Әлеуеті дамыған ел азбас
Қазыналы Қазалы ауданының Сыр елінің экономикасы мен әлеуметтік дамуында алар орны ерекше. Бүгінде әрбір саланың толымды тірлігінің арқасында аудан экономикасы қарқынды дамып келеді. Биыл 9 айда аудан экономикасының әр саласында қолға алынған жұмыстар Мемлекет басшысының жолдауынан туындаған міндеттерді жүзеге асыруға бағытталуда. Бұл күндері тәуелсіздікпен бірге өсіп-өркендеп келе жатқан Қазалының кәсіпкерлігінің көкжиегі кеңейіп келеді.
Осы жылы халықтың несібесі мол болды. Еселі табыстың нақтыланған бюджет көлемі 12 миллиард 799,4 миллион теңгені құрады. 2023 жылдың 1 қазанына бюджетке түсетін салықтар және басқа да міндетті төлемдердің түсімі 8831,5 миллион теңгеге жоспарланып, нақты 8900,3 миллион теңгеге орындалды.
Қуантарлығы, өнеркәсіп саласында ілгерілеушілік бар. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 17 миллиард 22 миллион теңгені құрады. Шағын және орта кәсіпкерлік саласы бойынша да біршама даму бар. Биыл қазалылықтар арасынан 6462 тұрғын кәсіпкер болуға ниет білдірген. Ал жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлер саны – 6 219 бірлік. Жыл басынан бері аудан кәсіпкерлеріне қаржы ұйымдары тарапынан 321 жоба бойынша қомақты несие берілді.
Жалпы Қазалы ауданы ауыл шаруашылығына бейімделген аймаққа жатады. Бұл ретте мемлекет тарапынан да барынша қолдау жасалады. Аудан бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 18,1 миллиард теңгені түсірді.
Атап айтқанда, 17377 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналасты. Негізгі дақыл – күріштің көлемі 6 450 гектар болды. Сырдария өзенінде қалыптасқан су тапшылығына байланысты биік жерлерде орналасқан күріш егісінің көлемін 543 гектарға қысқартып, әртараптандыру бағытындағы дақылдардың егіс көлемін ұлғайтуға ерекше мән берілді. Есепті кезеңде аудан бойынша 8 шет мемлекетке 627 тонна күріш, 296 тонна балық өнімі және 1158 тонна қамыс экспортталды.
Мал шаруашылығы да берекелі болып тұр. Жылдың тоғыз айында төрт түліктің барлық түрінде өсім бар.Есепті кезеңде өндірілген ет көлемі 3 543,5, сүт 8 775,1 тоннаны, алынған жұмыртқа көлемі 887,0 мың дананы құрады.
Ауданның инженерлік-инфрақұрылымын дамыту мәселесі басты назарда. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 14,2 миллиард теңгеге жетті. Аудан аумағында 64 нысанның құрылысын салу мен жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның 5 жобасы өткен жылдан өтпелі болса, 59 нысан жаңадан басталған құрылыс салу, жөндеу нысандары болып табылады.
Қазіргі таңда аудан орталығында 250 орындық мектеп құрылысы мен Кәукей ауылынан 100 орындық ауылдық клуб құрылыстары жүргізілуде.
Тұрғын үй кезектілігін азайту мақсатында Әйтеке би кентінен көлемі 600 гектар жер учаскесінен салынатын тұрғын үйлерді инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жобасы әзірленді. Құрылысын қаржыландыруға бюджеттік өтінімі тапсырылған.
Ауданды газбен жабдықтау үлесі – 7,1 %. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 14,3 процентке жеткізу жоспарланып отыр. Бүгінгі күнге Абай елді мекеніне орамішілік газ желілерін жүргізу, Ғ.Мұратбаев ауылынан жаңа кварталда салынатын тұрғын үйлерді инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету (ауыз сумен, газбен және электрмен жабдықтау) құрылыстары жүруде.
Аудан көлемінде электр желілерінің тозу деңгейі 74 процентті құрайды. Биыл «Шағын қалаларда бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру» жобасы аясында Қазалы қаласының электр желілерін қайта жаңғырту және көшелерін жарықтандыру үшін қаржы бөлінді. Жоба бойынша 16,6 шақырым электр желісі мен 4 дана трансформатор және 433 дана жарықшам орнатылды.
Ауданның коммуналдық меншігінде 406,2 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолдары бар. Оның ішінде 244,8 шақырым асфальтты, 100,4 шақырым қиыршық тасты және 61 шақырым топырақты жолдар. Соңғы жылдары Қазалы ауданында ауыл арасындағы жолдармен елді мекен ішілік жолдардың жағдайы жақсарып келеді.
Ауданда 34 орта, 3 негізгі және 1 кешкі мектеп жұмыс атқарады. Осы жылы Қазалы ауданы, Жанқожа батыр ауылында 300 орындық «Жайлы мектеп» пен Әйтеке би кентіндегі 250 орындық мектеп салынуда. Қ.Пірімов ауылындағы К.Күлетов атындағы №92 орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында қаржы бөлінді. Сонымен бірге апатты жағдайдағы 4 балабақша мәселесі шешілуде.
Аудандағы 50 мектепке дейінгі ұйымда (19 мемлекеттік,
12 жекеменшік, 19 шағын орталық) 5065 бала тәрбиеленуде, оның ішінде 3-6 жас аралығындағы 3426 бала мектепке дейінгі біліммен қамтылған. Мектепте 16 859 оқушы білім алуда.
Жұмыспен қамту мәселесі бойынша 2023 жылы 2 634 жаңа жұмыс орнын ашуды (тұрақты 1118, уақытша 1516) жоспарлануда. Бүгінгі күні жұмыс іздеуші ретінде 8294 адам хабарласып, оның 2279 адамы жұмысқа орналасты.
Спорт саласында аудан бойынша дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 30069 адамға жетіп отыр. Биыл Қазалы ауданының спортшылары Әлем чемпионатында 2 күміс, Азия чемпионатында 6 алтын, 9 күміс медаль жеңіп алды. Халықаралық турнирлерде 3 алтын, 13 күміс, 12 қола медальдарын иеленсе, Қазақстан чемпионаттарында 23 алтын, 32 күміс, 36 қола медаль иеленді. Ал 4 спортшы ҚР спорт шебері нормативін орындаса, 1 спортшы Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. ҚР спорт шеберіне үміткер 72 спортшы атанып, 10 спортшымыз спорт түрлері бойынша Қазақстан құрама командасына енді.
Жанқожа батыр, Майдакөл, Бекарыстан би, Қашақбай Пірімов, Басықара, Ақсуат, Жанкент, Бөзкөл ауылдарындағы спорт алаңдары жөндеуден өткізілді. Жыл аяғына дейін Әйтеке би кентінен 3 спорт алаңының құрылыстары жүргізіледі. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Ү.Түктібаев ауылынан спорт кешені пайдалануға берілді.
Мәдениет саласында да жоспар көп. Алдағы уақытта аудан орталығында Қазалы ауданының – 95 жылдығына орай ауқымды мәдени көпшілік шара өткізу көзделуде.
Денсаулық сақтау саласында бірқатар қабылданған шараның арқасында тиімді нәтижелерге қол жеткізілді. 2023 жылға Бозкөл, Кәукей, Абай елді мекендерінде дәрігерлік амбулатория салу құрылыстарына Ұлттық Қордан 1 150,7 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары қолға алынды.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА