Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Аңызға айналған ақиқат

Аңызға айналған ақиқат

Қорқыт атаны танымайтын қазақ жоқ шығар, сірә?! Көпшілік Қорқыттың өмірде кім болғанын, қай дәуірде, қай өңірде өмір сүргенін шамалай алмаса да, оны өлімнен қашқан, ажалмен арпалысқан абыз деп таниды. Аңыз не дейді?
Қорқыт ата мәңгілік өмірді, бақытты ғұмырды көксеп, желмаяға мініп дүниенің төрт бұрышын кезгенін айтады. Алайда қайда барса да алдынан көр қазып жатқан көпшілік шығады. Қорқыт «Кімнің көрін қазып жатырсыңдар?» деп сұраса, көр қазушылар «Қорқыттың көрі!» деп жауап береді екен. Осыдан бастап мәңгілік өмірді көксеген Қорқыттың ажалмен арпалысы басталады. Қай жақты бетке алса да алдынан «Қорқыттың көрін қазушылар» шығады. Бірақ не керек, қанша қашса да, Әзірейілдің құрығы бәрібір ұзын, Қорқыт ажалын дарияның ортасында әбжыланнан табады. Міне, бәрімізге жақсы таныс аңыздың желісі қысқаша осылай.
Қорқыт ата жайлы осындай аңызды естіп өскен соң біз оны өліммен күресуші, ажалдан қашушы деп танимыз. Ал ақиқатында Қорқыт өлімнен қашқан ба? Ажалмен арпалысқан ба? Әулие, данышпан, ақылгөй, абыз адамның өлімнен қашуы, мәңгілік өмір сүремін деп ажалмен арпалысуы ақылға қона ма? Сіз де Қорқыт атаны тек қобыз тартып, дария жиегінде отырған ақсақал ғана деп білетін боларсыз. Хикметтер көп. Аңыздар да сан алуан. Зерттеулер басқа.

Қорқыт кім болған?
Ұлы қазақ даласының ұрпақтан-ұрпаққа мәңгі жалғасып отыратын даналық сөз өрнегінде қазыналы көмбе, әуен өнерінің сырлы сазында қайталанбас мұра қалдырған ұлы тұлғалардың бірі – Қорқыт ата. Қорқыт – бүкіл түркі халқына ортақ тұлға. Оның есімі исі түркі халықтарының жадында, рухани танымында үлкен құрметпен сақталып жеткен. Түркі рухани кеңестігінде ол бақсылық өнердің пірі, күйші, қобыз аспабын жасаушы, сәуегей ойшыл жырау, даналық сөз үлгісін қалдырған тұлға болып есте қалды.
Қорқыт атаның өмір сүрген кезеңі – Х ғасырдың басында Сырдария бойында бой көтерген Оғыз мемлекеті. Астанасы Сырдарияның Аралға құяр сағасындағы – Жаңакент (Янгикент) қаласы. Ол қаланың қираған орны қазіргі Қазалыдағы елді мекен маңында.
Х ғасырдың соңында шығыстан келген қыпшақ тайпалары Сырдария бойындағы оғыздарды ығыстырып шығарады. Оғыздардың бір бөлігі Каспий теңізі бойын жағалап батысқа қарай ығысып, Кіші Азиядағы елдерді жаулап алады. Сол өлкеде олар Осман мемлекетін құрады. Оғыздардың батысқа ығысуы және қыпшақ тайпаларының күшеюі Ұлы Далада үлкен әлеуметтік-саяси, терең тарихи-мәдени із қалдырады. Түркі халықтарына ортақ Қорқыттың мәдени және тарихи шындыққа суырылған екі үлкен образы сомдалады. Бірі – қазіргі Орта Азиялық түркі халықтарының мұрасындағы бақсылық, жыраулық, күйшілік өнердің атасы ретіндегі бейнесі, екіншісі – Кавказдық және Кіші Азиялық мұсылмандық дүниетанымдағы дана Қорқыт. Осыған орай түркі халықтарындағы Қорқыт бейнесін шартты түрде «Қыпшақтық Қорқыт», «Оғыздық Қорқыт» деп екіге бөлуге болады. Біріншісі – қазақ, башқұрт, қарақалпақтарға, түркімендерге, екіншісі – азербайжан, осман түріктеріне тән. Бұл тұста оғыздар Қорқыт атаға мұсылмандық сенім, даналық, данышпандық бейнесін күшейтті. Оғыздардың батырлық жырлары жазбаға түскен орта ғасырлық парсы-түркілік нарративтік шығармаларда Қорқыт – оғыздардың бектері мен батырларының қолдаушысы, оларға батырлық немесе лауазымдық есім беруші, ақылшы, батагөй кісі.
