Арнаған санға бар жігер, қажырлы маман қаржыгер
15 қараша – еліміздің Ұлттық валютасы күні әрі қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Осыған орай өткен жұмада «Қаржы – халық қазынасы» атты салтанатты шара ұйымдастырылды. Кәсіби мейрамға арналған жиын Әйтеке би кенттік Мәдениет үйінде өтіп, оған аудан әкімі Алмасбек Есмаханов арнайы қатысты.Мерекелік кешке ауданның қаржы саласында еңбек етіп жүрген мамандар мен сала ардагерлері жиналды. Қоғам мен экономиканың тынысын басқаратын маңызды құрылымның өкілдерін аудан әкімі құттықтап, олардың ел дамуы жолындағы елеулі еңбегін атап өтті.
Аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы өз сөзінде еліміздің экономикалық қуаты мен халықтың әл-ауқатын арттыруда қаржы саласының ролі зор екендігін жеткізіп, Қазалы ауданының осы бағыттағы жетістіктеріне тоқталды.
«Ел экономикасының дамуын оның күретамыры – қаржы жүйесінсіз елестету мүмкін емес. Бүкіл елдің тағдырына тікелей қатысы бар бұл сала аса үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Қазалы ауданының қаржы қазанында бар болғаны 171 886 мың теңге болса, бүгінде аудан бюджеті 26,7 млрд. теңгеге жетіп отыр. Тәуелсіздік алған 32 жылдың ішіндегі айырмашылық жер мен көктей. Бұл дегеніміз, аудан экономикасы жүйелі түрде көтеріліп, ахуалымыздың артқандығы. Жыл басынан бері барлық макроэкономикалық көрсеткіштеріміз 100 пайыздан артық орындалып, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеміз. Бұл көз қуантарлық көрсеткіштер мен өңірді дамыту бағытында қолға алынған жұмыстар қаржыгерлердің қажырлы еңбегі. Президентіміздің, Үкіметтің қолдауымен, облыс әкімінің басшылығымен Сыр өңірінде мақсатты бастамалар қолға алынып, ауқымды жобалар жүзеге асуда. Жақында ғана Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң бағасын берді. Сапар қорытындысымен Сыр өңірінің өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген бірқатар жерлестерімізді мемлекеттік наградалармен марапаттады. Тиыннан теңге құрап, табыстың берекесін тасытқан ардагерлеріміз ауданымыздың экономикалық көрсеткіштерінің артуына талмай еңбек етті. Қазіргі таңда сала ардагерлері салып кеткен сара жолды олардың ізбасарлары лайықты жалғастырып келеді. Осындай жауапты міндет жүктелген мамандықты меңгеріп, қазыналы Қазалы жерінің көркеюі жолында талмай еңбек етіп жатқан Сіздерге аудан халқының атынан шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді аудан әкімі.
Жиын барысында қаржы саласының дамуына өз үлесін қосып жүрген бірқатар мамандарға облыс және аудан әкімінің, облыс әкімінің орынбасарының, облыстық экономика және қаржы басқармасы басшысының, сондай-ақ «Қызылорда облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің «Алғыс хаттары» табысталды.
Сонымен бірге ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек еткен есепшілер Ерғали Алдамжаров пен Перизат Байымбетоваға Қазалы ауданының «Құрмет грамотасы» берілді.
Мерекелік рәсім аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, залдағы қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Қаржыгерлердің кәсіби мерекесі осылайша құрметке толы, мазмұнды түрде аталып өтті.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ













