Жастарда жаңа серпін
Жыл аяғы таяп, келер жылдың күндері менмұндалап тұр. Қазалы ауданы үшін биылғы жыл жемісті де жеңісті болды. Соның ішінде жастар саясатының жүйелі жұмысын ауыз толтырып айту керек. Олардың бүгінгі аяқ алысы, жыл көлемінде атқарған шаруасы жайында білмекке аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрбек Ақпанбетовпен байланысқан едік. Жас болса да бас болып жүрген азамат жергілікті жерде мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылу барысын толық түсіндіріп берді.
– Статистикалық мәліметтерге сәйкес, ауданда 17 830 жас қоныстанған. Бұл аудан халқының 23 процентін құрайды.
Қазалы бойынша І жартыжылдық көлемінде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бағытында атқарылғын жұмыстарға тоқталсам, аталған жастардың қатысуымен бүгінгі күнге дейін 500-ге жуық іс-шара ұйымдастырылды. Ал оған 11500-ден асатын жастар қатысты. Мұндай жиынды өткізудегі басты мақсат – жастардың әл ауқатын көтеру мен шығармашылығын шыңдау, оларды патриоттыққа баулу.
Мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік жағдайы төмен 150-ден астам қайырымдылық бағыттары бойынша жұмыстар жүзеге асырылды. Аталған шаралар әлі де жалғасын тауып келеді, – дейді орталық директоры.
Айта кету керек, қазір ауданда екі бірдей жастар орталығы жұмыс жасап тұр. Оның бірі кент ішінде болса, екіншісі Қазалы қаласының жастары үшін қызмет етіп келеді. Оған қоса екеуі де жаңа ғимаратқа қоныс аударды. Ендігі олар жергілікті жастардың бос уақытын тиімді өткізудің түрлі жолдарын қарастыруда. Мұны неге айтып отырмыз? Өйткені, мұнда түрлі салалар бойынша атқарылған шаралар аз емес.
– Он айлық көрсеткіш бойынша 150 мәдени шара, 60 спорттық сайыс, 60 кеңес беру акциясы, Жастар арасында ұсақ құқық бұзушылықтардың алдын алу бағыттары бойынша 50-ден астам қоғамдық рейдтік шаралар ұйымдастырылып, ашық есік күні акциясы аясында заңгерлік тұрғыдан 70 жасқа кеңес берілді. Әзірше 30 жастың жекелей жұмысы шешімін тапты. Ал кеңес беру акциясы аясында 4 жас тұрақты жұмысқа орналасты.
Сонымен қатар ауданда алғашқы рет Балалар жылы аясында «Жаңа Дәуір – Жаңа Қазақстан» тақырыбында жастар фестивалі ұйымдастырылды. Оған барлығы 187 жас қатысып, 6 бағытқа бөлінді. Нәтижесінде жеңімпаздарға Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің толық гранты және осы оқу орынының 50, 25 процент жеңілдікпен оқитын сертификаттары, салаларына байланысты барлығы 500 мың теңгенің көлемінде қаржылай сыйақы табысталды. Шара алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Бұдан бөлек халықаралық жастар күніне орай аудан көлемінде апталық шаралар тізбегі бекітіліп, жиындар 8-12 тамыз аралығында өткізілді. Онда спорт түрлерінен, инновациялық идеялар жәрмеңкесі, мүмкіндіктер керуені, «Жайдарман ойындары», «Барлық игілік –балаларға» жастар акциясы, «ЭКО марафон» сенбілік акциялары ұйымдастырылды. Осы мереке аясында Қазалы ауданында дәстүрге айналған Ғ.Мұратбаевтың 120 жылдығына орай республикалық жастар сыйлығы табысталды.Аталған республикалық шара осымен Қазалы ауданында 4-ші мәрте ұйымдастырылды, – дейді Нұрбек Ақпанбетов.
