Даудың басы немесе керегедегі кикілжің
Фото: ашық дереккөзден алындыШаңырақ көтеріп, отау тіккендеріне көп болмаса да, «әңгімесі жараспай», әбігерге түскендер қаншама. Ортақ қазынаға түпеген қаржы мен дүние-мүлік үшін талас қоғамда бетпе-бет келіп отырған маңызды әлеуметтік мәселе – ажырасудың негізгі тетігінің біріне баланып отыр. Қайтпек керек?.. Бірге талқылайық...
Асығыс қадам аптықтыруда
Жас отбасылардың тұрақсыздығына түрлі факторлар әсер етуде. Әлеуметтанушы Мейіргүл Жолназар жастар арасындағы ажырасудың негізгі себептерін саралап берді.
«Некеге тұрмас бұрын отбасылық өмірге психологиялық және әлеуметтік тұрғыдан дайын болмауы анық көрініс беруде. Оған әлеуметтік желі әлегін қосыңыз. Жұптар үйленуді романтика немесе көңіл көтеру ретінде қабылдап, міндет пен жауапкершілікті толық түсінбей жатады.
Жастардың дені жеке еркіндік пен мансапқа басымдық береді. Некеде бұл тепе-теңдік сақталмаса — ажырасуға себеп болады.
«Несие мен қарызға байланысты стресс» те некені бұзатын маңызды әлеуметтік-экономикалық факторлардың бірі.
Көптеген жас жұбайлар үйленгеннен кейін бірден тұрғын үй алу, көлік сатып алу, той шығынын жабу немесе тұрмыстық техника алу үшін несиеге жүгінеді. Бұл жағдайда ерлі-зайыптылар бір-біріне кінә артып, психологиялық қысым мен жанжал пайда болады. Осы жерде «мен көп таптым», «сен декретте отырсың», «үй менікі, ішінідегі заттардың барлығы менікі» деген сынды меншіктік жіктік пайда болады», – дейді.
Қаржылық сауаттылық – маңызды
Қаржылық білім мен бірлескен жоспар құру мәдениеті — бұл мәселенің шешіміне бастар жол. Жұбайлардың жарыстық таппауына қаржылық сауатсыздықтың маңызы зорын айтады қаржыгер Нұрила Айсүгірқызы.
«Ақша жайлы ашық сөйлеспеу түсініспеушілікке алып келеді. Әркім өз табысын жұмсап, жасырып, ақшалай жауапкершілікті бөліспеу — сенімді бұзады.
Бір таныстарым бар. Жап-жақсы отбасы еді. Ері келіншегіне ақша бермейді, дұрысы, қимайды. Төркініне көмектескісі келген әйелі біреуден қарызға ақша алады. Оны мерзімінде бере алмай, үлкен қаржылық қиындыққа ұшырап, ажырасуға дейін барды.», – дейді..
Қаржыгер маман жылтыр жарнамалар мен жиналымға құрылған жалған бақыттылық адамның «жақсы өмір сүру үшін көп нәрсе иелену керек» деген түсінігін қалыптастырып, материалдық құндылықтар мен отбасылық құндылықтардың теңгерімсіздігін тудырып үлгергенін айтады. Сондай-ақ бірлескен қаржылық жоспардың болмауы кедергі келітіріп жатқандығын алға тартады.
«Көптеген жастар некеге тұрғанда ортақ бюджет құру, шығын мен табысты жоспарлау мәдениетіне үйренбеген», – дейді пікірінде.
Географиямыз бен биографиямыз сәйкес келмеді
Өзі көрген сәтсіздікті көзіне жас ала отырып жеткізді ақ жаулықты ана. Кейуананың пікіріне құлақ түрсек, жоғары білімді, ауқатты отбасында өскен келіннің қажеттілігін өтеуге қарапайым отбасының халі келмеген.
