мәселе бойынша жұмыс жасауды тапсырды. Ал электр желілерін жаңғырту бойынша Жанқожа батыр ауылында ауылішілік электр желілерін жаңғырту бойынша жұмыстар алдағы уақытта жоспарланып отырғанын жеткізді. Аудан әкімі тұрғындар тарапынан айтылған басқа да ұсыныс-пікірлерді назарға алып, заңды тұрғыда жауап берді.
Одан соң Алмасбек Есмаханов Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев ауылдарында барды. Кездесу барысында ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлері тыңдалып, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы жоспарлары кеңінен талқыланды. Аудан әкімі жүзеге асып жатқан ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың өңір дамуына оң әсер етіп отырғанын атап өтті. Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында халықпен кері байланыс күшейіп, ауылдардың инфрақұрылымын жаңғырту, тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын айтты. Сонымен қатар Аймақтағы ауқымды жұмыстардың легі талқыланды. Өңірде әлеуметтік нысандар салынып, инженерлік инфрақұрылым жаңартылып, ауылдарды дамытуға бағытталған жобалар кезең-кезеңімен іске асырылғанын атап өтті.
– Бүгінде облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының жетекшілігімен де халық игілігі үшін маңызды жобалар жалғасуда. Аудан көлемінде әлеуметтік нысандарды жаңғырту, жол, электр, газ және ауыз су инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биыл жыл басында Бекарыстан би ауылында заманауи спорт кешені пайдалануға берілсе, Майдакөл ауылында өткен жылы 100 орындық ауылдық клуб ел игілігіне табысталды. Ү.Түктібаев ауылында биыл электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Биыл Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев ауылдарында орамішілік газ желілерін жүргізу жұмыстары басталып, жыл соңына дейін 4 ауылды көгілдір отынға қосу жұмыстары жоспарланып отыр. Жуық арада Әйтеке би кенті мен Қожабақы ауылында құрылысы жүргізілген жаңа спорт кешендерін пайдалануға беретін боламыз. Бұл жұмыстар ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып, инфрақұрылымды дамытуға үлкен серпін бермек, - деді аудан басшысы.
Кездесуде ауыл тұрғындары тарапынан бірқатар маңызды мәселелер көтерілді. Атап айтқанда ауылішілік көшелерге жөндеу жұмыстарын жүргізу, жайылымдық жерлерге мал суару үшін бұлақ қазу, Майдакөл ауылының жайылымдық жеріндегі Шағатай бұлағының көзін ашу, ветеринария саласындағы өзекті мәселелер мен мал ауруларының алдын алу үшін дезинфекция жұмыстарын күшейту және Ү.Түктібаев ауылындағы бір көшеге жаяу жүргіншілер жолын салу мәселесі айтылды. Аудан әкімі тұрғындар тарапынан айтылған әрбір ұсыныс пен пікірге жеке-жеке тоқталып, заң талаптарына сәйкес жауаптар берді. Көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табатынын айтып, жауапты сала басшыларына тұрғындар ұсынысына сәйкес нақты тапсырмалар жүктеді.
Аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың есебі дарияның арғыбетіндегі Жанкент, Бірлік және Қожабақы ауылдарында тыңдалды. Елді мекендерде өткен кездесулерде аудан басшысы алдымен ауданымызда атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып, қол жеткізген жетістіктер мен алдағы мақсат-міндеттерді тілге тиек етті.
