Гүл өсіру де өнер
Әдемілікті жаныңыз сүйе ме? Әрине, орнақылық пен жайлылық, тазалық пен көркемдік кімге де болса жақын дүние. Оның ішінде гүл өсіріп, жасыл желек баптап, айналасын сәнмен мәнге айналдырған жандар жетерлік. Гүл – сондай нәзік. Иісі жұпар аңқып, айналаңа тек қуаныш сыйлайды емес пе? Ал оны баптау, аялап өсіру көптің қолынан келе бермейтін іс.Гүл өсіруге әйел адамның өзіндік ықыласы болуы керек. Ал сондай ықыласты жанның бірі – Гүлзада Өмірзаққызы. Ол 1966 жылы Қазалы ауданында дүние келген. Оның гүл өсіруге қызығушылығы Тараз қаласында басталыпты. Осыдан бірнеше жыл бұрын сол қалаға қыдырып барғанда арнайы теплицаға барып, осы жерден 20 мың теңгеге гүл сатып алады. Әрі ғаламтор бойынша жарнама жасай бастайды. Гүл кәсібі осылайша басталып та кетеді.
– Алғашында өсірген гүлдерімді үйде сатып жүрдім. Күз, қыс айларында гүл дүкендеріне барып, арзан бағадағы, ауырып тұрған гүлдерді алып, оны үйге әкеліп, емдеп, баптап күн жылыған көктем айында таныстарыма, көршілеріме саттым. Алғашқы уақытта қиынырақ болды. Өйткені далада тұрдым, одан үлкен сауда орталықтарынан жалға дүңгіршек алып, сонда орналастым. Онда да ол қолайсыз болды. Бағасы қымбат, жарығы өте төмен, жазда қапырық, қыста суық. Сондай орындарда әйтеуір гүлдерімнің жағдайын жасап, оларға қолайлы атмосфера жасап, баптап, өсіріп келдім. Осындай қиыншылықтан өтіп, қазір міне Төретам кентінде гүл дүкенімді дөңгелетіп отырмын. Жалпы мәдениетіміздің ең бірінші көзі – өсімдіктер. Қай орталық, нысан болмасын үй гүлдері көп болса, адам денсаулығына көп көмегін береді. Адамға жылу, шаттық сыйлайды, – дейді ол.
Гүл өсірушінің өзі бұл кәсіптің өте ауыр екенін алға тартады. Себебі олар 5-6 жылдан соң ғана нарыққа шығады екен. Айналым сол кезде болады. Әр гүлдің өзіндік климаты бар. Оларға жағдай жасап, өз балаңдай баптағанның өзінде өлетіні, ауыратыны көп. «Жай ғана гүлдерді сырттан алып келіп, сатып-сатып сауда істеймін деген болмайды. Халықтың да жағдайын ойлау керек. Көп сомаға сатып алған соң, үйіне барғанда өліп қалады» дейді ол сөз арасында. Ол бүгінде жұпар иісі аңқыған, сүйіспеншіліктің символы саналатын, көз жауын алатын гүлдерді жұртшылыққа сыйлап, алғысқа бөленіп жүр.
– Өзімнің жұмысыма шын берілгендіктен, жобамның сәтті шығатынына сенімді болдым. Дегенмен 2-3 жыл қатарынан нәтижесіз болды. Содан біраз көңілім қалғанын жасырмаймын. Микрозелень бойынша алдағы уақытта тағы да жобаларға қатысқым келеді. Мүмкіндігім болса барлық жерді жайқалтып, жасыл желекке айналдырғым келіп тұрады, – дейді гүл өсіруші.
Әдемілікті жақсы көретін адамдар бұл кісіні арнайы осында іздеп келеді екен. Олар өзіне қажетті кеңесін алады. Тіпті кейбір тұтынушылары мен тапсырыс берушілер үйіне де шақырады. Гүл баптаудың шебері алдыңғы жылдары қыста витграсс (бидайдың 10 см-ге дейін өскен көшеті) егіп, оның пайдасын зерттеп жанындағыларға айтып, сатуға шығарады. «Бидайдың әлгіндей 10 см көшетінің сығындысы обыр ауруының таптырмас емі. Сол секілді күнбағыс, жүгері, қызылша көшеттерінің де денсаулыққа пайдасы мол. Жалпы еліміздің Батыс өңірінде гүл өсіру жақсы дамыған, мен соны біздің аймақта дамытқым келеді» дейді ол әңгіме арасында.
Қандайда бір болсын үйде гүлдер көп болса, адам денсаулығына көмегін береді. Адамға жылу, шаттық сыйлайды. Бүгінде үй гүлдерін өсіру қайта сәнге айналды. Әсіресе дизайнерлер үйді ерекше етіп сәндеуде құтыдағы гүлдерді қолдануға кеңес береді. Ал сіз бөлме гүлдерін өсіріп жүрсіз бе?
А.АЙДАРҚЫЗЫ














