Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастарға жан-жақты жағдай жасалады

Жастарға жан-жақты жағдай жасалады

Жұма күні Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында облыс әкімінің төрағалығымен Қызылорда облысы әкімдігі жанындағы жас­тар саясаты жөніндегі кеңестің көшпелі отырысы өтті. Жиын Елбасының 5 әлеуметтік бас­тамасы аясында жастардың іскерлігін арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
Кеңесте мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021 жылға дейінгі «Жол картасының» жүзеге асырылу барысы, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында жас кәсіпкерлерді қолдау бойынша атқарылған жұмыстар, өңірдегі еңбек ресурсы балансының тиімділігі, Қазалы мен Жалағаш аудандарындағы жастар саясатындағы іске асырылып жатқан жұмыстар талқыланды.
Облыс әкімінің айтуынша, өңірде кәсіпкерлікпен айналысатын жастардың саны артқан. Оның ішінде Қазалы ауданы жетекші орында. Бұған себеп саланы дамыту ісі дұрыс жолға қойылғандығында болса керек. Өңірдегі жұмыссыздықты жою мақсатында кәсіп ашушы жастарға арнап бюджеттен қайтарымсыз гранттар бөлініп келеді. Мұндай қолдауды кепіл қоймай-ақ алуға болады екен. Қырымбек Көшербаев жауапты сала басшыларына аталған көмектер мен жеңілдіктер жайлы баспасөз беттерінде кеңінен насихаттау, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Кеңес отырысында аудан әкімі Мұрат Ергешбаев аудан бойынша мемлекеттік жас­тар саясатының жүзеге асырылуы туралы баяндама жасады. «Жергілікті халықтың 26 пайызын (19 924 адам) жастар құрайды. Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында биыл аудандық бюджеттен 12,4 млн теңге бөлінді. Жыл басынан бері жастардың қатысуымен 150-ден астам шара ұйымдастырылды. Биыл кәсіппен айналысуға ниет білдірушілер саны өткен жылмен салыстырғанда 5 есеге дейін артып отыр. Айта кету керек үстіміздегі жылы аудан орталығында алғаш рет «SMILE» кино-кафесінің ашылуы болды. Онда қазалылық жастардың ұйымдастыруымен түрлі шаралар өткізіліп келеді», – деді ол. Сондай-ақ, аудан басшысы жұмыссыздық деңгейін төмендету, жастардың бос уақытын ұйымдастыру, кәсіби бағдар беру, құқық бұзушылықтың алдын алу, жас­тар корпусын дамыту бағытындағы шаралар одан әрі қарқын ала беретінін тілге тиек етті.
Облыста білім беру, денсаулық сақтау және жастар саясатына ерекше көңіл бөлінеді. Бюджеттен қаржы қарағанда да аталған салаларға басымдық беру қажет. Бұл туралы аймақ басшысы мәлім етті. «Құрметті сала басшылары, отырысқа қатысушылар! Жастар ісіне қатысты қандай да бір мәселелер туындайтын болса мені құлағдар етулеріңізді сұраймын. Қаржыландыру керек болса, оның да амалын табамыз. Келешек елдің тұтқасын ұстар жастардың жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстардың барлығына қолдау көрсетуге уәде беремін», – деп жиынды қорытындылаған облыс басшысы бірқатар тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
06 мамыр 2018 ж. 1 936 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031