Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мазмұны бөлек балабақша

Мазмұны бөлек балабақша

Аудан орталығынан өзгеше мазмұндағы балабақша ашылуда. Ата-ана қажеттілігін қамтамасыз ету жолында ізденіспен іске асқан жоба облыс жұртшылығының қызығушылығын тудыруда. Мемлекет басшысының 2020 жылға қарай «Кедергісіз аймақтар» бастамасын жүзеге асыру аясында педагогикалық қолдау қызметін дамытуды қолға алған тәрбие орнында балаларға жан-жақты жағдайлар жасалған.

Қайтарымды капитал, ұтымды инвестицияның ең асылы тәрбие мен білімге арналғандығын маркетинг зерттеушілері алға тартуда. Ақпараттар қарышты дамыған кезеңде әлем жұртшылығы алдында балалардың жеке сұраныстары мен ерекшеліктеріне ортаның, отбасының қатысуымен білім беру үрдісін толық қосуды қарастыру жайы тұр. Бұл бағытта инклюзивті білім берудің маңызы ерекше.

96 орынға арналған «Рауан» балабақшасындағы топтар екі бағытта жұмыс істейді. Алғашқысы тіл мүкістігі бар балалармен айналысатын арнайы топ болса, келесісі қалыпты балалар мен ерекше күтімді қажет ететін бүлдіршіндерді бірге тәрбиелеп, қоғаммен араласуына атсалысып, педагогикалық-психологиялық қолдау көрсету.
Балабақша меңгерушісі Қуанышкүл Дәулетиярқызы тәжірибелі ұстаз-кәсіпкер. Аталмыш бағытта бұрын да жұмыс істеген.

«Әрбір бала білім алуға құқылы және оны алуға тиіс», —дейді Елбасымыз. 2017 жылы сәуір айында аудан орталығынан «Рауан» инклюзивті орталығын аштым. Арнаулы мамандармен жұмыс істей жүріп, бұл топтағы балаларға арналған балабақша ашу қажеттілігін ұғындым. Мақсатым осы жылы жүзеге асып отыр. Басқа балабақшадан өзгешелігіміз, біздегі әрбір бүлдіршіннің жеке бас ерекшеліктері негізге алына отырып, жұмыс жеке, қажет жағдайда ғана топтық болып жүргізіледі», — дейді бізбен әңгімесінде.

Тәрбие орнында әдіскер, тәрбиеші, тәрбиешінің көмекшісі, логопед, дефектолог, психолог, ағылшын тілі пәні мұғалімі, хореограф, музыкант, дене тәрбиесі нұсқаушысы, медбике, дәмбике жұмыс істейді. Тәрбиешілер мен арнайы мамандар республикалық ұлттық сауықтыру орталығында білімдерін жетілдірген. Бағдарламалары да тәрбие алушылар мүмкіндіктеріне лайықталған. Мамандардың қосымша құрал-жабдықтар және арнаулы қондырғылармен жабдықталған жұмыс бөлмелері жарық әрі жинақы. Сенсорлы кабинет, дәстүрімізге сай құм, асық терапияларымен дамыту ісі жолға қойылған.

Мұнда бүлдіршіндер 3 жастап бастап қабылданады. Ата-анасының қалауымен қазақ және орыс тілді топтарда тәлім ала алады. Тасымал жайы да шешімін табуда. Ерекшелігі, иппотерипия арқылы емдеу-сауықтыру жұмыстары да жолға қойылған. Келушілер қызығушылығын тудырып отырған тағы бір жаңалық – көршілес аудандар мен облыстың алыс-жақын елді мекендерінен қабылданатын балаларға арналған түнгі топтар жұмыс істейді. Балалардың ата-аналарына жайлы жағдайдар жасалған. Десе де әлеуметтік орынның қиындығы да жоқ емес. Ғимаратты жалға алған олар келешекте қолдаушылар демеушілік танытса, өз алдына типтік үлгідегі балабақша салып, қабылдаушылар қатарын көбейтуді мақсат тұтып отыр.

Балабақша әдіскері Күләш Балғабайқызының айтуынша, алдымен бала тәрбиесі бағыттарын айқындау мен оның дамуындағы ауытқулардың алдын алу үшін психологиялық диагностика тексерістері жүргізіледі. Онда алдымен жақын және актуалды даму аймағы, оқу барысындағы қиыншылықтардың себептері мен механизмдері анықталса, екінші сатыда баламен жүргізілген түзете-дамыту жұмысының баланың оқу танымдық қызметіне тигізген әсерінің тиімділігін анықтауға мүмкіндік туады.

Бүгінгі таңда 42 адамды жұмыспен қамтыған мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асқан әлеуметтік маңызы зор тәрбие ошағы экономикамызды өрістетер кәсіп қана емес, перзентінің ертеңіне алаңдаған көптің таңдауы болып отыр.

25 қараша 2018 ж. 1 639 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930