Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Көше мәдениетіне мән берейік

Көше мәдениетіне мән берейік

Ескіні еске алмай, жаңа жадыңа түспейді. Еліміз егемендік алып тәуелсіздікке қол жеткізген кезеңде нарықтық экономикаға көшіп, мемлекетте инфляция мен жұмыссыздық етек алып, мекемелердің есепшоттарында мардымды қаражаттары болмай, банктерде нақты ақша тапшылығы туындап, жұмысшы-қызметкерлердің еңбекақысымен чектей, заттай балама есеп айырысып, орасан зор бюджет тапшылығы орын алған болатын. Басқаны айтпағанда мемлекеттің зейнеткерлерге қарызы жарты миллиард долларға дейін жетіп, төлем кешігуі 6 айға дейін жеткені есімізден шыға қойған жоқ.
Бұл тұста нарық қыспағына түскен халық жаппай сауда-саттыққа бет бұрды. Алып сатарлар мен қосып сатарлар күн санап көбейді. Күнкөріс қамымен әйелдер мен жас қыздар ауыр сумкалар арқалап, отбасы тауқыметін өз мойындарына алып, базарларда, рұқсат етілмеген көше бұрыштарында жабайы саудамен айналысып, бала-шағаларын асырауға кірісті.
Кез келген мемлекетті қаржыландырып ұстап отыратын оның қалыптасқан өзіндік салық жүйесі бар. Өркениетті қоғамда салық жүйесі мемлекеттің діңгегі әрі тірегі болып саналады. Сондықтан да елімізде қалыптасқан жағдайды ретке келтіру мақсатында 1991 жылдың 9 шілдесінде Қазақстан Республикасының Прездиденті Қазақ ССР Мемлекеттік Салық салу қызметін құру туралы №380 Жарлығы қабылданды.
Жарлыққа сәйкес біздің ауданымызда салық комитеті құрылды. Бастапқыда марқұм Базархан Ақжігітов, ізінше Талайлы Бөріқұлақов басшылық жасады.
Ол бір ауыр кезең болатын. Қайнаған жұмысты 38 қызметкер ауызбіршілікпен бір ізге салып, нәтижесіне қол жеткізгенше уақытпен санаспай, тыным таппай қызмет атқардық. Салық жүйесін қалыпқа келтіру мен күрделі реформаларды жүзеге асыруда. Талайлы Әмитжанұлының салық комитетінде атқарған еңбегі ерекше болды.
Жастық шақта көптеген облысқа, ауданға танымал ел экономикасының өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан қаржы, салық саласының қазанында қайнаған майталмандар мен қызметтес болып, олардан дәріс алғанымды мақтан тұтамын. Әріптестерімнің көпшілігі бүгінде басшы болды. Алайда олардың іскерлік, ізденімпаздық, талапшылдық қызметке адалдық қасиеттері кейінгі ұрпаққа өнеге болып қала бермек. Бұл қырық жылға таяу осы саланың қыры мен сырына қанығып, қызмет атқарған жылдардағы тәжірибеден туған пікір.
Қазір зейнеткерлік кезеңді бастан өткізіп жатқан қаржы, салық саласының ардагерімін. Ата-бабаларымыздың «Үлкеннің ісі – ұлағат» деп алдыңғы буынға, кейінгіге жөн сілтеп, дұрыс бағыт беруі міндеттелген. Ардагер атымызбен ел шіндегі көлеңкелі көрініске бейжай қарау – ұрпағымыздың алдындағы ұятты іс деген пікірдемін.
Сондай ел арасында көз көріп көңілді құлазытып жүрген тақырып төңірегінде әңгіме қаузауды жөн деп таптым.
Бүгінде өзім ретсіз базарға, сауда орындарына бара бермеймін. Жуырда бір кәсіпкер жолығып былай деді:
