Аудан тазалығы назардан тыс қалмайды
Бүгінгі күні күн тәртібінен түспейтін басты мәселелердің бірі – тазалық. Тазалық жоқ жерде өсу де, өркендеу де болмайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде өткен жылдан бері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы қолға алынып, жыл көлемінде тазалық шаралары үздіксіз ұйымдастырылып келеді.Тазалық алға жылжу мен жоспарларды орындаудың негізі. Атқарылған жұмыстардың айнасы. Бұл ретте, ауданда санитарлық тазалыққа қатысты тазарту жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Соның нәтижесінде аудан ажары айшықталып, кент келбеті көркеюде.
Жақында аудан әкімі Алмасбек Есмаханов тазалық акциясы аясында аудан көлемінде жасалатын күзгі санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстары бойынша мәжіліс өткізіп, кент, қала және ауылдық округ әкімдері мен сала басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Елімізді абаттандыру және көгалдандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бір реттік науқан емес, жалпыұлттық міндет. Мұндай жұмыс үнемі жүргізілуі керек» деген болатын. Өздеріңіз білесіздер, тазалық мәселесі аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының да тұрақты бақылауында. Тынымсыз тірлік пен жүйелі жұмыстың нәтижесінде облыс орталығы еліміздегі ең таза қалалардың қатарынан табылып отыр. Бізде бұл үдерістен қалыс қалмай, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына өз үлесімізді қосуымыз қажет. Күз мезгілі санитарлық тазалықты екі есе қажет ететін жыл уақыт. Себебі талдан түскен жапырақтар әп сәтте тазалаған жеріңді басып қалады. Мұны жауын-шашын болмай тұрып, жинап алғанымыз өзімізге тиімді. Сондықтан аудан бойынша аптаның әр күнінде тазалық жұмыстары сапалы ұйымдастырылуы тиіс, – деді аудан әкімі.
Мәжілісте аудан басшысы әкімдермен тиісті сала басшыларына қар, жаңбыр маусымы басталғанға дейін тазалық жұмыстарын күшейтіп, аяқ су арықтарының бойын, көшелерді қураған шөптермен жапырақтардан уақытында тазалап алуды тапсырды. Аялдамалар, жол белгілері мен түнгі жарықшамдарын сырлау, кәсіпкерлік нысандарының қасбеттерін әрлеу, аумақтарын қалыпқа келтіру, базар маңындағы жайма сауда қатарларын ретке келтіру, белгіленбеген орындарға қоқыс тастаған азаматтарға тиісті шара қабылдау сынды жұмыстарды жүргізу керегін ескертті. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына туған жердің тазалығы үшін тұрғындарды да белсене қатысуға шақырды.
Сенбіде «Таза Қазақстан» республикалық тазалық акциясы аясында сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Аудан орталығындағы мекеме-кәсіпорындар 7 аймаққа бөлініп, Т.Бөріқұлақов, Жаңқожа батыр көшесі, В.Счастнов Р.Бағланова секілді бірқатар орталық көшелерде тиісті тазалық жұмыстарын жүргізді. Сенбілікте Әйтеке би кентіндегі Вокзал аумағындағы саябақта тиісті тазалық жұмыстары қарқынды түрде жүргізілді. Республикалық тазалық акциясы аясында өткізілген сенбілік жұмыстарын аудан әкімі Алмасбек Есмаханов жауаптылармен бірге аралап көріп, тазалық жұмыстарындағы кемшіліктер бойынша бірқатар тапсырма берді.
Аудан көлемінде ұйымдастырылған тазалық шараларына 98 мекемеден 1125 қызметкер қатысып, 11 техника жұмылдырылды. Сондай-ақ 12,1 тонна қоқыстар жиналып, арнайы орынға шығарылды.
Айта кетейік, тазалық акциясы аясындағы сенбілік жұмыстары аудан орталығымен қатар барлық ауылдық округтерде тұрақты түрде жүргізілуде.
А.ӘЛИ