– Ауданда білім, мәдениет, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, құрылыс, кәсіпкерлік салалары мен инфрақұрылымды жақсарту, газдандыру, ауыз сумен қамту, электр желілерін жаңғырту және жақсы жағдайдағы жолдардың үлесін арттыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Сыр өңіріне жасаған қолдауымен, аймақты 4 жылдан астам уақыт басқарған Нұрлыбек Нәлібаевтың басшылығымен өңірде ауқымды жобалар жүзеге асты. Биыл жылдың басында Бекарыстан би ауылында заманауи спорт кешені пайдалануға берілсе, Майдакөл ауылында өткен жылы 100 орындық ауылдық клуб ел игілігіне табысталды. Қарлан көпірінің құрылысын аяқтауға тиісті қаржы бөлініп, бүгінде көпір құрылысы қарқынды жүргізілуде. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында, Қазалы қаласы, Қожабақы ауылы және Ү.Түктібаев ауылдарының электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары, Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығында электр энергиясының тұтыну қуаттылығын арттыру мақсатында қосалқы стансасының құрылысы жүргізілді. Елді мекендерді көгілдір отынмен қамту бойынша Абай және Ақтан батыр ауылдары газға қосылса, биыл Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев ауылдарында орамішілік газ желілерін жүргізу жұмыстары басталып, жыл соңына дейін 4 ауылды көгілдір отынға қосу жұмыстары жоспарланып отыр. Аталған 4 ауылды толықтай көгілдір отынмен қамтығаннан кейін дарияның арғыбетіндегі Өркендеу, Бірлік, Қожабақы бағытындағы ауылдарға да магистральды газ желілерін жүргізу жоспарланып отыр. Жуық арада Әйтеке би кенті мен Қожабақы ауылында құрылысы жүргізілген жаңа спорт кешендері пайдалануға берілетін болады. Жол жөндеу жұмыстары бойынша аудан орталығы мен елді мекендерде бірқатар жобалар жүзеге асуда, - деді Алмасбек Есмаханов.
Аудан басшысы алдағы уақытта облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қолдауымен аудан халқының әл-ауқатын арттыру бағытында жоспарланған бірқатар жұмыстар жайында да айтып өтті. Тұрғындар тарапынан Жанкент ауылына спорт кешенін салу, көшелерді жарықтандыру, жайылымдық жерлердегі су тапшылығына байланысты су ұңғымасын қазу, электр желілерін жаңғырту, Қожабақы ауылында жуық арада пайдалануға берілетін спорт кешенінен спорттың бокс, күрес түрлерінен үйірмелер ашу және Аранды ауылына барар аудандық маңызы бар автомобиль жолын жөндеуге байланысты бірқатар ұсыныстар айтылды.
Аудан басшысы су ұңғымасын қазу бойынша жауапты сала басшыларына ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп, ұсыныс беруді тапсырды. Елді мекендердегі тозығы жеткен электр желілерін қайта жаңғырту бойынша кезең-кезеңімен жобалар жүзеге асып жатқанын, Аранды ауылының жолына байланысты жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынып, тиісті қаржы бөлінген жағдайда жол жөндеу жұмыстары басталатынын айтты. Тұрғындар тарапынан қойылған бірнеше сауалға нақты жауап беріп, көтерілген мәселелерді шешу бойынша кезең-кезеңімен жұмыстар жасалатынын жеткізді.
Аудан әкімінің ауыл тұрғындарымен есепті кездесулерінде Президент бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына тоқталып, барша тұрғындарды елдік іске ауызбіршілікпен атсалысуға шақырды. Халықпен кездесу – биліктің халыққа жақындығының көрсеткіші ғана емес, сонымен бірге ортақ мақсат жолындағы ынтымақтастықтың белгісі. Тұрғындар да өз кезегінде атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, ауылдың дамуына өз үлесін қосуға әзір екенін жеткізді.
Иә, ауыл халқының сенімі – әкімдіктің жұмысына берілетін ең үлкен баға. Тұрғындар да, билік те бір мақсатқа – елдің дамуына жұмылған. Ендігі кезек – айтылған сөздердің нақты іске асуында.
Айнұр ӘЛИ
06 маусым 2026 ж. 22 0

Қазақтың жарық жұлдызы

06 маусым 2026 ж. 28

Ғасырдан жеткен ғибрат

06 маусым 2026 ж. 24

№42 (1847)

06 маусым 2026 ж. 42

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930