Қорқыттың ата қонысы Сырдарияда қазақ жұрты әулие тұтатын абыз тұлғаның бейіті бар. Ол қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының «Қорқыт» станциясының маңында. Бейіт ХІХ ғасырдың соңына дейін сақталып келген, кейін Сырдарияның кезекті бір тасыған кезінде дарияға құлап кеткен. Оның Сырдария бойындағы бейіті жалғыз емес. Ұлы тұлғаның жерленген жері ретінде азербайжан түріктері Дербент қаласын атаса, Анадолыдағы осман түріктері Түркияның Байбурт ауданындағы Масат деген жерді атайды. Аталмыш бейіттер турасында зерттеушілердің арасында бірыңғай пікірлер қалыптасқан емес. Мұның басты себебі бүгінгі таңда жеке ұлт, дербес мемлекет құрып отырған түркі халықтарының Қорқытты аса қатты құрметтеп, өзіне қарай тартуынан туындағаны анық.
Қазақ арасындағы Қорқыт туралы аңыздарды бірнеше топқа топтастыруға болады. Бірінші топқа Қорқыттың дүниеге келгені, екінші бір топқа Қорқыттың ажалдан қашуы, үшінші топқа Қорқыттың күй аңыздарын жатқызуға болады. Бұлардың қай-қайсы болмасын мифтік таным, көне сарындармен өрілген. Қорқыттың дүниеге келу аңызы оның есімінің не себептен «Қорқыт» аталғанын түсіндіретін халықтық этимологияның мазмұнынан туындаған. Қорқыттың дүниеге келген, кіндік қаны тамған жер – Қараспан тауы. Қорқыт дүниеге келерде анасы жабайы құлан етіне жерік болып, құрсақтағы баласын үш жыл тоғыз күн көтерген екен. Сол үш жылдың әр жылында толғақ қысып, дүниеге нәресте келетіндей қамданып, Қорқыттың анасы бебеу қаға қиналатын болған. Бірақ бірінші жылы да, екінші жылы да бала тумайды. Содан үш жыл тоғыз күн дегенде Қорқыттың анасын шын толғақ қысады. Бұл жай толғақ болмайды, дәл осы күні Қорқыттың анасымен бірге бүкіл дүние қоса толғатып қиналғандай көк жүзін түнерген қара бұлт торлайды. Күн күркіреп, найзағай ойнап, дауыл соғып, дүниенің астаң-кестеңі шығады. Мұның бәрін дүниеге келер нәрестенің киесіне жорыған жұртты үрей билейді. Бала туылған соң есмін Қорқыт деп қояды.

Өлімнен қашу мүмкін бе?