«Қазақтың: «Екі бай құда болса – арасында жорға жүреді, Екі жарлы құда болса – арасында дорба жүреді, Бай мен жарлы құда болса – айырылыса аламай, зорға жүреді» дегені даналық. Ұлым оқыған, жағдайы жасалған қызды алып келгенімде, келешекте қиындыққа кездеспесін деп жағдайлары, орталары алшақ екенін, ұлымның қара жұмысшы екенін айтып, ойлануға уақыт берген едім. Екеуі де қоймай, үйленді. Бақытты болсын деп, бәріне көндім. Уақыт өте келе келін біз сияқты үйде тұра алмайтынын айтты. Географиямыз бен биографиямыз сәйкес келмеді екен. Бөлек шығарып едім, баламның табысы төмен деп ажырасып кетті. Өкінетінім, немерелерім екі ортада жаутаңдап жүр. «Тең – теңімен» деген сөз дұрыс екеніне көзім жетті. Қанша амалын жасадық, болмады. Екеуіне арнап салған үйді де алып қойды. Немерелерімнің несібесі шығар, қарсылығым жоқ. Басында «алимент алмаймын» деп еді, енді «бала сенікі, асырау – міндетің» дейтінді шығарды. Одан қашпаймыз. Тек осы жағдай басқаларға да үрдіс болып кетпесе деймін. Балам тағы қиналып қала ма деп, «үйлен» деп айтуға қорқамын», – дейді Ақмаржан Шалқия.
Жаман әйел қайдан шығады?
Дүние даулаған келін емес, туыстар туралы жағдайды Замира есімді кейіпкеріміз жеткізді.
«Күйеуіміз екеуіміз екі жыл жүріп, үйлендік. Жап-жақсы жұбайлық өміріміз ұзаққа бармады. Оған экс-жолдасымның туыстары мен ата-анасының ықпалы кедергі келтірді. Дүние-мүлікке қатысты дауларды екі жас емес, олардың ата-аналары қозғағанына таң қалдым.
Мені отбасылық мәселеге араластырмай, үнемі сырттан келгенімді айтатын пікірге басында уақытша түсініспеушілік деп, шыдамдылық танытып едім, ұлғайған жағдай басымды алып қашуыма тура келді.
Кезекті жанжалдан соң, ештеңе демей, үйге кетіп қалған едім. Ертеңіне менің үстіме сотқа арыз бергені жаныма қатты батты. Біз жай ажырасып қойған жоқпыз. Енем мен қайын апаларым тойдың шығынын өтеуімді талап етті.
Отбасылық жанжалды тереңдетіп, екі жақтың арасындағы салқындықтың күшеймеуі үшін алдымен жүріп жүрген жігітіңнің отбасымен жақын танысу керек екен», – дейді ол
Балалы болуға дайын еместігімізді білдік
«Ажырасуымызға балалы болуымыз себеп болды. Үлкен қалада, жалдамалы пәтерде бала өсіру күйретіп жіберді. Назар екеуіміз ата-ана болудың ауыр жауапкершілігін көтере алмай, баланың дүниеге келуімен бірге дағдарысқа тап болдық. Нәресте сүйіп, қуанышқа бөленеміз бе деп едік, ата-енемнің де, күйеуімнің де тарапынан ешқандай қолдау болмады. Омырауымнан сүт шықпай, сәбиім қиналғанда, шығарға жаным қалмайтын. Үйге жақын дүкеннен шірік түскен жемістерді сұрап алып, сақтау мерзімі өтіп кеткен дайын өнімдермен да тамақтанып жүрдік. Күйеуімнің тапқаны пәтерден артылмады. Кейде жетпей қалатын. Ата-енеміздің қолына қайта барып тұрып көрдік. Ойым, шақалақты аштан өлтіріп алмайын дегенім едім. Ол да нәтижесіз болып шықты. Қайын атам бар картопты тамаққа қостырмайтын. Бір қап картоп күзден көктемге дейін жету керек екен. Енем де әбден мазасыз күйеуінің ығына жығылған.
Өкінетінім, күйеуімнің тарапынан: «Сәл шыдашы, бәрі жақсы болады» деген қолдауды естіген жоқпын. Айтатыны: «Өмірің өтіп бара жатыр ма?», «Сенің өміріңе қызығатындар көп». Қателескеніме толық көзім жетіп, әрі қарай қалмауды шештім. Қазір баламды ата-анам бағып жатыр. Өзім де біраздан кейін мамандығым бойынша жұмысқа қосылмақпын. Ешкімді ажырасуға үгіттемеймін. Айтарым, махаббаттан бас айналмай, материалдық, психологиялық жағдайды да бақылау қажет екен», – дейді жалғызбасты ана Жанар Нұреділ.
