Тіл дауына тоқтам бар
Шынын айту керек, осыдан он жыл бұрынғы мемлекеттік тілдің мәртебесіне қарағанда қазіргі қазақ тілі аудиториясының қарасы қалың, беделі биік. Әсіресе, жастар арасында қазақша сөйлеу «модаға» айналып келеді. Бұл өскелең ұрпақтың «Тілі өлген ел – тірі өлген ел» деген тәмсілдің жетесіне жеткенін аңғартады. Жүздеген жыл боданда болған ана тіл тәуелсізідік алғаннан бері қайта түлеген қырандай көрінетіні бар. Тек қос тілді қолданушылардың арасында кейде қисынсыз дау пайда болатыны көңілге кірбің салады. Бұған қалай тоқтам саламыз?
Қазіргі сәтте Қазақстанда көптеген өзге ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр деп жиі айтамыз. Мемлекетте саны жағынан екінші көп халық – орыстар. Кеңес үкіметі құлаған тұста елде 6 миллионнан астам орыс қалса, 2021 жылғы халық санағы бойынша 3 миллионға жетер-жетпес өкілі өмір сүретіні белгілі болды. Олардың басым бөлігі Солтүстік және Орталық Қазақстанда қоныстанған. Ара тұра қызмет көрсету бойынша келіспеушіліктер де осы аймақтарда орын алатыны жасырын емес. Алайда бүгінгі күні достас ұлт өкілдерінің көпшілігі мемлекеттік тілді меңгеруге шындап кіріскенін әлеуметтік желіден, ірі қалалардан анық байқаймыз. Ал достас ұлттардың арасындағы дауды ұластырмаудың ұтымды амалын Қазыбек Иса айтты. Мәжіліс депутатының сөзіне сенсек, Конституциядан орыс тілі мәртебесін алып тастау – ұлтараздықтың алдын алады. Ол ел арасында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады деген тіркестен туындаған түсінбестік көп екенін тілге тиек етті.
–Ата заңдағы 7-баптың 2-тармағы жұртты әлі шатастырып, орыс тілі заңсыз мемлекеттік тіл рөлін атқарып келе жатқандықтан, бүгінде ұлтаралық жанжалдардың туындауына себеп болып отыр. Сондықтан Конституцияның 7-бабының 2-тармағын алып тастайтын кез жетті.
Өйткені кез келген дүкенге, мекемеге кірген орыс тілін білмейтін және шет тілін білмеуге толық хақысы бар азамат ел заңнамасына сай Мемлекеттік тілде қызмет етуді талап еткенде, одан 30 жыл бойы мемлекет те, басшысы да талап етпеген мемлекеттік тілді білмейтін сатушы немесе қызметкер: «Бізде мемлекеттік тіл – екеу, Конституцияның 7-бабы, 2-тармағы солай», – деп заңсыз қарсыласады да, дау-жанжалдың барлығы осыдан шығады.
Мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы Конституциялық кеңестің қаулысы айқындап берген анықтама-тұжырымды осы уақытқа дейін біз әлі парламенттегі көптеген депутаттарға, тіпті, мамандығы заңгер депутаттарға түсіндіре алмай келеміз, – дейді депутат.
Қазіргі таңда осы мәселеге байланысты жоғары лауазымда жүрген шенеуніктердің позициясыз көзқарасы барын байқаймыз. Арты үлкен дауға айналуы мүмкін шиеленісті шешуге құлықсыздар қаншама?! Депутат бұған да тоқталып өтті.
– «Біздің елде Мемлекеттік тіл екеу, орыс тілі – ресми тіл, мемлекеттік тілдің орнына жүре береді» деген заңға қайшы сөзді сауда орындарындағы сауатсыз сатушы айтса мейлі, биліктегі жоғары лауазымды шенеуніктер айтып жатқанда таңғаласың!
Біздің Қазақстанда мемлекеттік тілге қарсы осындай заңсыз саясат отыз жылдан астам уақыттан бері үстемдік етіп келеді. ҚР “Тіл туралы” Заңының 4-бабында “Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін және іс қағаздарын жүргізу тілі, – деп айқын жазылған. Қазақстанда қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу тілі қазақ тілінде жүргізіледі, сот ісін жүргізу де мемлекеттік тілде жүргізілуі керек, – дейді Қазыбек Иса.
Халық атынан сөйлеуге хақы бар депутаттың сөзінде жан бар. Бүгінге дейін Ата заңдағы аталған тіркес қос ұлттың қымсынуына себеп болып келді. Оған өзгеріс енгізілер болса, қоғамдық орындарда негізсіз дау туып, осыған байланысты жұрт ішінде жиылған қыжыл азаяр еді.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