Қорқыт атаның «Пешенесіне жазылмаса құлға қаза келмес, ажал уақыты жетпейінше ешкім өлмес», «Өлген адам тірілмес, шыққан жан қайтып келмес» деген сөздері аңыздың дұрыс ұғылмағандығын, біз түсінбеген бір хикметі барына меңзейді. Қорқыт өлімнен қашқан десек, оның абыздығына, көрегендігіне, даналығына қайшы, әулиелігіне тән емес. Алладан үкім келсе, Әзірейіл сені қайдан болсын табады. Кейде біз асылық сөйлеп жатамыз. Тас түскен жеріне ауыр. Бірақ ажалк еліп жақыныңды құрықтағанда бізге бүткіл әлем кінәлідей көрінеді. «Егер ол жолға шықпағанда, бәлкім, тірі қалар ма еді?», «Егер үйде отырғанда көлік қағып кетпес пе еді?» деп жататынымыз да бар. Болмаса оны өзін өзі өлтіруге итермелеген әйелі не күйеуі деген секілді сөздерді жиі естіп жатамыз. Алайда ажал келсе одан қашып, жанымызды арашалай алу мүмкін бе? Алла Пайғамбары (с.а.у.) арқылы бізге сәлемін жолдап: «Сен оларға: «Егер тағдырына өлім жазылса, ол адам үйінде отырса да (аттай желіп) өлетін жеріне жетер еді», – деп айт», – дейді. Қорқыттың сөзі Құранның сөзінен тамыр тартады. Ендеше Қорқыттың қайда барса көрді көруіндегі сыры не?
«Қорқыттың көрі»
Қорқыт атаның қайда барса алдынан қазулы көр шығуының астарында «өлімді еске алу», «көрді, қабірді ойлау», «өлімді сезіну» философиясы жатқан секілді. Тіпті, басқа біреу үшін қазылып жатқан көрді көрсе де ғибрат алуы үшін өзінің қабірін қазып жатқандай сезініп, «Қайда барсам да Қорқыттың көрі» деген болуы да мүмкін. Өлімді еске алу адамды қайғыға, уайымға жетелейді. Адам өлімді ұмытса, уайымсыз салғырттыққа салынады.
Ислам тарихында осыған ұқсас мысалдар көп. Тарихта жүрегі дүниеге ауып бара жатқанда, өзінің қабірін қазып алып, ішінде түнеп шығатын мұсылмандар да өткен. Не болмаса, шығарып жатқан жаназаны көрсе, өзінің жаназасын шығарып жатқандай сезініп, ғибрат алатындар да болған. Ендеше Қорқыттың «Қайда барсаң, Қорқыттың көрі» деуіндегі сырдың, хикметтік түйіні осы жерде шешілетін секілді. Қорқыт жақындарының көрін өзі қазып, өзі арулап жерлеген. Бірақ бір көрді артық қазады екен. Оған Қорқыттың өзі «Төртінші көрді не үшін қазғанымды білмеймін. Мүмкін төрт құбыласы тең болсын дегенім болар» деген ой айтады. Ол адамның себепсіз өлмеуін, соғыс болмауын, қара жұрт қырылмауын армандап өтті. Сол жолда биліктің құлағына жеткіземін деп-ақ талай жолда сарылды емес пе? Адам баласы әрдайым өлімді еске алып, соңынан Әзірейіл еріп келе жатқандай не алдынан ажалы күтіп тұрғандай сезінуі тиіс. Қайда барса да, өзінің көрі қазылып жатқандай түйісінуі керек. Бұл ақыретке деген иманымызды шыңдап, дүниеге деген махаббатты жояды. Мүмкін Қорқыт атаның айтпағы осы болар?

«Қорқыт» көрерменге жол тартты
Расымен біз Қорқыт атаны қобызшы, жыршы деп қана білеміз. Негізінде оның біз білмейтін қыры көп. Ашылмаған сыры да жетерлік. Өткенге көз тастап, ой салатын тың дүние жақында жарыққа шықты. Отандық киноиндустрия әлемі төрт сериялы «Қорқыт» биографиялық драмасымен толықты. Телехикаяның түсірілімі Алматы облысы мен Өзбекстан Республикасындағы Хиуа, Ферғана, Бұқара қалаларында өтті. Туынды Qazaqstan ұлттық телеарнасының тапсырысы бойынша түсірілді. Жобаның тарихи кеңесшісі әрі сценарий авторы – этнограф Берік Жүсіп. Режиссері – Қанағат Мұстафин. Қорқыттың әр кезеңдегі рөлдерін Дінислам Нұрмағамбет, Әділ Ахметов және Айдос Бектемір сомдайды. Сонымен қатар негізгі тарихи рөлдерді Еркебұлан Дайыров, Зарина Кармен, Медғат Өмірәлі ойнайды. Сериалда қырғыздың атақты манасшысы Рысбай Исақов пен танымал актер Аскат Сулайманов та бой көрсетеді.
