Меже мен міндет үйлесім тапқан
Жақсы тұрмыстың өлшемі көп. Алайда халық үшін зәулім үй, жайлы төсек, қымбат көлік, сәнді киімнен бұрын шаңырағында тіршілікке қажетті қарапайым игіліктердің болғаны маңыздырақ. Солардың ішіндегі ең маңыздысы – ауызсу. «Нұра топтық су құбыры» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынға қарасты «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырын пайдаланушы Қазалы өндірістік бөлімшесі аудан тұрғындарын тіршілік көзімен толық қамтуды мемлекеттің негізгі міндеті деп қана қоймай, өздеріне берілген меженің үдесінен шығуға әрдайым тырысып келеді.
Бүгінде тұтынушылардың тілегін толық қамтуға күш жұмсап жүрген мекемеде185 адам қызмет етеді.
Бөлімшеге қарасты 23 насос стансасы, 2 дана су қыспақты мұнарасы, 298 шақырым магистралды су құбырлары, 399 шақырым ішкі су тарату және 388 шақырым сервистік су желілері бар. Аталған құбырлар мен тарату желілері Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы, сондай-ақ 22 елді мекен бойынша 15 181 үйде тұратын 83 860 адамды, 106 бюджеттік және 374 шаруашылық қызмет жүргізетін өзге де мекемелерді ауызсумен қамтуда.
Жауапты жұмысты қалтқысыз орындап жүрген мекеме қызметкерлері мезгіл талғамай, маңызды міндетті жүйелі орындап жүр. Бұл сөзімізге аталған ұжымның жыл көлемінде жоспарланған межені 106,4 пайызға орындағаны дәлел болса керек. Яғни өткен жылы таратылатын ауызсудың көлемі 1 668 718 текше метр болса, ол артығымен орындалып, 1 775 118 текше метр ауызсу таратылған. Оның 1 711 618 текше метрі тұрғындарға жеткізілген.
«Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырын пайдаланушы Қазалы өндірістік бөлімшесі халықты үзіліссіз және сапалы ауызсумен қамтамасыз етуде қыруар жұмысты шама-шарқынша атқаруда. Әйтсе де кез келген жұмыс барысында өзіндік қиындықтар болатыны жасырын емес. Дәл осындай кедергімен мұндағы қызметкерлер берілген судың ақысын өндіріп алу кезеңінде ұшырасып жатады. Дегенмен олар өздеріне жүктелген міндеттен жаңылмай, тұрғындарды тұтынған су мөлшеріне сай өз еріктерімен төлемақы жасауға жұмылдырып, уақытынан кешіккен тұрғындарға ескертпе жасап, түсіндірме жүргізуді де ұдайы ұйымдастырып келеді.
Бөлімше басшысы Дәулетбек Тұяқбаевтың айтуынша, ауызсуды пайдаланып отырған бюджеттік және өзге де мекемелерді, жеке кәсіпкерлерді қоспағанда, тұрғындардан су есептегіш құралымен текше метрі 30 теңгеден, су есептегіш құралынсыз текше метрі 40 теңгемен жеңілдетілген тарифпен төлем жиналған. Ал қалған тариф айырмасы бюджет есебінен субсидия түрінде төленген. Көше колонкасынан тасып ішетін тұрғындар бекітілген норматив бойынша адам басына тәулігіне 50 литр ауызсу тұтынады. Осыған сәйкес ауызсуды көшеден тасып ішетін 64 үйдің 140 тұрғынына, адам басына шаққанда 60 теңгеден төлем жүргізілді, – дейді бөлімше басшысы.
«Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырын пайдаланушы Қазалы өндірістік бөлімшесінің басшысы Дәулетбек Тұяқбаев ауызсуды белгіленген мөлшерде артық тұтынған жағдайда тұтынушылардың наразылық тудырып, төлем жасауға құлықсыздық танытатынын айтып қалды. Бұл көбіне олардың тарифті дұрыс түсінбегенінен орын алатын көрінеді. Осы орайда ол көптің көкейіндегі сауалдарға жауап беру үшін, ауызсуды белгіленген мөлшерден тыс тұтынғанда қалай төлем жасау керектігін толыққанды түсіндіріп берді. Сөзіне сенсек, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің 2023 жылғы 27 қазандағы №48-НҚ бұйрығымен 2023 жылдың 1 желтоқсаннан бастап 1 текше метр ауызсуды магистралды құбыр жолдары және таратушы желілер арқылы беру қызметіне ҚҚС-сыз 341,71 теңге, ҚҚС-мен 382,72 теңге мөлшеріндегі тариф қолданысқа енгізілді. Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2021 жылдың 27 шілдедегі №394 бұйрығымен бекітілген ауыз сумен жабдықтау құнын субсидиялау Қағидаларына өзгерістер енгізілуіне байланысты бір адамға тәуліктік ауызсу нормасы 140 литр немесе айына 4,3 текше метр көлемінде бекітіліп, 2021 жылдың 16 тамызынан бастап қолданысқа енді. Осыған байланысты жаңа Қағида қолданысқа енген уақыттан бастап, тұтынушылар белгіленген норма шегінде ауызсу тұтынған жағдайда текше метріне 30 теңгемен, нормадан асып кеткен жағдайда артық көлеміне толық бағамен 382,72 теңгемен төлем жасайды, – дейді ол.
Ауызсу жеткізуші болып табылатын «Арал-Сарыбұлақ топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесінен Әйтеке би кентіндегі №1 су көтеру бекетіндегі жалпы сыйымдылығы 21750 текше метрлік су қоймаларына тәулігіне 7500-8500 текше метрге дейін ауызсу қабылданып, кент, қала және ауылдық елді мекендер тәулік бойы үздіксіз ауызсумен қамтамасыз етілді.
2023 жылы ауыз су шығындарының жалпы көлемі – 14 663 текше метрді құрады. Оның ішінде су құбырларында орын алған ақаулардың су шығыны – 1613 текше метр, жоспарлы түрде су қоймалары мен ауызсу жүйелерін көктемгі жуып-шаю және залалсыздандыру жұмыстарына – 10200 текше метр, өрт сөндіру шығындарына – 667 текше метр, ауызсу нысандарының ауласын көгалдандыруға – 2 183 текше метр шығындалды.
Бөлімшеге қарасты ауызсу жүйелерінің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын жоспарлы алдын ала жөндеу жұмыстарының кестесі бекітіледі. Осы жоспарлы алдын-ала жөндеу жұмыстарына кестеге сәйкес кент, қала, ауылдық елді мекендер бойынша су тарату бекеттерінің ауласындағы және ішкі су тарату құбырлары бойында орналасқан 5980 дана көру құдықтарының іші лайдан тазартылып, ішіндегі ашып-жабу арматураларына, өрт гидранттарына техникалық күтім жасалды.
Күтім кезектен тыс жасалғанымен су тарату ісінде кедергі келтіріп тұр. Өйткені су тарату бекеттеріндегі су қыспақты мұнаралардың көбінінң нормалық тозығы жеткен. Тіпті алдағы уақытта ауыстыруды да қажет етеді.
Бүгінде Әйтеке би кенті №1 су көтеру бекеті мен Басықара ауылы №12 су тарату бекеті аралығындағы ұзындығы 16 шақырым, диаметрі – 225/160/110мм магистралды су құбырына, Әйтеке би кенті №1 су көтеру бекеті мен Қазалы қаласы №13 су тарату бекеті аралығындағы ұзындығы 10 шақырым, диаметрі 315мм магистралды су құбыры қайта құрымдауды қажет етіп, ауыстырудың кезегін күтіп тұр.
Мекемеде жоспарлы жұмыстарды ұйымдастыру да жолға қойылған. Мысалы, жыл сайын көктем-күз мезгілдерінде Қазалы ауданы №9 өрт сөндіру бөлімі тарапынан бөлімшеге қарасты өрт гидранттарының техникалық жағдайына тексеру жүргізіледі.
Жоспарлы түрде көктемгі-күзгі маусымдарға байланысты аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының қызметкерлерімен бірлесе отырып, барлық магистралды су құбырларына, ішкі су тарату желілеріне, су қоймаларына жуып-шаю және залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар барлық насос стансаларының аумағында санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп, темір-бетон қоршауларын әктеу, темір қақпаларын сырлау және насос қондырғыларына, электр трансформаторларына техникалық күтім жасау жұмыстары атқарылады.
Ұйымшыл ұжым «Таза қаланың тынысы кең» деген сөзді ұран етіп, ауданда ұйымдастырылатын ауқымды тазалық жұмыстарынан да қалыс қалған емес. Барлық ауызсу нысандарының аумағын жасыл желекке айналдырып, тазалық жұмыстарын кеңінен жүргізуде. 26 нысан бойынша 1 737 дана ағаш отырғызып, бұрыннан көктеп тұрған 8 910 дана ағаш күтімге алған. Бүгінде барлық ағаш саны – 10 647 дананы құрайды.
Бөлімшеде тұтынушыларға ауызсу тарату қызметімен қатар бекітілген калькуляцияға сәйкес сервистік су құбырын жүргізу, су есептегіш құралын орнату, су есептегіш құралын ауыстыру, көру құдығынан құбырға қосу, аула ішілік су құбырларына техникалық қызмет көрсету тағы басқа да өзге қызмет түрлері көрсетіледі.
Су – ырыс көзі, тіршілік бұлағы болғандықтан аудан тұрғындарын ауызсумен қамту мәселесінің қарқынды жүргені құптарлық. Алдағы уақытта бөлімше бойынша жоспарланған жұмыстар өз дәрежесінде атқарылып, тұтынушыларды сапалы ауызсумен тұрақты қамтамасыз ету үздіксіз жалғаса береді.
Меже мен міндетті қатар үйлестіріп, халық үдесінен шығуды басты мақсаты санайтын бөлімшенің жұмысы одан әрі жанданып, жұртшылықты ризашылыққа бөлері сөзсіз.
Арайлым ЖҮСІПОВА