Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қаржы саласының қаранары еді

Қаржы саласының қаранары еді

Егемен елдің қалыптасуында мемлекет бюджетінің қаржы қорын реттеген қаржыгерлердің еңбегі ерекше еді. Бұл қырық жылға таяу осы саланың қыры мен сырына қанығып, қызмет атқарған жылдардағы тәжірибеден туған пікір.
Жастық шақта көптеген облысқа, ауданға танымал ел экономикасының өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып, қаржы саласының қазанында қайнап, ел экономикасын дамытуға үлес қосқан майталман мамандармен қызметтес болып, олардан дәріс алғанымды мақтан тұтамын. Көбі бүгінде бақилық болса да, олардың іскерлік, ізденімпаздық, талапшылдық, қызметке адалдық қасиеттері кейінгі ұрпаққа өнеге болды. Сондай жанның бірі Базархан Ақжігітов болатын.
«...Кезегім келіп, кеткенде келмес сапарға, Қалмасам екен іздеусіз, ізсіз, жоқтаусыз», – деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев айтпақшы, Базархан Төреқұлұлының елеулі еңбегін білетіндер мен қызметтес болғандар ұмытпайды. Осындай әріптесім әрі інім болған Базарханның кенеттен жеткен қазасы бір-бірімізді күнде көріп жүргенімізбен, жақынымыздың қадіріне жоғалтқанда жететінімізді ойыма қаттады.
Біз бірге қызмет атқарған жылдар жаңа тәуелсіздікке қол жеткізген тұсқа тура келді. Ол уақытта ең алғашқы міндеттердің бірі болып салық саясатын лайықты жолға салу мәселесі алға қойылды. Бұл нарықтық экономикаға көшіп, мемлекетте инфляция мен жұмыссыздық етек алып, мекемелердің есепшоттарында мардымды қаражаттары болмай, ­банктерде нақты ақша тапшылығы туындады. Жұмысшы-қызметкерлердің еңбекақысымен чектей, заттай балама есеп айырысатын, орасан зор бюджет тапшылығы орын алған кезең болатын. Басқаны айтпағанда, мемлекеттің зейнеткерлерге қарызы жарты миллиард долларға дейін жетіп, төлем кешігуі 6 айға дейін жеткені әлі көптің есінде.
Бұл тұста нарық қыспағына түскенде халық жаппай сауда-саттыққа бет бұрды. Алыпсатарлар мен қосып сатарлар қатары көбейді. Күнкөріс қамымен әйелдер мен жас қыздар ауыр жүкті арқалап, отбасы тауқыметін өз мойындарына алды. Олар базарларда, рұқсат етілмеген көше бұрыштарында жабайы саудамен айналысып, бала-шағаларын асырауға кірісті. Бұл кәсіпкерлік қызметтің басы болатын.
1991 жылдың шілдесінде Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақ ССР Мемлекеттік салық салу қызметін құру туралы №380 Жарлығы қабылданды.
Әлі есімде, сол кездегі облыстық финанс бөлімінің бастығы марқұм Камал Шөкенов келіп, Сәндібек Аманжоловтың облыстық салық комитетіне бастық болып тағайындалғанын, енді ауданға да салық комитеті құрылатынынан хабардар етті.
Жасыратыны жоқ, бірде-бір сайманы жоқ «Қазығы қағылмаған» мекемеге жылы орнын суытып ешкім барғысы да келмейді. Камал Шөкенов орысша ­араластырып сөйлейтін кісі болатын.
«Жасырмаймын, бұл мекеменің жұмысы оңай болады деп айта алмаймын. «Будете пахать как лощадъ»», – деді. Ауылда екі күн болып, жоғары білімді іскер жас маман Базархан Ақжігітовті жаңа мекемеге басшы етіп тағайындады.
Мен қаржы бөлімінде қалып қойған болатынмын. Салық инспекциясы өз алдына енші алысымен, көп ұзамай Базархан Төреқұлұлы мені шақырып, кооперативтер мен жеке кәсіпорындардан салық алу бөліміне бастық болып ауысуымды сұрады. Мен келісім бердім. Осылайша жаңа саланың қызметіне кірісіп кеттім.