Жоба продюсері Шолпан Батырбаеваның айтуынша, бұл туындыны түсіруге өте көп уақыт кеткен.
– Төрт бөлімнен тұратын «Қорқыт» телехикаясын түсіруге шамамен екі жарым жылдай уақытымыз кетті. Қорқыт жайында жазылған еңбектерді, мақалаларды, деректі фильмдерді оқып, зерттеп, зерделеуіміз керек болды. Алайда біз сүйеніп, табан тірерлік нақты мәлімет өте аз еді. Оқып-зерттеуге көп уақыт кетті, сөйтіп, қай бағытта жұмыс жасайтынымызды анықтап алдық, дәлірек айтқанда, белгілі фольклортанушы ғалым Берік Жүсіпов жұмысымызды әрі қарай жалғастыруға қатысты бағыт-бағдар берді. Біз «Китаб-и дәдем Коркут ғали лисан таифа оғузан» қаһармандық эпосынан кейбір сюжеттерді сондай-ақ, қазақ жерінде сақталған қария сөздер мен аңыз-әпсәналарды негізге алдық, – дейді ол.
Ұзақ жылға созылған жұмыстың нәтижесін көрмек болып демалыс уақытын күттім. Азаннан бастап ютуб каналдан іздеп, «Қорқыт» сериалын көруді бастадым. Бір сағаттан тұратын 4 бөлімді қалай демде аяқтап қалғанымды өзім де ұқпай қалдым. Себебі сериал басталғаннан-ақ елітіп әкетті. Қорқыттың кім екенін, қалай өмір сүргенін көріп көзден жас әр бөлімде тоқтамады. Өкінішті мұндай отандық туындының көрілімі аз екен. Түкке тұрмайтын дүниелердің миллиондап қаралым жинап жатқаны мені де қатты қынжылтты. Қош. Телехикая сюжетінде Қорқыттың дүниеге келуі, балалық шағы, жеткіншек кезінен бастап, оның сәуегей, абыз ретінде қалыптасу жолы көрсетіледі. Телехикая сценарийі әлемдік деңгейде зерттелген «Қорқыт ата» кітабына, атап айтқанда «Салор Қазанның үйінің ша¬был¬ғаны туралы жыр» негізінде түсірілген. Аталмыш еңбек өзіндік дербес сюжеті бар он екі жырдан тұрады. Оларды байланыстыратын кейбір ортақ кейіпкерлер бар. Жырлардың сюжеті әр түрлі оқиғаларды баяндайды. Кейде құдалық салты баяндалса, енді бірде Қазанбектің үйін жау шапқан сәт суреттеледі немесе Төбекөз дәу туралы мифтік хикая баяндалады. Соның бәрінде Қорқыт осы оқиғалардың эпикалық жырлаушысы, яки жырау ретінде көрінеді.
Осылайша шығармашылық топ 2021 жылы Ыстамбұлға барған. Мақсат – түрік ағайындармен ортақ дүние түсіру. Ыстамбұлда түріктермен келіссөз жүргізе бастайды. Бұл жобаны бірге жасауға олар қызығушылық танытқандай болады. Бірақ олар Қорқытты ислам дінін уағыздаушы тұлға етіп көрсеткілері келген екен. Бұл фольклорлық мұраларымызда баяндалатын аңыз-әпсаналарға, сондай-ақ тарихи Қорқыт бейнесіне қайшы келеді. Біздегі аңыздарда Қорқыт бақсылық дәстүр өкілі, патриарх жырау ретінде белгілі. Сол себепті, шығармашылық ұжым басты кейіпкер – Қорқыт бейнесін сомдау барысында түріктермен ортақ келісімге келе алмайды. Қазақ үшін ең алдымен Қорқыт жырау, халықшыл тұлға. Қорқыт кім? Бақсы ма, ойшыл философ па, жырау ма, күйші ме, әлде әр халықтың өз Қорқыты бар ма? Дәл осы сұрақтар ұжымды әбден ойландырады.