Орталықтың бүгінге дейін атқарған шараларына қанықпыз. Ауыз толтырып айтарлықтай басқосу мен жиынның куәсі де болдық. Дегенмен аталған мекеменің жұмысы мұнымен шектелмейді. Өйткені NEET санатындағы жастармен де жұмыс назардан тыс қалмауы тиіс.
Қолға тиген мәліметтерді сөйлетсек, аудан бойынша NEET санатындағы жастардың базалық дерекқорын әзірлеу бағытында Жастар ресурстық орталығы 2021 жылдың қараша айы және 2022 жылдың қаңтар айы аралығында облыстық Жастар ресурстық орталығының бастамасымен барлық аудандарда NEET санатына жататын жастарды анықтау бағытында әлеуметтік сауалнама жұмыстарын жүргізіп, 1543 жасты анықтаған екен. Одан соң үстіміздегі жылдың наурыз айында бұл шаруалар онлайн форматта интернет желісі арқылы әзірленіп, сілтеме бойынша іске асырылған. Сол секілді екінші кезең бойынша 1032 жас есептелген. Нәтижесінде нақтыланған барлық жастар саны 1530-ды құрап отыр.
Үстіміздегі жылдың тамыз айынан бастап Қазалы көліктік-техникалық жоғары колледжі арқылы 30, Қазалы аграрлы техникалық колледжінен 20, NEET санатындағы жастарды оқыту курстарға тарту және 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша жұмыссыз жастарды «Халықты жұмыспен қамту орталығы» арқылы қысқа курстар арқылы 130-ға жуық жасты қамту шаралары қолға алынған.
Бұған қоса әр сенбі сайын жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, ауыл жастарының өнерін шыңдау бағытында аудан орталығында гала-концерт ұйымдастырылып тұрады. Сондай-ақ шара аясында сала мамандарының қатысуымен «Түнгі жәрмеңке» акциясы да үздіксіз өтіп келеді. Бұл жердегі басты бағыт – NEET санатындағы жастармен жеке жұмыстарды үйлестіру болып табылады.
Ағымдағы жыл бойынша мемлекеттік бағдарламалармен және бос жұмыс орындары туралы 100-ге жуық түсіндірме үнпарақтар, бейнероликтер әлеуметтік желіде жарияланып, 90-ға жуық кеңес беру акциясы үздіксіз жасалған екен.
– Ауданда алғаш рет ерікті жастардың ұйымдастыруымен «Жастар керуені» жобасы құрылды. Олар барлық елді мекендерде жастардың бос уақытын тиімді пайдалану және NEET санатындағы жастарды мемлекеттік бағдарламаға кеңінен тарту, жастармен шығармашылық байланыс орнату, еркін ұсыныс-пікірін тыңдау шараларын жүзеге асырды.
Сондай-ақ, аталған жоба төрт бөліктен тұрады. Бірінші, ауыл тұрғындарына мемлекеттік бағдарламалар туралы кеңестер беру. Екінші, ауыл жастарының шығармашылығын тамашалау. Үшінші, алау жанындағы еркін-пікір алмасу және жастар би кеші. Осы бағыттар бойынша жүзеге асырылған жұмыстарға тиісті сала мамандары толығымен қатысты. Көтерілген сұрақтардың басым бөлігі, жастар арасындағы жұмыссыздық пен кәсіпкерлік салаларына қарай бағытталды. Жоба аясында бүгінгі күнге дейін 19 ауылдық округ бойынша 600-ден астам ауыл жастары кеңес алды. Жалпы шараға қатысқан жастар саны 5700-ді құрайды. Бұл аудан жастарының 32 процентін көрсетіп отыр. Оның ішінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша – 97, «Жұмыспен қамту» саласынан – 194, кәсіпкерлік саласынан – 189, тұрғын үй саласынан – 64, білім саласынан – 45 жас қойылған сауалдарына нақты жауаптар алды, – дейді орталық директоры.
