Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Дәулет Жадырасын: Ақындық дүниеге келерде берілетін қасиет

Дәулет Жадырасын: Ақындық дүниеге келерде берілетін қасиет

Сыр өңірі көптеген ақын-шайырлар түлеген мекен. Осындай таланттарды құрметтеп, бағалайтын қазалылықтардың поэзияға деген көз-қарасы ерекше. Осы орайда киелі поэзия әлемінде өзіндік үнін қалдырып, сырлы өлеңдерімен оқырман қауымын елең еткізіп жүрген жас ақын Дәулет Жадырасынмен әңгіме өрбіткенбіз.

– Дәулет айнаға қарағанда кімді көресіз және ол адам жайлы не ойлайсыз? Алғашқы сауалымызды осыдан бастасақ...
– Барша ел таныс деу әбестік болар. Ақынды ақын ететін бірінші кезекте шығармасы ғой. Біздің буында менен гөрі атақты, талантты ақындар өте көп. Жалпы, қазір насихат жұмыстарының әлсіздігінен, мүмкін ескі тәсілдердің қолданылуынан көп қаламгерлер халық назарынан тыс қалуда. Ақпарат дәуірі елге туындың жету үшін әлемжеліде белсенді болуды талап етеді. Мен жазған өлеңдерімді желіде жиі жариялап отырамын, мүмкін содан болар, не есімімді, не өлеңімді естіген адамдармен жиі ұшырасып жатамын.
Ал, айнаның әңгімесіне келетін болсақ, мен де жұрт секілді сырт бейнемді көремін. Кәдімгі көзі, құлағы, мұрны бар жаратылысты. Адамды адамнан ерекшелейтін ішкі құндылықтары ғой. Ішкі жан-дүниенің айнасы – сені қоршаған орта, айналаң, өмірің деп білемін. Ішкі дүние ұмыт қалса, Құдай да сен туралы ұмытады. Ал жан тазарту әдісі әркімде әрқалай болуы мүмкін. «Өлең жазып отырғанда, Жақсы көрем өзімді», – дейді ғой Бағдат Мүбәрак. Демек, ақын өлең жазу арқылы тазаратын шығар. Сондықтан, жаныңды көрсететін айнаға жиі қарау керек деп ойлаймын.
– Ақындық – сөз өнерінің аса қастерлі саласы. Ендеше сөзден маржан тергендердің бойына бұл қасиет туа бітті дариды ма, әлде жүре келе дари ма?
– Меніңше, адам дүниеге келерде беріліп қоятын қасиет. Әйтпесе біздің қазақта оқыған-тоқығаны көп, көрген-білгені жетерлік жандар аз емес. Жыр жазуға талпынғандарын да білеміз. Олар сонша рухани жиған-тергенімен неге ақын болып кетпейді? Ақын деген атаққа оқығаны кем, тоқығаны аз бізден гөрі солар лайықты еді ғой.
– Ең алғашқы өлеңіңіз кімге арналды?
– Ұстазымның айтуы бойынша, бастауыш сынып оқып жүргенде, оқушыларға «Астана» туралы өлең жазып келу тапсырылыпты. Сонда «Көпке танымал бас қала, Астана» деген ұйқаспен тақпақ жазып барыппын. Сол ең алғашқы өлеңім болуы керек. Бұл туралы «Ең алғаш жазған өлеңім. Елорда жайлы баллада» атты өлеңім бар.
– Жуырда өткен «Күміс қалам» байқауында бағыңызды сынадыңыз. Байқау шарты бойынша белгілі ақын, жерлес аға-бауырың Ақжол Түменбаймен кездестің. Әдетте аға мен іні арасындағы жекпе-жекті көп көре бермейміз. Осы орайда Ақжолмен тартысқа түсу қаншалықты ауырға соқты? Сол сәттегі сезіміңмен бөліссең...
– Иә, бұл бір қызық байқау болды. Кіл қызылордалық жерлестеріммен шығуға тура келді. Іріктеу кезеңінде Ақжол ағамен шықсам, финалда шиелілік Аружан Оралбай досыммен бәсекеге түстім. Екеуі де өте талантты, мықты ақындар ғой. Ақжол Түменбай екеуміздің дуэліміз ең сәтті шыққаны болды деп жатыр көрермендер. Бұрын өлеңімен ауырып, жырын жатқа соғатын ақынмен айқасу, әрине, оңайға түспеді. Көрерменнің көңілін көтерген нәрсе – қос ақынның да оқыған өлеңдері тақырып бойынша сәйкес болуында деп ойладым. Ақжол ағам ауыл жайлы өлеңін оқығанда, мен ауылдас Әуесхан ағамның «деген екенінің» негізінде шығарған өлеңімді оқып, балалық жайлы өлеңіне «Тығылмақпен» жауап берген болатынмын. Қазылар мені жеңімпаз деп таныды. Меніңше, «Күміс қаламда» мен емес, Ақжол аға екеуміздің бәсекеміз жеңіске жетті.
– Өзіңізде жассыз, дей тұра бассыз... Жаңа буынға, яғни, өзіңізден кейін ақындыққа қадам басқан жастарға қандай ақыл-кеңес айтасыз?
– Мен өте жалқау адаммын, негізі. Бұдан да көп еңбектенгенімде, ізденгенімде, мүмкін, басқа деңгейде жүруші ме едім деп жиі өкінемін. Әрине, алдымызда уақыт бар ғой, сол бостықты толтыруға тырысамын. Білетінім, дарыныңды шыңдау үшін көп ізденіп, көп оқу керек. Мақтау сөздерге іштей бұғау қою керек, дұрыс сынды қабылдай білу жөн. Сосын жоғарыда айтқандай жанның айнасына жиі қараған дұрыс болар. Жүрегі лас адамнан жақсы өлең шықпайды.
– Алға қойған мақсат-мұратыңызбен бөлісе кетсеңіз...
– Мақсат көп. Өз қолтаңбамды қалыптастырғым келеді. Бүгін де елеусіз қалған нағыз поэзияға деген халықтың махаббатын оята алсам, мақсатымның орындалғаны.
– Сұхбатыңыз үшін көп рахмет!

Әңгімелескен
Серік АҚМЫРЗА
04 қазан 2022 ж. 600 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031