Шолпан Батырбаеваның сөзіне қарағанда, кейін осы сұрақтарды талқылау үшін бірнеше рет сарапшылар арасында дөңгелек үстел ұйымдастырылған.
– Қоғамдық даму жане ақпарат министрлігі мен «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы дөңгелек үстел ұйымдастырып, музыкатанушы, фольклорлорист ғалымдардың басын қосты. Сөйтіп біздің тақырыбымыз, бағыт бағдарымыз егжей-тегжейлі талқыланды. Әр түрлі пікірлер болды, келісуге болатын да болмайтын да. Мысалы, оғыздардың ұлы көшін көрсету керек деген ұсыныс айтылды. Әрине айтуға, жазуға бәрі оңай,қағаздың беті көтереді, ал мұндай ауқымды сахнаны сапалы етіп түсіруге, ұлы көшті көрсетуге сан жетпейтин нөпір халық және қисапсыз қаражат қажет, – дейді продюсер.
Продюсер түсірілімге дайындық барысында, әсіресе, Қорқыт туралы ақпаратты зерттеп жүргенде қазақ ауыз әдебиетін, мифтерді экранға түсіруге ден қою керек екенін түсінген. Ол мұндай кинотуындылар талай шетелдік шедеврден асып түсер еді деп есептейді.
Қазақ мифі тірілді
Расымен, біз эпостарымыз бен мифтеріміздегі барлық бейнелерді тірілтіп, экранға көрсететін болсақ батыс киноиндустриясы көрсетіп жүрген мифтік персонаждар жолда қалар еді. Әлгіндегі «Супер мэн», «Бэтмэн», «Өрмекші адам» деген қиял-ғажайып туындылар әлемдік деңгейді сұранысы бар дүние ғой. Ал біздегі адамзат баласына күйеуге тие алатын Перінің қызы Перизаттың өзі неге тұрады? Аяғы аша тұяқ, қолтығында үңрейген қанаттың орны… Тірілте бастасаң қорқынышты бейне әрі таңғажайып құбылыс. «Қорқыт» сериалында да сол. Ол дүниеге келердегі аспанды қара жауып, алай-дүлей болуы, Тоймадықтың енді туылғалы жатқан нәресте – Қорқытты өлтіруге жіберген жандайшаптарының үстіне аспаннан мұз жаууы да ерекше көрініс берді. Бертін келе Қорқытты ұстап алғандар қасиетіне сенбей, қолын байлап, «құдіретіңді көрсет ал» деп мазақ қылады. Сол сәтте аяқ астынан дауыл жел тұрып, таудағы тастар әлгілердің үстіне түсіп, үйінді қылады. Ғажайып демей немене?
Телехикая продюсері дәл осы себепке сүйене отырып, өзі жасайтын сериалдағы Қорқыт образын айқындай алған.
– Қорқытқа қатысты байопикті өміррбаяндық фильм жасауды басшылыққа алдық. Мұның көп жерінде нақты тарихи оқиғалармен қоса типтендірілген жиынтық бейнелер де бар екенін жасырмаймыз. Әрине, бұл типтік бейне, сөйте тұра тарихи негізі айқын. Бірақ сан түрлі пікір қайшылықтарына қарамастан, Қорқыт өмірінің түрлі кезеңдерін қамтаған сценарий жаза алдық деп ойлаймыз. Басқа түркі тілдес халықтарға қарағанда, бізде Қорқыттың дүниеге келуі туралы аңыз-әпсаналар, Ақсақ қыз, және тағы басқа аңыз-әңгімелер сақталған, сонымен қатар музыкалық мұрасы да бар. Музыкалық мұра туралы ең бірінші болып белгілі қорқыттанушылар Әлкей Марғұлан мен Әуелбек Қоңыратбаев жазған болатын. Сыр бойынан және Орталық Қазақстанның Сарысу топырағынан жазылған әйгілі қобызшы Жаппас Қалымбаев Қорқыттың «Қоңыр» күйін, сондай-ақ Сыр бойылық қобызшы соқыр Нышан тоғыз сарынын жеткізді. Біз фильмде солардын бірнешеуін – «Ұшардың ұлуы» мен «Тарғыл танаға» байланысты сюжетті пайдаланып, оны осыған ұқсас әлемдік мифтермен ұштастырдық, – дейді ол.
