Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ерге кек немесе аңызға айналған ана

Ерге кек немесе аңызға айналған ана

Сыр топырағына табаны тиген әрбір адам осы бір қасиетті мұнара туралы аңызды қызыға тыңдайды. Қазақстанның 100 қасиетті орындары мен кешендерінің тізімінің қатарына енген киелі орын туралы аңыз әрі ақиқатқа айналған тұлғаның тылсымы неде? Бүгінгі тақырып осы туралы болмақ.
Арал ауданының Жаңақұрылыс ауылынан оңтүстікке қарай 40 шақырым жерде орын тепкен менмұндалаған кесене сыры терең иірімге баурайды. Тарихы шамамен Х-ХІІ ғасырларға тиесілі сәулет өнерінің озық туындысы бүгінде мемлекет қорғауында.
Жергілікті жұрттың арасында ауызша жеткен аңыз желісі бойынша Бегім ана ұлы ойшыл, дін қайраткері Қарабура әулиенің қызы. Бегім сұлу әулиенің жалғыз перзенті, аса көрікті қызы болыпты. Ақылына көркі сай, текті аруға Санжар сұлтанның назары түседі. Жастар бір-бірін ұғынысып, ұзамай шаңырақ көтереді.
Бұл оқиға арнайы ұйымдастырылды ма, әлде кездейсоқ болды ма, ол жағы ешкімге беймәлім. Бізге анығы, бір жолы сұлтан аңға шығып бара жатып, қанжарын үйінде ұмыт қалдырады. Оны алып келуге жанына ертіп шыққан құлын жұмсайды. Құл сұлтанның тапсырмасын үй сыртында тұрып қожайынының жарына мәлімдейді. Арада аз уақыт өткен соң үйдің жабдығынан қанжарды беріп жатқан ханымның аппақ білегі мен саусақтарын көрген құл есінен танады. Ол есін жиғанша біраз уақыт өтіпті. Құлдың мұншалықты кешіккеніне ашуланған сұлтан қаһарын төгеді. Өз әрекетіне не деп жауап берерін білмеген құл: «Бәріне ханым кінәлі, қанжарды ала бергенімде, менің қолымнан ұстап, кетпеуімді қалады, – деп жалған жала жабады. Мұны естіген Санжар жедел ордасына оралып, істің ақ-қарасына үңілмей, Бегім сұлуды зынданға тастап, жұбайының оң қолы, оң бұрымын кесіп, оң танауын тіледі. Қатыгездік пен әділетсіздіктің құрбаны болған ханымға ешкім араша болмай, ел арасында дақпырт тарайды. Жалған жаланың құрбанына айналып күйінген сұлу әбден қалжырап, көзі ілінгенде: «Балам, еріңе шыныңды айт. Адал болсаң, Алланың қалауымен бәрі қалпына келеді, ал рас болса, осы күйіңде қалып, менің де, елдің де наласына ұшырайсың», – деп аян берген әкесі ғайып болады. Сол түні Қарабура әулие күйеу баласының да түсіне еніп: «Шырағым, сен де менің бір балам едің. Істің ақ-қарасын анықтап, жаза қолданғаның дұрыс еді. Жазықсыз жанды жәбірлеу – ауыр күнә. Еліңді жылан жұтсын», – деп теріс батасын береді.
Төсегінен шошып оянған Санжар дереу зынданға нөкерлерін жібергенде таң-тамаша болады. Барлық ел Бегім сұлудың бәз баяғы қалпына түскенін көреді. Көп ұзамай, сол күні іңір түскенде аспаннан үлкен бір мес құлайды. Местің ішінен шыққан жыландар кент тұрғындарының бірін қалдырмай шағып, түгелдей түбіне жетіпті. Бұл көрініске куә болған ол құсқа айналып ұшып кетіпті. Ақ құсқа айналған ару кейін осы күмбезді салдырып, қалған жұмбақ ғұмырын сонда өткізген деседі.
Тақырып туралы зерттеушілер Бегім деген атау сұлтан әйелінің аты немесе бектің әйелі деген ұғымды білдіретіні туралы жан-жақты пікір айтуда. Ал есімге «ана» атауының тіркесуінің сырын жұртшылықтың ықыласынан туған ниет болуы бек мүмкін.
Биіктігі 10,5 метр болатын мұнара шикі кірпіштен құйылған. Жоғарыға қарай сәл конустанып келген, сегіз қырлы призма пішінді төбесі пирамида болып біткен. Мұнара ескерткіш үшін, әлде белгі беруге, қарауыл қарауға арналып салынуы да мүмкін деген болжам бар. «Мұнаралы кесене» деген мұндай ескерткіштер Иран, Түркия, Әзербайжанда кең тараған. Тарихшылар ол елдерге Арал аймағынан түркі тайпаларының ығысып баруы мүмкін дегенді айтады.
Мұнараға 1989 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген.
«Көне жәдігердің сәулеттік құрылысы да ерекшелігімен көз тартады. Қалың көпшілік әйелдер қауымы үзілместен әулие ананың басына барып түнеп, дұға оқып, құлшылық жасап, мінәжат етеді. Ертеректе ер адамдар мұнарадан екі жүз метр жерден әйел адамдарды қалдырып, өздері кетіп қалатын болған», – дейді Бегім ана туралы бірнеше зерттеудің авторы, өлкетанушы, Гүларша Хұсайынқызы.
Жұртшылық тілек тілеп, тәуәп етіп баратын орын адамдардан ешқашан босамаған. Алладан сұрап, осы орынға мінәжат еткен талай жанның тілеуі орындалып, бақыты баянды болып, денсаулықтары дұрысталған. Кесене маңындағы түнеуханаға түнеген жандардың тылсымға толы қызықты оқиғалары жеке тақырыпқа арқау.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
31 шілде 2021 ж. 1 131 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031