“Қараспанда” туған Қорқыт
Бүгінде Қорқыт бүкіл түркі халқы үшін ортақ құндылыққа айналғаны рас. Бірақ шын мәнінде оның тегі – қазақ. Қыпшақ тайпасынан шыққан. Кей деректерде Асан қайғының апасынан туған. Ұлы ойшыл, жырау әрі қобызшының өмірге келуі де елден ерекше болған. Анасы құлынның жаясына жерік болып, онысы жылға жуық уақытта әрең қайтқан көрінеді. Өйткені анасы ғұламаны үш жыл көтеріп, жылына бір рет толғақ қысып тарайтын болыпты. Ақыры перзент өмірге келер сәтте тоғыз күн толғатып, үш күн, үш түн бойы айнала қараңғылық құрсауында қалған. Онымен қоймай қара жаңбыр мен қара дауыл қатар тұрып, жанында тұрған адамды танымай ел-жұрты біраз әбірге түскен. Осындай аласапыранда дүниеге келгендіктен Қорқыт атанған бала туған бойда сөйлеп шыққан деседі. Ал бала дүниеге келген Әзіреттің Қаратауы мен Сырдың аралығындағы биік тау “Қараспан” атанып кеткен. Ұлы ойшыл жайындағы мұндай аңыз оқиғалар Серікбай Қосановтың “Қорқыт атаның даналық сөздері” жинағында кеңінен тарқатылған. Соның бірқатарын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Қобыз қайдан пайда болды?
Ел аузындағы сөздерге сенсек, Қорқыт жасынан өте ұғымтал, құйма құлақ болып өседі. Ол сол сәтте өнерпаздардың қолында бар аспаптардың тілін білген. Қай құрылғыда ойнаса да жұртшылық таңғалмайтын сәті болмаған деседі. Алайда ол бұған да қанағаттанбай, жанына адам мен жануардың үнін, табиғи құбылыстар мен тылсым күшті бейнелейтін аспап керек екенін түсінеді. Бір күні талаптанып, таңдауы қарағай ағашына түседі. Ағашты ойып, белгісіз зат жасай алғанымен дайын күйге жеткізе алмайды. Қолына армандаған аспабын алғысы келген Қорқыт бірнеше мезгілді осыны жетілдіруге жұмсайды. Осындай бір күні әбден қажып, көзі ілініп кеткен екен. Түсіне періште еніп: “Қорқыт, жасап жатқан қобызың алты жасар атан нардікіндей екен. Енді оған нар түйенің терісімен қапталған шанақ, ортекенің мүйізінен ойылған тиек, бесті айғырдың құйрығынан тартылған қыл ішек жетпей тұр. Осылар түгел болса, қобызың сарнай жөнеледі”, –деп аян береді. Ойшыл оянғаннан кейін аян бойынша қимылдайды.
– Қарағайдың түбінен,
Қайырып алған қобызым.
Үйеңкінің түбінен
Үйіріп алған қобызым.
Желмаяның терісін,
Шанақ қылған қобызым.
Ортекенің мүйізін
Тиек қылған қобызым.
Бесті айғырдың құйрығын
Ішек қылған қобызым.
Тәңіріден сұрайын,
Құлағыңды бұрайын,
Осы айтқаным болмаса,
Қайырып жерге ұрайын, – деп ісін аяқтап, аспапты қолына алғанда жан тебірентер ерекше дауыс естиді. Оның қоңыр үнін түздегі күллі тіршілік иелері: аққан су, ескен жел, жүгірген аң, ұшқан құс – бәрі де қалт тоқтай қалып, сырлы сарынға құлақ түрген-мыс.
Ұшардың ұлуы
Келесі аңыз “Қорқыт заманында жазықта тігілген үйді паналаған жесір кемпірдің жалғыз баласы болыпты” деп басталады. Ол аңға құс салып, тазы баптаған саятшы екен. Қашқан жануарды қапыда алатын «Ұшар» атты иті, желмен жарысқан жүйрік аты – байлығы. Осылай күнелтіп жүргенде жас жігіт қапыда қайтыс болады. Сол тұста әдеп-ғұрыпқа сәйкес өлген адамды жер қойнына тапсырғаннан кейін жұрт қоныс жаңартып, басқа жерге көшуі керек. Қоныс аударғаннан кейін кемпір ұлының жанынан бір елі тастамайтын тазасын таппай қалады. “Ит бір қалса сол ескі жұртта қалды” деген оймен кемпір ұлының зиратына қарай аяңдайды. Қараса, шынында да Ұшар иесін қимай, зират басында сай сүйекті сырқырататын дауыспен аспанға қарап ұлып отыр екен. Мұны көрген ана: “Жалғызымнан айырылдым, Қанатымнан қайырылдым. Ұшар, кә, кә”, – деп аңырай жөнеледі. Екеуінің дауысы қосылып иен даланы күңірентіп жібереді. Ел есінде сақталған “Ұшардың ұлуы” деп аталатын күй осы оқиға желісімен жарық көрген деседі.
Жанына желеу Желмая
Бүгінгі ұрпақ Қорқыт ата туралы аңыз-әпсана естігенде, көз алдына қолында қобыз ұстаған абыз бен оны мінгестірген алып түйені елестетері сөзсіз. Жырау өмір бақи өзіне көлік болған жануарға арнап та күй шығарған. Оны бала күнінде нағашылары бәсіреге берген. Бала Қорқыттың оған деген көңілі алабөтен еді. Өзі де табынға қосылмайтын тайлақты ерекше күтіп баптайды. Төрт түлік төресі де иесінен бір елі қалмай, жанына басқа жанды жуытпайтын. Ол басқа тектестері сияқты ұзақ жолда шаршауды білмейтін, ешқашан арып-талмайтын жүйрік желмая болып өседі. Қорқыт өлімнен қашып, дүниенің төрт бұрышын түгел шарлағанда жанына серігі, әрі қанаты болғандықтан бір туындысын түйеге арнапты.
Ел ертеңін болжаған
Халық айтса қалт айтпайды. Қорқыт атаның бойында сәуегейлік қасиет те болған. Ол қобыздың қоңыр үнін паш етіп, Желмаясын желдіріп, дүниені аралап жүрген шағында жұртының болашағын қырық жыл алдын болжайды екен. Заманы жаугершілікке сәйкес келген халқының талан-таражға түсіп, қуғын-сүргінде жүргеніне қабырғасы қайысады, ел басына тыныштық пен бақ-береке орнайтын жарқын күндерді аңсайды. Дана Қорқыт: “Елім-ай, халқым-ай, қолыңнан найза, үстіңнен сауыт түспеді-ау. Ел басына мамыражай заман туып, шат-шадымен өмір сүрер күндерің болар ма?” – деп, өзегін өртеген мұң шерін, арман-тілегін осы күй арқылы жеткізсе керек.
– Мұнан соң қилы заман болар,
Заман азып, заң тозып жаман болар,
Қарағайдың басына шортан шығып,
Балалардың дәурені қараң болар, – деген тіркестің түп-төркіні Ұлы ойшылдан тараған деседі. Бұл туралы ел аузындағы құнды аңыз-әпсаналарды жинап жүрген Нышана Шәменұлы әңгімелеп берген.
Қорқыттың көрі
Қорқыт тарғыл тананы қуып жүріп, байқаусыз өлім аузында қалғанына өкінеді. Ендігі уақытта ажалдың өзіне жақын екенін сезген күйші одан қайтсе де құтылуды ойлап, адам мәңгілік өмір сүретін мекен іздеп кетеді. Ұзақ сапардан кейін өзіне көр қазып жатқан бір топ кісімен кездеседі. Қорқыт оларға сәлем беріп: “Уа, жарандар, қандай жанның басына қаралы күн туып еді? Кімге арнап қазып жатсыңдар?” – дегенде олар: “Қорқыт әулиеге” деп жауап беріпті. Қатты қорыққан Қорқыт Желмаясының бұйдасын бұра сала дүниенің екінші шетіне қарай қашады. Мұнда да ол қазылып жатқан көрге тап болады. Алдынан кездескен көр қазушылардан қанша қашса да мәңгілік мекенді іздеп таба алмайды.
Қайда барса да алдынан Қорқыттың көрі кездесе бергесін бұл дүниеде мәңгілік қалуға болмайтынын түсінеді. Ақыры жердің кіндігін іздеуге бел буады. Ол Сыр бойында екен-мыс. Алайда туған жері Сырға қайтып келген Қорқыт мұнда жан тыныштығын таба алмайды. Соңында: “Дүниеде ажалдың құрығы жетпейтін мекен табылмағаны ма? Бәлкім су ортасында отырсам ешкім мені көрге сүйремес” деген оймен желмая үстіне төсеп жүрген қасиетті кілемін дарияға төсеп, қобызбен түрлі туындылар ойлап тапқан деседі.
“Башпай”
Су бетінде өмір сүруді көзге елестету мүмкін еместей көрінеді. Бірақ Қорқыт ата сонда өмірінің біраз күндерін өткізгені айтылады. Күнделікті ас-суын қарындасы жеткізіп берген. Күндіз-түні қобызды ермек етіп, толғамды күйлер шығарып уақыт өткізеді. Бір күні ауқаттанып болғаннын кейін көзі ілініп кетеді. Тамақ салынған дорбаға ілесе келген қарақұрт тыныштық орнаған сәтті пайдаланып, әулиені шағып алады. Бұл жәндік кейпінде келген жаналғыш Әзірейіл деседі. Тұла бойын удың күші шарпыған тұста Қорқыттың соңғы тілегі тыңдалады. Сонда абыз: “Бұл өмір опасыз жалған екен. Өзіңнен қанша қашсам да, ақыры жеткенің бе, сұм ажал?! Мен өмірімде екі күнә жасағанымды білемін. Бірі – өлімнен қырық бір жыл қашқаным болса, екіншісі қарындасым тамақ ала келгенде алай-дүлей дауыл тұрып, қарындасыма башпайым тиіп кеткені. Сол себепті мені жерлегенде екі башпайымды ашық қалдырсын”, – деп өлім алдындағы “Башпай” күйін тартқан екен. Оны кей деректерде “Қоштасар” күйі деп те атайды.
ДайындағанРинат ӘБДІҚАЛЫҚ