Ала жаздай аталған жоба аясында ауданға қарасты ауылдарда болдық. Жастардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрген басшылардың жауабына қанық болып, іштей шешімін табуына тілектестік білдірдік. Директордың айтуынша, түйіні тарқатылған түйткілдер аз болмаған. Нақтыласақ, қоғамдық жұмыстарға жастарды уақытша орналастыру бойынша 70-ке жуық азамат жұмыспен қамтылатын болған. Бір қуантарлығы кеңес алған жастардың ішінде 50-ден астамы кәсіп бастауға ниеттеніп, «Бизнес бастау» жобасы аясында мемлекеттік грант алуға 215 адам құжат тапсырып, соның 93-і NEET санатындағы жастар өз кәсіптерін ашуға 1 225 200 теңге грант иегері атанған.
Ол аз десеңіз, тұрғын үй саласы бойынша 10 жас тиісті бағдарламалар арқылы тұрғын үй мен қамтасыз етіледі. Серпін бағдарламасы бойынша да жастар оқу орнындарына түсуге кеңес алып, қазіргі таңда бағдарлама аясында мемлекеттік грант арқылы білім алып жатыр.
Айтпақшы, NEET санатына жататын 12 жас тұрақты жұмысқа орналасқан. Нақтыласақ, құрылыс сауда үйіне күзетші, темір жол ауруханасына фельдшер, «Игіліков» балық зауыты, «Аманбай» жүргізуші, РЗА жұмысшы, АСТРА «Ломбард» күзетші, 1 жас жеке кәсіпкер ретінде әрлеу жұмыстарымен айналысуда.
Бүгінгі күні жастардың әскерге бару жөнінде мәселе көп қозғалып жүр. Дегенмен аудан жастары Отан алдындағы борышын өтеуге құлықсыз емес. Ашып айтсақ, аудан бойынша есепте тұрған жастар саны 3641-ді құрайды. Оның ішінде әскери комиссияға шақырылғаны 394. Ал уақытылы келгені 209 болса, әскер қатарына жолданған жастар саны 36. Оған іздеуде жүрген 185-ін қоссақ болады. Сол секілді жарамсыздар саны – 128.
– Қазіргі таңда әлем бойынша күрделі мәселелердің бірі жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі. Осы орайда ауданымызда атқарылып жатқан шараларға тоқталып өтейін. Жалпы, аудан бойынша халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеуші ретінде 29 жасқа дейінгі 899 азамат жастар хабарласқан. Одан жұмысқа орналасқаны 87, жастар практикасына 115, әлеуметтік жұмыс орнына 8, ақылы қоғамдық жұмысқа 23 деген ақпар бар. Одан бөлек 7 жас мемлекеттік грант алып кәсіптерін ашуда.
Бұдан бөлек, жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалану және оларды еңбекке баулу мақсатында «Жасыл ел» жобасы бойынша 140 жас уақытша жұмыспен қамтылды.
Ал жақын және алыс шет мемлекетте оқып жатқан 9 студент бар. Оның сегізі Ресейде, біреуі Польша мемлекетінде білім нәрімен сусындап жатыр. Мамандықтардың басым бөлігі металлургия, агрохимия, ветмедицина болса, Польша мемлекетіндегі бір жас саясаттану мамандығы бойынша жетілуде.
Айта кететін мәселелердің бірі, 2014 жылдан бері аудан көлемінде шешімін таппай келе жатқан, жастар ғимараты жыл басында пайдалануға берілді. Қазіргі таңда бұл ғимаратта апталық кестеге сәйкес пікірсайысшылар клубы, сурет салу үйірмесі және «мобилография» сапалы видео жасап үйрену үйірмелері жұмыс жасауда. Алдағы уақытта IT клубы, робототехника үйірмесі және спорттық бағытты қамтитын үйірмелер ашу жоспарлануда, – дейді Нұрбек Ақпанбетов.
Абзал ЖОЛТЕРЕК