Ысырапшылдық ырысты кемітеді
Қазалы ауданында «Салт-дәстүр мен діни рәсімдер сабақтастығы» тақырыбындағы аудандық діни-танымдық семинар өтті. Аудан әкімінің орынбасары Ә.Жарылқағанов төрағалық еткен шараға ардагерлер, әйелдер кеңесі бастауыш ұйымдарының жетекшілері, мешіт имамдары, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Семинарда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов ұрпағына тал бесіктен бастап тәрбие берген, батырларын жыр қылған, адалдықты нәр қылған, үлкенді тыңдап, ата-анасын сыйлап, туған жерін жаудан қорғап, өнегелі өмір сүрген халқымыздың салт-дәстүрі кейінгі ұрпаққа бұлжымас заң екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол бүгінгі қоғамда кездесетін кейбір келеңсіз жағдайларға алаңдаушылық білдірді. Ақсақалдың «Жанқожа бабамыздың мазары Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы шекара аймағын анық белгілеп тұр. Батыр атамыздың мәңгілік мекені бізге бабалар қанын төгіп қорғаған құт мекеніміздің, туған жеріміздің тұтастығын сақтауды, қадірін білуді аманаттағандай сезіледі» деуі жанымызды тебірентті.
Танымал ұстаз, ғалым Шарафадин Алтынбайұлының сөзіне көпшілік аса қызығушылықпен көңіл бөлді. Айтар ойын Құран сөзімен дәлелдеген ол жаназа дастарханын жасаудың өзінде де әлдекімдермен бәсекеге түсіп, «қалып қоюдан» ұялып, ұрпақтарымызға «ысырап» деген сөздің мағынасын түсіндіре алмаудан зардап шегетін буынға айналдық деп қынжылды.
«Дәстүр сабақтастығы немесе бүгінгі күннің ынсабы мен ысырабы» тақырыбында баяндама жасаған «Жанқожа батыр» мешітінің бас имамы Берік Сүлейменов дана Абайдың қара сөздерін жақсы білетінін, дүниетанымының кеңдігін байқатты.
– Құнанбай қажының баласы Абай байлығына масаттанып, асып-тасып кеткен жоқ. Шыңғыстаудың етегін тұтас жапқан малы болса да, рухани байлыққа татымайтынын ұқты. «Патша Құдай, сыйындым тура баста өзіңе» деп өмірін дін жолына арнады. Дәстүрді берік ұстанды. Адалдықтан айнымады. Жаратқан иеміз Жәбірейіл (ғ.с) арқылы түсірген Құранында: «Және де ысырап етпеңдер! Расында, Ол (Алла) ысырап етушілерді жақсы көрмейді» (Әнғам сүресі, 114-аят) деп қатаң ескерткен. Осыдан кейін Тәңірдің ризашылығына бөленгісі келетін жан болса, ойлана жатар, – деген имам лебізі баршаға ой тастағандай.
«Қожаназар ишан» мешітінің имамы Кенжебай Берінбаев қатысушыларды жаназа, құдай жолына берілетін ас мәзірімен таныстырды.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
syrboyi.kz