Осман империясы заманында соғылған алқа
Мүсірәлі Жәдікұлы 17 ғасырдың екінші жартысы – 18 ғасырдың басында өмір сүрген. Әжіқожа Мүсірәлі сопы әзиз – Үш жүздің пірі, діни қайраткер, әулие болған. Діндар, сопылығы мен тақуалығына орай Әжіқожа аталып кеткен. 1680 жылы Күлтөбеде Тәукені хан сайлағаннан кейін қазақ билері Мүсірәліні үш жүзге ортақ пір етіп жариялайды. Есіміне сопы әзиз атағы қосылады. Мүсірәлі қазақ халқының әдет-жосындарының жиынтығы "Жеті жарғыны" әзірлеуге қатысты деген деректер кездеседі. Мүсірәлінің 6 баласының бірі Қосымқожа да, оның ұлы Әбжел де пір болған.
Бағзыда қазақ қоғамында орақ ауызды көсемдерге ерек құрмет көрсеткен. Халық арасында сыйлы шешендерді би сайлап, дау-дамай тәртібін қатаң сақтауға тырысқан. Әр жүзден сенім артқан билер тағайындалып, жүйе күшейген. Мәселен, Ұлы жүзге – үйсін Төле би, Орта жүзге – қаз дауысты Қазбек би, Кіші жүзге – Әйтеке бидің би болғаны белгілі. Бұл шақта ортақ пір сайлау үрдісі қолға алынды. Үш биге пір тағайындау міндеттеледі. Әйтеке би ел аралап, әулие-көріпкел адамды іздеуге кіріседі. Бір сапарында діни оқу орнына барып, оқытушы ғұламамен кеңеседі. Әйтеке би ұстаздан «Білім алушы шәкірттер арасында пір болуға лайықты бала бар ма?» деп сұрайды. Ғұлама ұзақ ойланып: «Мен осы балалардың кейде әулиелігін, көріпкелдігін, оқу дәрежесін бақылаймын. Байқағаным, шәкірттердің ішінде кішкене ақсары бала басымдау. Бір күні оқу арасында үзіліске шыққанда кіреберіс есік астына Құранды білдірмей көміп қойдым. Балалар есіктен жапатармағай кіріп жатқанда әлгі бала кірмей, есік алдында тұрып қалды. Сен неге кірмейсің дегенімде: «Тақсыр, ана көмгеніңізді алсаңыз кіремін» деді. Сол кезде шәкірттерге көрсетіп Құранды алып: «Міне, көрдіңдер ғой» дедім. Мұным қастандық болмауы үшін әрі білім таластық болмауы үшін жасаған әрекетім еді. Осындай мысалдың бірнешесі ел арасында айтылып жүр. Кейіннен ғұлама айтқан ақсары шәкірт Мүсірәлі үш жүзге пір атанған.
Бүгінде Түктібаев ауылының "Орынбет ишан" мешітінің имамы Ғабдулла Іззат Мүсірәлі сопының 9-ұрпағы. Мүсірәлі қожа, Қосым Қожа, Әбжел машайық, Дәрменқұл ишан, Орынбет ишан, Балымбет ахун, Кәден ишан, Іззатулла, Иниятулла, Ғабдулла. Ол аталарына қатысты тың деректер мен ресми құжаттарды іздеп, тапқан. Қолында біраз құнды дүние сақтаулы. Алдағы уақытта солардың барлығынан жинақ құрап, жарыққа кітап шығаруды діттеп отыр. Бұл үшін әрине демеуші мен қомақты қаражат қажет.
Сол замандағы қазақ қауымы сыйлаған пірдің ұрпағы Ғабдулла имамның қолында әжелерінен қалған аманаты күміс алқа бар. Көнеден келе жатқан бағалы әшекей таза күмістен жасалған Осман империясының тиындар жиынтығынан дайындалған. Григориан жыл санауымен 1809 жылы соғылған тиындардың екінші беті араб тілінде жазылған.
Сонымен бірге Мүсірәлі сопы әзиздің орыс патшалығына жазған хатының және баласы Қосым Қожаның арнайы мөрінің көшірмесі бар. 1690-1700 жылдары Мүсірәлі сопының орыс патшасына жазған хаты көне славян тіліне аударылған. "Достық қарым-қатынаста болайық. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің дінін ұстанған алты Алаштың халқына қиянат көрсетпей, жер жағынан қысым жасалмасын. Біз қазақ малмен күн көреміз. Егер жер жағынан қысатын болсаң, біздің Алаш жұрты атқа қонады. Сондықтан осы сыйластықты сақтайды деп ойлаймын. Алаштың пірі Мүсірәлі" деп араб тілінде жолдаған.
Екінші көне қолжазба Қожа Бахуаддин Нахшбанди тарихатының силсәлә шежіресі, бұрынғы ишан софы, халфе ахундар тарихат жолын ұстанған софылық тарихат шежіресі.
Ғабдулла ағаның мәліметінше, аталған құнды құжат Петербордан келген. Оралдық тарихшы Жәнібек есімді азамат ғылыми жұмыспен айналысқан шағында тапқан дүниесі.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА