Ерекше бала ескерусіз қалмасын десеңіз...

Алғашынада 96 орындық болып ашылған «Рауан» балабақшасының сыйымдылығы бүгінде 132 орынға жеткен. Мұнда топтар екі бағытта жұмыс істейді. Алғашқысы әрі басымдық берілген түрі тіл дамуында тежеуі бар балалармен айналысатын арнайы топ болса, келесісі қалыпты балалар мен ерекше күтімді қажет ететін бүлдіршіндерді бірге тәрбиелеп, қоғаммен араласуына атсалысып, педагогикалық-психологиялық қолдау көрсету. Сондай-ақ балалардың ата-аналарына жайлы жағдайлар жасалған.
Балабақша меңгерушісі, тәжірибелі ұстаз-кәсіпкер Қуанышкүл Дәулетиярқызы бұл бағытта бұрын да жұмыс істеген. Тіпті ерекше балалармен жүйелі жұмыс жасау мақсатында шетелден тәжірибе алмасып қайтқан.
– 2017 жылы сәуір айында аудан орталығынан «Рауан» инклюзивті орталығын аштым. Арнаулы мамандармен жұмыс істей жүріп, бұл топтағы балаларға арналған балабақша ашу қажеттілігін ұғындым. Сөйтіп, 2018 жылы көздегенімізге жеттік. Басқа балабақшадан өзгешелігіміз, біздегі әрбір бүлдіршіннің жеке бас ерекшеліктері негізге алына отырып, түрлі бағыттарда жұмыстар жүргізіледі. Біздер мұнда – «Бала ерекшелігінің даму деңгейі неғұрлым төмен болса, соғырлым мұғалімнің білім деңгейі жоғары болу керек» деген принципті ұстанамыз. Себебі бұл атүсті қарайтын іс емес, – дейді ол.
Тәрбие орнында тәрбиеші, тәрбиешінің көмекшісі, логопед, дефектолог, психолог, қолөнер, хореограф, музыкант, дене тәрбиесі нұсқаушысы, медбике жұмыс істейді. Тәрбиешілер мен арнайы мамандар республикалық ұлттық сауықтыру орталығында білімдерін жетілдірген. Бағдарламалары да тәрбие алушылар мүмкіндіктеріне лайықталған. Мамандардың қосымша құрал-жабдықтар және арнаулы қондырғылармен жабдықталған жұмыс бөлмелері бар. Сенсорлы кабинет, құм терапиясы мен жасыл коридор режимі арқылы дамыту ісі жолға қойылған. Балабақша мамандарының тағы бір мақтана айтар қолға алған жұмысының бірі – ментальді арифметика. Мамандар оны пайдалана отырып, балғындардың сол жақ мишығының оң жақ мишықпен қоса жұмыс жасап, дарындылық қабілетін оятады екен.


Мүмкіндігі мол балабақшада алдымен бала тәрбиесі бағыттарын айқындау мен оның дамуындағы ауытқулардың алдын алу үшін психологиялық диагностика тексерістері жүргізіледі. Онда алдымен жақын және актуалды даму аймағы, оқу барысындағы қиыншылықтардың себептері мен механизмдері анықталса, екінші сатыда баламен жүргізілген түзете-дамыту жұмысының баланың оқу танымдық қызметіне тигізген әсерінің тиімділігін анықтауға мүмкіндік туады.
Қазіргі таңда 53 адамды, оның ішінде 23 техникалық қызметкер мен 30 педогог маманын жұмыспен қамтыған мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асқан әлеуметтік маңызы зор тәрбие ошағы экономикамызды өрістетер кәсіп қана емес, перзентінің ертеңіне алаңдаған көптің таңдауы, сондай-ақ ерекше балалардың ескерусіз қалмайтын орны болып отырған жайы бар.
Серік АҚМЫРЗА