«Жасыл ел» – елжанды жастар жасағы
Биыл ауданда жастарды жұмыспен қамтуға және олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған «Жасыл ел» еңбек жасағы кезекті жұмысын бастады. Жобаға қатысуға ниет білдірген жастардың қатары жыл сайын артып келеді. Бұл олардың туған жердің көркеюіне үлес қосуға деген ынтасының жоғары екенін көрсетеді.Осыған орай аудан әкімі «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшелерімен арнайы кездесіп, жаңа еңбек маусымының ашылуымен құттықтады. Кездесу барысында жастардың ауданның санитарлық тазалығын сақтауға, көгалдандыру жұмыстарына белсенді қатысып, қоршаған ортаны қорғауға қосып жүрген үлесі ерекше атап өтілді.
Аудан басшысы өз сөзінде «Жасыл ел» жобасының жастарды еңбекке баулудағы, жауапкершілік пен тәртіпке тәрбиелеудегі маңызына тоқталды. Оның айтуынша, бұл бастама жас ұрпақтың бойында еңбекқорлық, отансүйгіштік және азаматтық жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді.
– «Жасыл ел» – жастарға маусымдық табыс табудың ғана емес, туған өлкеге қызмет етудің үлкен мектебі. Сіздер ауданымыздың тазалығы мен көркеюіне атсалысып, ел игілігі үшін еңбек етіп келесіздер. Бұл – шынайы патриотизмнің жарқын көрінісі. Қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып жүрген әрбір жастың еңбегі жоғары бағалауға лайық. Алдағы еңбек маусымында да ұйымшылдық танытып, жауапкершілікпен жұмыс атқарады деп сенемін. Баршаңызға зор денсаулық, мол табыс, қажымас қайрат және сәттілік тілеймін, – деді аудан әкімі.
Кездесу барысында жастар өз ой-пікірлерімен бөлісіп, алдағы жұмыс жоспары жөнінде әңгімелесті. Сондай-ақ еңбек жасағының негізгі міндеттері мен жұмыс бағыттары түсіндірілді.
Айта кетейік, биыл аудан бойынша «Жасыл ел» еңбек жасағына 110 жас тартылып отыр. Олар жаз айлары бойы аудан аумағындағы саябақтар мен қоғамдық орындарды абаттандыру, ағаш көшеттерін отырғызу, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар жастар республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылатын түрлі шараларға белсенді қатысып, қоршаған ортаны қорғау мен табиғатты аялауға өз үлестерін қоспақ.
А. ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ













