Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Петрокер: жасөспірім арасындағы жаңа тренд

Петрокер: жасөспірім арасындағы жаңа тренд

Балалық шақ – қиял мен шынайы қызығушылықтың шексіз әлемі. Кішкентай балалар үшін әр зат ерекше мәнге ие, ал олардың қарапайым дүниелерге деген сүйіспеншілігі таңғаларлық қиялмен үйлеседі. Олар үшін кәдімгі тас та тек тас емес – ол дос, құпия серік, тіпті кейде кішкентай «жансыз жануар» бола алады.
Соңғы уақытта балалар мен жасөспірімдер арасында ерекше тренд пайда болды. Қарапайым тастарға ерекше көңіл бөлу, оларға ат қою, тіпті «үй жануары» сияқты күтім жасау – дәл осы трендтің басты белгісі. Бұл хоббидің өзіндік атауы бар. Оны «петрокерлер» деп атайды. Петрокерлер тасты ойыншық ретінде ғана емес, сенімді серік ретінде қабылдайды, оған қамқор болып, қиялын дамытады.
Қарапайым тас арқылы балалар әлемді басқа қырынан танып, эмоциялық байланыс орнатуды, жауапкершілікті үйренуді, шығармашылық қабілеттерін шыңдауды меңгереді. Осылайша, қарапайым көрінген хобби балаларға өзіндік әлем құруға, өз сезімдері мен қиялын зерттеуге мүмкіндік береді.
Менің де бұл үрдіспен танысуым кездейсоқ болды. Жиенімнің сөмкесінен түрлі-түсті, ерекше тастар шыққан сәтте, таңғалмай тұра алмағанмын. «Мұны неге алып жүрсің?» деген сұрағыма, ол бірден: «Тәте, бұл тренд!» деп жауап берді. Сол сәттен бастап менің қызығушылығым оянып, ғаламторды ақтарып, бұл құбылыстың мән-мағынасына көз жеткізуге тырыстым. Осылайша, мен петрокерлердің балалардың танымын, шығармашылық қабілеттерін дамытуда ерекше рөлі барын аңғардым.
Қазіргі таңда трендке баланған бұл хобби балалар мен жасөспірімдер арасында кең танымалдыққа ие. Тастардың бағасы 2 500 теңгеден басталып, оларға түрлі қызықты аксессуарлар мен арнайы паспорттар жасалады. Кейбір ата-аналар бұл құбылысты күлкілі әрі қызық деп қабылдаса, психологтар оның бала дамуы үшін маңызды екенін айтуда.
Петрокердің негізі 1975 жылы АҚШ-та пайда болды. Ол кезде жарнама саласының маманы Гэри Росс Даль өз тұтынушыларын таң қалдырған ерекше бір идея ұсынды. Ол «Pet Rock» концепциясын әзірледі, яғни адамға ешқандай күтім мен жауапкершілік жүктемейтін үй жануарын ұсынды. Гэри Даль қарапайым тастарды картон қораптарға салып, олармен бірге арнайы нұсқаулық пен күтім жасау ережелерін қоса сатуды ұсынды. Сол кездегі АҚШ қоғамы бұл идеяны жарқын әрі қызықты көріп, бірден қолдады. «Pet Rock» қысқа уақыттың ішінде үлкен трендке айналып, миллиондаған сатылымды қамтамасыз етті. Бірақ уақыт өте келе бұл тренд өшіп, жай ғана әзіл ретінде есімізде қалды.
Психологтар пікірінше, тастарға қамқорлық жасау арқылы балалар жауапкершілік, эмоциялық байланыс, өзін-өзі тану дағдыларын меңгереді. Балалар тасты үй жануары секілді қабылдап, оған ат қойып, оны күтіп-баптай отырып, қиялын дамытып, шығармашылық қабілеттерін шыңдайды. Бұл үрдіс олардың өзіндік ерекшелігін, тұлғалық қасиеттерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Петрокер таспен ойнайтын жиенім өз ойымен бөліскен еді. Оның айтуынша, бұл тастар жансыз болғанымен, олардың да өз тілі бар. Олар тіс жарып, сөйлемесе де, сыр сақтап, тыңдай біледі-мыс. «Бұл менің сенімді серігім», – дейді жиенім жымиып.
Сөзіне сенсек, тасқа қамқор болу тек ойын емес, шынайы эмоционалды байланыс. Бағамдауым бойынша, тастарға қарап отырып, бала өзінің ойларын, сезімдерін бөліседі, оларды сыртқа шығарады. Мұндай серіктестіктің арқасында балалар өз ойларын еркін жеткізіп, қиялын дамытады деуге болатындай.
Сарапшылар да соны айтады. «Тастардың тілі жансыз болғанымен, олардың балаға берген әсері шынайы. Олар – баланың қиялы мен эмоциясына жол ашатын, сенімді әрі жасырын серіктер. Осылайша, қарапайым тас арқылы бала өзінше әлемін, ой-санасын дамытып, жеке тұлғалық тәжірибе жинайды» дейді мамандар.
Дегенмен, бұл хобби кейбір жағынан шектеулерді де тудырады. Психологтардың ескертуінше, тастарға деген қамқорлық балаларды шынайы тірі жануарларға деген жанашырлыққа үйретпеуі мүмкін. Ал тірі жануарға жауапкершілікпен қарау баланың эмоционалды дамуына, жанашырлық пен сезімталдыққа әсер етеді. Сонымен қатарпетрокерлерге арналған арнайы тастар мен аксессуарлардың жоғары бағасы кейбір отбасы үшін қаржылық ауыртпалық тудыруы мүмкін. Сондықтан бұл хоббиге дұрыс бағыт беру – балалардың табиғатпен қарым-қатынасын ұмытпай, эмоционалды дамуына үлес қосу маңызды.
Петрокерлер тренді – балаларға өзіндік ерекшелігін көрсетуге, шығармашылығын дамытуға және қиялын кеңейтуге мүмкіндік беретін жаңа мәдени үрдіс. Дегенмен, ата-аналар мен тәрбиеленушілер бұл хоббиді бақылап, балалардың эмоционалды және әлеуметтік дамуына зиян келтірмейтіндей етіп бағыттау қажет. Баланың шығармашылығы мен эмоционалды дамуы тастан да, тірі жануардан да пайда алады. Бастысы, үйлестіруді ұтымды етуді ұмытпау керек.
Арайлым ЖҮСІПОВА

18 қараша 2025 ж. 31 0

Қараша – қыстың есігі

18 қараша 2025 ж. 32

Гүл өсіру де өнер

18 қараша 2025 ж. 29

Көгершіндер көрмесі

18 қараша 2025 ж. 29

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930