Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастар қай “тілде” сөйлеп жүр?

Жастар қай “тілде” сөйлеп жүр?

Әлі есімде мектеп қабырғасында жүргенде ауылдан келген, жаздық тәпішкемен нәски киетін жігітті көпшілік «жәбрик», сабақты жақсы оқитын, қызға сөз айта алмайтын бозбаланы «задрот», жігіттің сұлтанын «крутяк» дейтін еді. Одан соң «Eminem», «2Pac», «Usher», «Тиматилердің» өнері көбейте түсті. Ол уақытта «сленгпен» сөйлеу және оны алдыңғы ұрпақтың түсінбейтіні ешкімнің ойына кіріп-шықпаушы еді. Шын мәнінде, тіл мамандарының айтуынша, сленг – зерттеуді қажет ететін үлкен тақырып. Өйткені бұл – бүтін бір ұрпақтың болмысының бір бөлшегі. Қазіргі Z ұрпақ қай тілде сөйлеп жүр? Олардың түсініксіз сөздері тілдің қадірін кетіріп бара жатқан ­жоқ па?
Негізі сленг – белгілі бір топ өкілдері, әсіресе, жастар арасында кең қолданылатын арнайы сөздердің жиынтығы. Еуропада бұл термин ХІХ ғасырдың басында кең қолданысқа енген, түбіріне қатысты тартыс көп. Әйгілі британиялық лингвистер Дж. Б. Гриноу бен Дж. Л. Киттридж сленгті «қаңғыбастардың тіліне» жатқызса, филологтардың екінші бір тобы бұл құбылыстың әлеуметтік сипатқа ие болғанын айтады. Мәселен, әлеуметтік жаргон алғаш XVIII ғасырда шаруалардың арасында пайда болған деген дерек бар. Олар тұрмыстағы кейбір құпияларды иесінен жасырын ұстау үшін арнайы сөздерді пайдаланған деседі. Мысалы, жыртылған жердің жоспарын орындай алмаған екі шаруа өзара мәміле жасау үшін жаргон сөздердің көмегіне жүгінген көрінеді. Одан қала берді, рэп жанрының жанкүйерлері, әртүрлі геймерлер де өз арасында түрлі сленгтер қолданған. Тіл мамандарының тағы бір тобы сленгке қарабайыр сөз ретінде қарауға болмайтынын айтады. Өйткені бұл құбылыс қоғамда белең алғаны соншалық, кей сөздер әдеби тілге еніп кеткен. Мәселен, «шпаргалка» сөзі о баста жаргон болған.
Ал бүгінде әр ұрпақтың өзіне тән түсініксіз сөздері бар. Z ұрпақтың сөздік қорына зер салсаң, жаңадан тіл ойлап тапқан шығар дерсің. Қазір «краш» сөзі жастардың жаргоны десек те, кең қолданысқа енді. Z ұрпақтың сөздік қорындағы жаңа сленгтердің дені ағылшын тілінен алынған. Бірнеше мысал келтірсек, шағыстыру, ызаландыру дегенді жастар «байтить» дейді, түбірі «to bite» – ағылшын тілінен «тістеу» мағынасын береді. Олардың «Мені байтить етуді қойсаңшы» дегенін жиі естиміз. «Вайб» – атмосфера, көңіл күй дегенді білдіреді. Бұл да ағылшын сөзі, «vibe» – вибрация. Алғашында эзотериктердің жаргоны болған бұл сөз кейіннен жастардың арасында кең қолданыла бастады. «Вайбты бұздың ғой» дейтіні «белгілі бір көңіл күйді құрттың» деген мәнге саяды. Войсить – дауыстық хабарлама жазу дегенді білдіреді. Айта берсек, қазіргі жастардың сөздік қоры жаңа сөздерге бай: кринж – ұятты іс, пранк – әзілдесу, пруф – дәлел, рофл – күлкіден жарылу, хейт – жек көру, чекать – тексеру және тағысын тағылары.
Десе де, бүгінгі ұрпақтың арасында түбірі орыс тіліндегі сөздерден енген жаргондар да бар. Мәселен, жастар қолданатын «варик» сөзі орыстың «вариант» дегенінің қысқартылған нұсқасы. «Зашквар» – ұятты іс, бұл сөз тарихы жағымсыз, «зашкварить» сөзін түрмедегі қауым біреуді кемсіту үшін қолданатын болған. Сондай-ақ қыздар арасында кең танымал «ЛП» сөзі орыстың «лучшая подруга» дегенінің қысқартылған түрі. Сөздерді қысқарту арқылы сленг жасау бүгінгі жастар арасында көп кездеседі. Мұны тіл мамандары интернеттің, әлеуметтік желілердің дамуымен түсіндіреді.