Шығармашылық топ көрерменді сол Қорқыт өмір сүрген заманға еніп кетуі үшін, сериалға шынымен сенуі үшін барын салған. Тіпті сериал тілін де біршама көнелендірген. Телехикаяда қазақтың көркем тілі, көнерген сөз тіркестері мен орамдары, ұғымдары, барлығы ата-бабаларымыз қолданған қазақы тілімен астасып қолданылған.
Сюжеттік мазмұны бақсы кейпінен құрылған Қорқыт туралы мифтік хикаяттар, аңыз-әпсаналар қазақтың бақсылық өнері, тәңірлік танымы тұрғысынан хабар беретін рухани мұра. Ол рухани мұраны шамандық наным-сенімдерге сүйенген тәңірлік таным мен мұсылмандық діни сенім соқпақтарының адамзат дүниетанымындағы күресінің көрінісі, сол тартысты бейнелеген үлкен көркем панорама деп тануымыз қажет.
Халық танымы Қорқыт күйі он сегіз мың ғаламды, тіпті ажалдың өзін де балқытып, баурап алады екен деп аңыздайды. «Қорқыт күйлерін бүкіл дүние, жан иесі түгел ұйып тыңдайды. Аспандағы құс ұшуын, жел есуін тоқтатып, Қорқыт күйлерін тыңдапты. Сарыарқа аңдары да Сырдарияның жағасына шұбырып келіп, Қорқыт күйін тыңдайды. Сырдария ағысын тоқтататыпты, үстіне төселген Қорқыттың кілемі суға не ағып, не батып кетпей, көп заман су ортасындағы кемедей қалқып тұрып алып, Қорқытқа өлім келтірмейтін арал болыпты» делінген аңыздар сарынында.
Қорқыт сарынын орындайтын атақты күйшілер қатарында Сыр бойында өмір сүрген Соқыр Нышан (Ысмайыл Шәменов) деген кісі болған. Қызылордалық өлкетанушылардың айтуынша, ол кісі жас күнінде Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан сияқты атақты кісілерге әлденеше рет Қорқыт күйлерін тартып берген, 1975 жылы оның орындауындағы Қорқыт күйлерін атақты фольклоршы Мардан Байділдаев жазып алады.
Қорқыт атадан түркі халықтарының рухани қазынасында екі үлкен көмбе қалған. Бірі – Қорқыттың күйлері, сол күйлердің шығу себебін баяндайтын күй-аңыздар. Екіншісі – «Қорқыт ата кітабы». Біздің дәуірімізге жеткен Қорқыт күйлері «Қорқыт», «Башпай», «Аққу», «Тәңір күйі», «Желмая», «Елім-ай», «Әуппай», «Ұшардың ұлуы», «Қорқыт сарыны-1», «Қорқыт сарыны-2». Қорқыттың күй-аңыздары тағдыр ісіне шарасыздықты, дүниенің өткінші баянсыздығын, адам баласының қайғы-мұңын шағатын мазмұндарға құрылған.
«Тамырсыз ағаш, тарихсыз халық болмайды». Қорқыт мұраларының танымдық-тәрбиелік мәні зор. Әулиелігімен, даналығымен, өнерімен, өмірге деген ғашықтығымен әлемге әйгілі болған Қорқыт ата жалпы түркі әлеміне ортақ ғұлама. Айтарымыз, тарихты оқып көз майын тауысқысы келмесе де, жас буын «Қорқыт» сериалын көрсе дейміз. Әр қазақтың санасында аталар жолы есте сақталуы қажет емес пе?...
Айнұр ӘЛИ
16 қаңтар 2024 ж. 73 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031