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған өз жолдауында біз әділетті мемлекет, берекелі қоғам құрамыз деген болатын. Алайда біз базар ішінде заңды түрде салығымызды, арендамызды төлеп бала-шағаның қамы үшін кәсіп жасап отырмыз, ал базар сыртындағы жағдайды көріңізші, бізбен бәсекелес болып қаншама адама салықтан жалтарып сауда жасап отыр, осы әділеттілік пе? Байырғы салықшы есебінде айтыңызшы» деп менің намысымды оятты. «Мың рет естігенше, бір рет көр» деген. Ертеңіне өз көзіммен көрейінші деген ниетпен базар маңына бардым.
Айтса айтқандай-ақ екен, Әйтеке би көшесі бойындағы жаяу жүргіншілер жолының екі қапталы алып-сатар саудагерлерге лық толы. 100 қаралы адам қолдан неше түрлі сөре, көлеңке жасап шаңның астында азық-түлік киім-кешек, бақша өнімдерін алаңсыз сатып жабайы саудаларын дөңгелетіп отыр. Заңсыз жерақы жинап жүрген адамдарды да кездестіруге болады. Ал үлкен ғимараттары бар кәсіпкерлердің өзі сөрелері аздық еткендей заттарын жаяу жүргіншілердің жолына шығарып, көше бойына «бұл жерге машина қоюға болмайды» деген темір тақтайшаны да қадап тастаған.
«Айтпаса сөздің атасы өледі». «Мусаев» базарының оңтүстігіндегі Біржан сал көшелеріне бара қалсаң көңілің құлазиды. Мен жеке автокөлігімді жүргізіп, кейде рөлде көп боламын. Сонда байқағаным, көше бөлшектерінің біразына бір бағыттық жүру белгілері қойылған. Дегенмен бұлар ешқандай мәселені шешіп тұрған жоқ. Автокөліктер мен жаяу жүргіншілер, арбадағы мүгедек жандар мен арба итерген кәсіпкерлер өте қауіпті жағдайда көше ортасында араласып жүреді. Өйткені жаяу жүргіншілер жолын саудагерлер жаулап алған. Бұл жағдайды «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» дегенге теңеген дұрыс шығар.
А.Байтұрсынов пен Әйтеке би көшелерінің қиылысын алып сатарлар мен қосып сатарлар «қауын базарына» айналдырып алған. Жолдың екі қапталын қауын тиелген газель автокөліктері де алаңсыз сауда жасауда.
Осы орайда айтайын дегенім, ұмытпасам ­Нажмадин Шамұратов басшылық жасаған кезеңде аудан тұрғындарының күздік бақша өнімдерін сату орны Алмагүл Жұмабаеваның басқаруындағы «Қайрат» ЖШС-нің ауасы белгіленген болатын.
Қош, елімізде кәсіпкерлерді тексеруге 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін мароторий жарияланған делік, бірақ заңсыз әрекеттерге бейжай қарау дегенді білдірмейді ғой.
«Қамысты бос ұстасаң, қолыңды кеседі» деген бар. Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 2014-бабы «Белгіленбеген орындарда сауда жасау, 463-бабы «Тиісті тіркеусіз, рұқсатсыз кәсіпкерлік немесе өзге де қызметтерді жүзеге асыру жағдайларына да қолданылатын шаралар бар».
Алайда құзырлы органдар осы баптарды ұзақ уақыттан бері қолданбағанға ұқсайды.
Айтпақшы, А.Байтұрсынов көшесіндегі «Алтын – Ана» мейрамханасының алдындағы жағдай да мәз емес. Бұл маңда автотұрақ қарастырылмаған, той болған уақытта өзі де тар көшенің екі жағы автокөліктерге лық толып, адам өміріне қауіпті жағдай тудырады.
Көше мәдениетіне мән беру – халықтың жағдайын ойлағандық. Сондықтан айтылған мәселелерге тиісті органдар ұсақ-түйек деп қарамай, нақты нәтиже шығаруға назар аударғанын қалаймыз.

Кемал КӨПЖАСАР,
қаржы, салық саласының ардагері

13 қыркүйек 2022 ж. 432 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031