– Ертеде эпистолярлық жанр дамып, хат алмасу кең қолданыста болған уақытта сөзді, сөйлемді толық әрі көркемдеп жазу мәдениеті болған. Айлап-жылдап хат жазысатын жұрт, айтар ойын бір параққа сыйдыру үшін асықпай, әсемдеп жазуға бейім болған, тұрақты сөз тіркесін, ақын-жазушылардың нақыл сөз, өлеңдерін жаттап жүруге әуестенген. Осы себептен о заманда тіпті ауызекі тілде де қысқартылған, қарабайыр сөздердің қарасы көп болмаған. Ал бүгінгі таңда әлеуметтік желі арқылы хат алмасу жылдамдықты талап етеді. Сондықтан хат алмасушы айтар ойын мейлінше қысқартып жазуды құп көреді, мақсат – адресаты айтар ойын түсінсе болғаны, – дейді PhD-доктор Нұрбол Байтасов.
Филолог мамандар кез келген ұрпақтың өзіне тән сөздері болатынын және бұл құбылысты қалыпты қабылдауымыз керегін жиі айтып жүр. Себебі біз қаласақ та, қаламасақ та сленгтен әдеби тілге енген сөздер көп, оны тіл тарихынан көріп отырмыз.
– «Сленгтер тілді шұбарлайды» деп оны қолданысқа енгізуден түбегейлі бас тартқанымыз орынсыз. Өйткені тіл үнемі өзгеріп, дамып, замана ағымына бейімделіп отыратын тірі ағза. Мәселен, тоқсаныншы жылдардың басында өмір сүрген жастардың жаргоны басқа болды. Ол уақытта интернет, әлеуметтік желі болған жоқ. Таршылық заман, жастардың көбі ұрлық, төбелеске үйір болды. Оларды көше тәрбиеледі. Сәйкесінше, жаргондары да қылмыстық өмірді сипаттайтын мәнде болды. Ал қазір жағдай мүлдем басқа. Бүгінгі ұрпақтың көзі ашық, көкірегі ояу, жаңалықтарға бейім. Оның үстіне қазір билингвизм – заманауи тенденция, екі-үш тіл білу – қалыпты жағдай. Z ұрпақтың сөздік қорына енген сөздер де әртүрлі тілден еніп жатыр. Сондықтан тілдің уақыт өте өзгеруі – табиғи құбылыс, бұл құбылысты сынға алудың орнына, дұрыстап зерттегеніміз абзал, – дейді филолог Зәуреш Құсайынова.
Шын мәнінде, тоқсаныншы жылдары жастар қолданған жаргондардың көбі бұзақылық әлемімен байланысты болған. Мәселен, ол уақытта есірткі жеткізуші – «резидент», сапалы ішімдік – «блондинка», ал сапасыз түрі – «бурда», «синька», қылмыскер – «боготырь» делінген. Бір қызығы, сол уақытта сленг болған сөздердің көбі зат есім және көбіне әйелдер мен ерлердің түрлерін сипаттаған. Ал қазіргі жастардың жаргондары көбіне етістік және көңіл күйді, түрлі эмоцияны білдіреді.
Ғалымдар бұл жағын жеке зерттеу керек екенін көп айтады. Өйткені тіл тарихына зер салсақ, әдеби қолданысқа енген жаргон сөздер жетерлік. Бұл құбылыс бүгін де қайталануда. Қазіргі Z ұрпақтың да сөздік қорынан бірнеше сленг бұқаралық ақпарат құралдарының тіліне еніп үлгерді. Мәселен, «буллинг» – әлімжеттік, бұл сөз о баста жоғары сыныптың өзінен кішілерге көрсететін «бұзақылық» әрекетін сипаттаған. Қазір БАҚ беттерінде кез келген саладағы әлімжеттік мәселесін айтқанда «буллинг» сөзін қолданып жүр.
Әлеуметтік желілерден жастардың тілін түсінбейміз дейтін аға буынның, ата-аналар¬дың уәжін көп көреміз. Өскелең ұрпақпен тіл табысайын десек, олардың тілін «үйренуіміз» керек шығар?! Сіз қалай ойлайсыз?

А.БАҚЫТҰЛЫ
24 қаңтар 2023 ж. 532 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031