Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Салық төлеміне қырын қарамайық

Салық төлеміне қырын қарамайық

Қырық жылға таяу қаржы органдарында қызмет істеген мені осы саланың кемтіктері мен жетістіктері алаңдатады. Сондықтан да жуырда аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Темірлан Қожаназаровқа жолығып, хал-жағдайын сұраған едім. Осы кездесуден туындаған мақаламды оқырман назарына ұсынып отырмын.

«Ескіні еске алмай жаңа жадыңа түспейді» демекші, ел егемендік алып, тәуелсіздікке қол жеткізген әдепкі жылдары мемлекетімізде инфляция мен жұмыссыздық етек алып, нарық қыспағына түскен халықтың басым бөлігі сауда-саттыққа бет бұрды. Алыпсатарлар мен қосып сататындар күн санап көбейді. Күнкөріс қамымен әйелдер мен жас қыздар ауыр дорба арқалап, отбасы тауқыметін өз мойындарына алып, базарда рұқсат етілмеген көше бұрыштарында саудамен айналысқандары есімде. Бұл кәсіпкерлік қызметтің басы болатын. Осы тұста ең алғашқы міндеттер қатарында салық саясатын лайықты жолға түсіру жайы алға қойылған болатын.

Салық жүйесі – мемлекеттің қаржылық қуатының басты тірегі һәм негізгі кіріс көзі. Сол арқылы көптеген қоғамдық-әлеуметтік, саяси-экономикалық мәселелер шешіліп, азаматтарға жағдай жасалып, тұрақтылық қамтамасыз етіледі.
1991 жылдың 9 шілдесінде Қазақ ССР Республикасы Президентінің «Мемлекеттік салық салу қызметін құру» туралы №380 Жарлығы қабылданды. Ауданда салық инспекциясы құрылып, өз жұмысын бастап кетті. Сол уақытта әртүрлі әдістермен табыстарын жасырып, салық төлеуден жалтарушылардың қарасы көбейе бастаған.

Құжатсыз кәсіп жасаушыларға салық саясатын, оның тиімділігін түсіндіріп, үгіт-насихат жүргізіп, кәсіпкерлікке тіркеу де оңайға түспеді. Тұрғындармен заң аясында түсінісіп, уақыт пен басшылық талабына орай барлық есеп-қисап жұмыстарын есептеп, том-том кітаптарға енгіздік. Өзім басқаратын бөлімде кәсіпкерлердің фотосуреті, төлқұжат деректері, тұрағы, қызмет жасайтын орны, тағы басқа мәліметтері бар қолдан істелген тіркеу кітабын жүргіздім. Ауызбіршілікпен атқарылған істің нәтижесінде кәсіпкерлердің санын 800-ге жеткізгеніміз есімде. Кейін кітапты салық комитетінің мұражайына өткізідім.
Ол кездері тұрмысқа қазіргідей жаңа технология дендеп енеді деп ойламадық. 1994 жылы салық жүйесінде үлкен жаңалық болды, инспекцияға алғашқы компьютер келіп біршама жұмыстар жеңілдей бастады.

1998 жылдан бастап бір жолғы талон арқылы салық төлеу енгізілді. Аталмыш жүйе 2012 жылдың соңында қолданыстан шығып, 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап кәсіпкерлер патент негізіндегі арнаулы салық режимі арқылы есептесетін болды.
Бұрынғы салық қызметкері болғандықтан үнемі бүйрегім осы салаға қарай бұрып тұрады. Олардың жетістігіне бірге қуанып, орындалмай жатқан шаруаларына жанашыр болып жүремін. Қуанарлығы туған жеріміз облыс аудандары арасында кәсіпкерлер саны жағынан көшбасшы болып табылады. Олардың саны бүгінде 4031-ге жетіп, мемлекет қазынасына қомақты қаржы құйылып келеді, оның ішінде патент негізінде жұмыс жасайтын кәсіпкерлердің саны 1952 екен.

Соңғы жаңалықты айтар болсақ, ҚР Қаржы Министрінің 2018 жылғы 27 қарашадағы №1029 бұйрығына сәйкес 2020 жылдан бастап патент негізінде қызмет атқаратын кәсіпкерлер онлайн бақылау касса машинасын (онлайн БКМ) қолданысқа енгізулері тиіс. Демек заңнамада көрсетілген кейбір кәсіпкерлік қызметтің түрлерінен басқаларына 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап патент негізінде қызмет жасау шектеледі.

Сондықтан патент негізінде кәсіпкерлік қызмет жасаушылар онлайн БКМ алып, салық органына тіркетулері керек. Осы орайда қаржы мәселесі туындаған жағдайда кәдімгі қалта телефонына орнату көзделген, ол үшін халыққа қызмет көрсету орталығына немесе орталық базар маңындағы «Қанат» сауда үйінің екінші қабатына хабарласу қажет.
Көңіл көншітерлігі бүгінге дейін 500-ден астам кәсіпкер онлайн БКМ-сын салық органына тіркетіп үлгеріпті.
Салық жүйесі жылдан жылға даму үстінде екенін көріп отырмыз. Тәуелсіз мемлекеттің іргесін нығайтып, экономикалық үдерісін көтеруде кірістер органының атқаратын еңбектері ерекше.
Олардың негізгі міндеттерінің бірі бюджетке тиісті түсімдердің түсуінің толықтығын қамтамсыз ету екендігі белгілі. ҚР Конституциясының 35 бабына сәйкес заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдарды және өзге де төлемдерді төлеу әркімнің борышы, әрі міндеті болып табылады.

Жасыратыны жоқ ауданымызда мемлекеттің тірегі салық екендігін, оның ел игілігіне жұмасалатынын түсінгісі кел­мейтін салық төлеушілер әлі де жетерлік. Айталық үстіміздегі жылы Қазалы ауданы бойынша кірістер басқармасы өткен жыл бойынша көлік салығынан 12,9 млн теңге берешегін өндіріп алу жөнінде аудандық сотқа 974 жеке тұлғаға қатысты талап арыз жолдапты.
Кейде «Осындай жөнсіздікке бармай, тұрғындар игілігіне пайдаланып жүрген жеке көлігі үшін тиісті салықты уақытылы төлеп тұрса қайтеді?» деген ойға берілемін.

Айта кететін жайт биылғы көлік салығының төлеу мерзімі 31 желтоқсанда аяқталады, кешіктірген жағдайда әр күнге ҚР Ұлттық банкі бекіткен қайта қаржыландырудың ресми бағамының екі жарым пайызы мөлшерінде өсімақы есептелінеді. Сонымен бірге банктегі есепшот карталары бұғатталып, қарызы өтелген күннен үш күн өткен соң ғана ашылады. Республика аумағынан сыртқа шығуға сот арқылы тыйым салынатынын білген дұрыс.

Ғұлама педагог В.А.Сухом­линский: «Заңға, тәртіпке, реттілікке, тұрмыс нормаларына бағына біл» депті. Ендеше тәртіпке бас иіп, бұрыннан тұрмыстық қағидаға айналған – салық төлемдерін мезгілінде төлеуге қырын қарамайық.
Кемал КӨПЖАСАР,
қаржы-салық саласының ардагері

25 желтоқсан 2019 ж. 938 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 60

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930