Жағдайым жақсарған соң, тұрмысқа шығамын
Біздің сауалнамамызға қатысқан 22 жасар ару дәл осындай ұстанымда екенін жеткізді.
«Таң қалмай-ақ қойыңыз. Шетелде бұл көрініс әлдеқашан орын алған. Маған «кәрі қыз» атану ұят емес, қиындықтан күйреу, ата-анама алақан жаю, қатарластарымнан қалу ұят. Жақында Түркияда болдым. Онда әйелдер алтын жинайды екен. Яғни қор. Бізде қоры жоқ қыздар қоры жоқ жерге барып, «шашылып» қалып жатады. Олардан дұрыс бала да туылмайды. Болашақ ұрпағымның қамы үшін, мейлі жағдайы жақсы жерге барсам да, менде тәуелсіз резерв болуы керек», – дейді Айғаным Айтан.
Енші бөлу еріккендік емес
«Жастар арасындағы дау-шарға дәстүрден ажырап қалуымыз кедергі болып отыр», –дейді алтын құрсақты ана Күнжәмила Сәрсен.
«Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы әдетте бір адамның бірнеше ұлы болса, ұл балаларының үйленгеніне әкесі енші бөліп беретінін жазған. Бір адамның екі баласы болып, соның үлкен ұлы үйленген болса, әкесі сол үлкен ұлына енші бөледі. Қазақ жолында еншіні балаларына әкесі бөледі, егер балалары наразы болса, басқа биге салып бөліседі. Көбінесе әкесі кіші баласының қолында қалып, басқа балаларына енші беріп шығарады. Малдан енші берерде әкенің екі баласы болса, оның үлкені үйленсе, әкесі барлық малды жеті бөлікке бөледі. Осы жеті бөліктің бір бөлігін балалардың шешесіне қалдырып, қалған малды үшке бірдей бөлісіп, бір бөлігін үлкен ұлына береді. Ол әкенің ұлдарынан басқа қыз балалары болса, ол қыз балаларына енші бөлінбейді.
Қазақтың қызға енші бөлмейтін себебі – қыздан қалың мал алады, егер шын жолға келсе, сол қыздан алған қалыңмалдың мөлшерін әкесі қызын ұзатарда түгел қызға жаратуы керек.
Ал, жер еншісін көз мөлшермен өзіне бір жарым есе, қалған балаларына бір-бір есе етіп бөледі. Егер балалардың шешесі өліп, әкесі тоқал алған болса, не тоқалды бәйбішесі өлмей алған болса да, тоқалға мал-жереншісі бөлінбейді.
Әкенің байбішесінен де, тоқалынан да баласы болып, олар енші алысқанда малға да, жерге де бәйбіше баласы екі есе болады. Мұнда жер еншісін бөлгенде өзгешелігі болады», – дейді. Бұдан асырап айта алмайсың, ал қызға қазақ қалыңмалға алып келген көлемнен артық жасау беруді де жақсылыққа баламаған», – дейді.
Психолог пайымы
«Бүгінде, байқағанымыздай, ерлі-зайыптылар арасында «Кім көбірек табады — сол билік етеді» деген іштей түсінік қалыптасқан.
Кей жастар, тіпті үлкендердің өздері отбасылық қатынасты рухани емес, материалдық тұрғыдан бағалайды. Қыз бен жігіт бола жүріп: «Үйің бар ма?», «Көлік кімнің атында?», «Жалақың қанша?» деген сұрақтар көтеруге арланбайды. Мұндай көзқарас махаббат пен сенімнің орнын есеп пен пайда басып кетуіне әкеледі. Нәтижесінде, материалдық жағдай қиындаған сәтте, сезім әлсіреп, дүние үшін талас басталады.
Ата-ана, туған-туыстың да жағдайыңа қарап статусыңды белгілейтінін жасыруға болмайды.
Аырасу кезінде ең күрделі мәселенің бірі — ортақ дүние-мүлікті бөлу. Дүние-мүлік үшін талас – тек зат туралы емес, сенім мен әділдік сезімінің бұзылуы туралы мәселе.
Кей жұптар қоғамның «жақсы өмір сүру керек» деген қысымына еріп, мүлікті бедел мен абыройдың өлшеміне санайды. Даму, өнер үйрену, білімін жетілдіруге арнайтын уақытты жастарымыз материалдық жағдайды жақсартудың құлы болуға бағыттауда. Мұны удырмаудың нақты жолы – отбасы институтының жандануы дер едім. Егер аға ағалыққа жараса, балаға дос іздеудің, өзгеге еліктеудің қажеті аз. Қызға жеңгесі жайлы болса, ол керегін оңай табады. Әке мен ана дұрыс отбасы формуласын қалыптастыра алса, ешкім адаспайды», –дейді психолог Гүлзира Жарылқапова.
Мүлік дауы
«Мүлік дауы – азаматтар немесе заңды тұлғалар арасындағы дүние-мүлікке, ақшаға, жылжымайтын не жылжымалы заттарға қатысты дау. Оған ерлі-зайыптылардың ажырасу кезіндегі мүлікті бөлуі, мұрагерлік мүлікке талас, сатып алу-сату келісімінен туған дау, қарыз, несие немесе жалға беру кезінде шыққан келіспеушілік түрткі болуы мүмкін. Мұндай даулар ҚРАзаматтық кодекс пен «Неке ерлі-зайыптылық және отбасы туралы» кодекске, сондай-ақ Азаматтық процестік кодекске сүйеніп шешіледі», – дейді заңгер Нұрбол Әшірхан.
Маманға ортақ мүлік Заң бойынша қалай бөлінетіні туралы сұрақ жолдадық.
«Неке кезінде алынған барлық мүлік – ортақ меншік болып саналады. Егер арнайы некелік келісім) жасалмаса, мүлік тең яғни 50/50 үлеспен бөлінеді. Егер біреуінің қаражаты көбірек жұмсалса, сот үлесті әділдікке қарай өзгертеді.
ҚР «Неке және отбасы туралы» кодексінің 33-бабында: «Неке кезінде ерлі-зайыптылардың тапқан мүлкі олардың ортақ меншігі болып табылады», – деген жолдар бар.
Мүлік дауларын қарауда бірінші татуласу немесе медиацияға жолдайды. Заң бойынша тараптар алдымен бітімгершілік келісімге келуге тырысуы тиіс. Егер келісім болмаса, азамат сотқа талап арыз береді. Үшінші кезеңде сот барлық дәлелдерді қарап, мүлікті бөледі немесе бір тараптың меншігі деп таниды.
Медиация туралы заңға сәйкес, тараптар бейтарап медиатордың көмегімен сотқа дейін келісімге келе алады.Бұл әдіс уақыт пен қаражатты үнемдейді және қарым-қатынасты сақтап қалуға көмектеседі», – дейді.
«Статистика Қазақстан» таратқан мәліметке жүгінсек, елімізде 2024 жылы ажырасулар саны 40,5 мыңды көрсеткен. Бұл әр 1000 адамға шаққанда ажырасу коэффициенті 2,01 дегенді ұғындырады.
Сотқа түскен істердің көбін «мүлікті бөлу» туралы азаматтық істер» құраған. Ресми статистикада олардың ажырасуға тікелей әсер еткенін бағамдауға қауқарсыз. Мүлікке байланысты ажырасу деректері нақты әрі жалпы ресми санақ бөлек талданбаған. Бұлар әділетке жүгінгендер. Ал Заңды қадам жасай алмай жүргендер немесе сауатсыздық салдарынан сандалғандар қаншама...
Қазақ еншіні мал-мүлкі тасығаннан, жасауды қызын алғанына қуанғаннан бермеген. Бұл онсыз да ортақ түсінікке келуде аз күш жұмсамайтын қос тараптың материалдық жағынан қиналмауына жасалған қам. «Дүниең тозғақ болсын, өмірің озғақ болсын!» деп бата беруінің тегі дәл осы жағдайда жатыр емес пе? Уақыт озар, бұйым тозар, ал жараланған жүректердің дертін кім жазар?..
Камила МАҚҰЛБЕК