Салық инспекциясы құрылуы мен қалыптасуының бұл қиын кезеңінде әртүрлі әдістермен мемлекеттен табыстарын жасырып, салық төлеуден жалтарушылар қарасы көбейе бастаған. Қарамағымдағы сегіз қызметкермен бірге біздің бөлім мұндай тұрғындармен заң аясында жұмыс жүргізді.
Бастығымыз Базархан халықпен де, ұжыммен де тіл табыса білетін. Қандай да бір жағдай болмасын қатты келмей, әзілдеп отырып-ақ айтайын дегенін адамның жетесіне жеткізетін қабілеті бар білікті басшы болды.
Бірде бір кәсіпкер келіп: «Бір дүкенім осы бетте, екіншісі темір жолдың арғы бетінде. Бір патентпен жұмыс істесем бола ма?» – деп құйтырқы сұрақты қойғанында Базекең миығынан күліп: «Қайдан білейін, шатың айырылып кетпесе», – деген болатын. Нақты жауабын алған кәсіпкер бірден шығып кете барды.
Шөкенов ағамыз айтса айтқандай, салық төлеушінің салығының дұрыс есептеліп, бюджетке толық және уақытылы түсуіне бақылау жасайтын салық инспекциясының жұмысы жауакершілігі көп, өте ауыр күндіз-түні қайнаған жұмыс болды.
Біздің назарымызда міндетті түрде салық төлеуші шығындарының құрылымы, өнім бағасының өсуі, жергілікті нарықтағы жағдайы оның рентабельдігі тәрізді маңызды бағыттар болатын.
Қайнаған жұмыста Базарханның ұйымдастыруымен 38 қызметкер істі бір ізге салып, нәтижесіне көз жеткізгенше, уақытпен санаспай, талапқа орай барлық есеп-қисап жұмыстарын есепшотпен жүргізіп, том-том кітаптарға енгізіп, ауызбірлікпен қызмет атқарды. Ол өзі басшылық жасаған кезеңде салық жүйесін қалыпқа келтіру мен күрделі реформаларды жүзеге асырып, аудан экономикасының өсіп-өркендеуіне аянбай ­атсалысты.
1997 жылы желтоқсан айында Базархан Ақжігітов Қызылорда облысы бойынша салық комитеті төрағасының орынбасары болып жоғарылады. Оның орнына Қазалы ауданы бойынша салық комитетінің төрағасы болып аудандық мемлекеттік қаржы – бақылау комитетінің бастығы Талайлы Бөріқұлақов келді.
Талайлы Әмитжанұлының да салық комитетінде атқарған еңбегі ерекше. Базарханның ізбасарлары салық саласының басшылық қызметін майталман маман Сәбит Бабанаев, Фердоуси Қожабергеновтер басқарған тұста табыс тай қазанын тасытып, тиісті түсімдердің толықтығын қамтамасыз етіп, бюджеттің сапалы орындалуы жолында аянбай еңбек етіп сүбелі жетістіктерге жеткен болатын.
Өзінің ашылған күнінен бастап салық комитеті «Кадр дайындау» мектебіне айналды. Салық саласында тәрбиеленген Базарханның ізбасарлары Республиканың түкпір-түкпірінде белді қызмет атқарып жүргендер біздің мақтанышымыз.
2014 жылы Қазақсан Республикасы Үкіметінің 15 тамыздағы №933 қаулысына сәйкес салық комитеті «Қазалы ауданы бойынша кірістер басқармасы» болып қайта құрылды.
Бүгінгі таңда аталмыш мекеменің тізгінін Нұрлан Қожаназаров ұсауда.
Пай, пай, өмір,
Өтесің–ау бір күні.
Тиясың – ау, қуанышты, күлкіні.
Өмір деген – бір жарқ еткен найзағай,
Өмір деген – көк аспанның күркірі,
Пай, пай, өмір,
Өтесің-ау бір күні, – деп Мұқағали жырламақшы Қызылорда облыстық кірістер департаментінің басқарма басшысы Базархан Ақжігітов өмірден өтті.
Тапжылмай атқарған еңбегінің нәтижесінде ҚР Президентінің Алғыс хаты, ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл және «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталып, салық қызметінің үздігі атағы берілген.
Жұбайы Шолпанмен бірге бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді.
Базархан Төреқұлұлы оны білетіндер мен қызметтес болған жандардың есінен ешқашан жоғалмайды.

Кемал КӨПЖАСАР,
қаржы-салық саласының ардагері

22 мамыр 2021 ж. 867 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031