Кәсібінің көкжиегін кеңейтіп...
Көре тұра көрмегендер құрысын!
Нең кетеді жақсы десең жақсыны?!
Нең кетеді дұрыс десең дұрысын?!» деп Қадір Мырза Әлі айтқандай жастық шақта көптеген республикаға, облысқа, ауданға танымал ел экономикасының өсіп-өркендеуіне үлес қосқан көптеген азаматтармен қызметтес болғанымды мақтан тұтамын. Соның бірі кезінде аудандық салық комитетінде бірге қызмет атқарған Мінәжадин Өтеев. Біз он Мінаж дейтінбіз. Ол туралы талай айтылып та, жазылып та жүр. Алайда оның іскерлік, ізденімпаздық, талапшылдық, қызметке адалдық қасиеті кейінгі ұрпаққа өнеге болып қала бермек. Сондықтан Мнәжадин туралы, оның кәсібі туралы сүйікті газетім «Қазалы» арқылы сыр шерткенді жөн көрдім.
Тәуелсіздік түлеткен кәсіпорын
Тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдары нарықтық экономикаға көшу салдарынан инфляция мен жұмыссыздық етек алды. Мекемелердің есеп шарттарында ақша болмай, жұмысшылардың еңбек ақысымен чектей, заттай балама түрде есептескені, басқаны айтпағанда мемлекеттің зейнеткерлерге қарызы 6 ай төленбей, жарты миллиард долларға дейін жеткені есімізден шыға қойған жоқ. Жергілікті жұрттың басым бөлігі ауылшаруашылығы саласында еңбек ететін. Тоқырау жылдарының негізгі ауыртпашылығы ауылдағы ағайынға түсті. Қысқа жіп күрмеуге келмей, елдегі малдың басым бөлігі азын-аулақ жанар-жағармай үшін Қарақалпақстанға тоғытылды. Сөйтіп, халықта мал азайды.
Егін еккен қожалықтардың күздегі өнімінің көбі «инвестор» деп аталатын қалталы қарыз берушілермен есептесуге кетіп, табыстары шығынын жаппай, мемлекеттік салық берешегін өтей алмай біразының банкротқа кеткені есімде. Көпшілік жағдайда ауылдағы егін шаруашылығы тоқтатылып, қырмандар мен қоймалар қаңырап бос қалды.
Әрине, халықтың жаңа жүйеге көшіп, тоқшылықтан жоқшылыққа тап болған жұрттың бірілігін сақтап, тың шаруа бастап, жаңа тұрмысқа ұйытқы болу, сол кездегі ел басқарған азаматтар мен әкімдерге оңай болған жоқ. Ауыл халқы болса, бір-бірінің жыртығын бүтіндеп, бары-жоғына қарасып, егемен елдің ертеңіне зор үмітпен қарап, күнкөріс жасады.
Тоқырау жылдары көп салмақ түскен елді мекеннің бірі – Қазалы ауданындағы «Ақтан батыр» ауылы болатын. Адам баласы өз өмірінің бір белесіне келгенде мамандық таңдап, сол бойынша еңбек жолын бастайтыны белгілі. Сондай-ақ адамның қалаған кәсібі оның мінезіне де байланысты деген де тәмсіл бар. Мінәж өз бақытын Жер-анадан іздеп, қиын-қыстау уақытта – 1999 жылы ауыл шаруашылығына бетбұрыс жасап, Ақтан батыр ауылынан «Сыр-Маржаны» серіктестігін ашты. Ол осы жерден көсегесі көгеретініне, жердің адамға қуат беретініне, өзін де, халықты да асырайтынына нық сеніп, 2000 жылы 35 адаммен 350 га жерге күріш екті. Осылайша бос қалған қамбаға ақ күріш құйыла бастады.
Оның қаржы-экономикалық ойлау қабілеті жоғары болғандықтан аз ғана уақыттың ішінде шаруашылығын рента¬бельдігі жоғары, яғни, жылды таза пайдамен аяқтаған шаруашылықтардың қатарына қосты.
Елде бизнесті, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласын қолдайтын қаншама бағдарламалар өмірге келді. Өзі байырғы есеп-қисап қызметкері болған соң, мемлекеттік субцидия, лизинг, несие, грант түрлеріндегі жеңіл¬діктер мен көмектерді тиімді пайдалана білді. Соның арқасында облыс көле¬міндегі ең ірі шаруашылықты өрге сүйреп келеді.
Мінәжадин шаруашалықтың материалдық, техникалық базасын ұлғайтып отыруды тұрақты назарға алған. Күріш орағына 9 жатка, 7 комбайн, бірнеше тасымалдаушы техникалар қатысады. Қырмандағы «Зар-5» елегі күрделі жөндеуден өткізіліп, құны 12 млн тұратын 2 елек орнатылыпты.
Өткен жылы ерекше үлгідегі Германиядан шыққан құны 50 млн теңгелік «Класс-Тукано-440» комбайнын сатып әкелді. Оның ерекшелігі қуаттылығында екен. Бұрынғы «Енисей-1200» ком¬байны бункерінің сыйым¬дылығы 1,8 тонна болса, аталмыш комбайн 8,5 тоннаға есептелген немесе 4-5 есе артық. Сонымен қатар күріштің сабағын турап, көлікке тиеу тәрізді жұмысты қоса атқарады.
Осындай ата кәсіпті жан¬дандырған Мінәжадин егістік жер көлемін 4121 гектарға ұлғайтқан. Өткен 2017 жылы 2100 гектар жерге күріштің «Янтарь», «Новатор» атты жаңа сортын егіп, гектарына 45 центнерден сапалы күріш жинаған. 174 ауыл тұрғынын жұмыспен қамтамасыз етіп, мезгілінде еңбекақысын берген.
Жаңа нарықты бағындырар бастама
«Сыр-маржаны» ЖШС күріш өңдеуді оңтүстіккореялық технологиямен жүргізеді. 2008 жылы іске қосылған аталмыш құрылғы сағатына 5,0 тонна күріш ақтауға қауқарлы. Қазіргі заман талабына сай жабдықталған өндірістік техникалық зертханадан өткізілетін дайын өнім 5, 10, 25, 50 келілік «Сыр маржаны» ЖШС» деген логотипі бар полиэтилен қаптарға салынады. Отандық өндіріс жергілікті сұранысты қамтып қана қоймай, жаңа нарықтарды бағындыруға ден қойған. Серіктестіктің күріш өнімдерін Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан мемлекеттері жоғары бағалайды.Мінәжадиннің қол жеткізген табыстарына тоқмейілсімей үнемі алға ұмтылатынын байқадым.
Серіктестікте өткен жылы күріштің ирандық «торбм-хошеми» сорты тәжірибе ретінде 2 гектар жерге егілген. Өзге мемлекетте өсірілетін бұл дақылды күтіп-баптауға Мінәжадин бар ынтасымен кіріскен. Өйткені үлкен нарықта оған сұраныс жоғары, сондай-ақ бағасы да қымбат тұрады. Мәселен, Иранда бұл сорттың келісі 3,5 долларға бағаланады екен. Иранның төл брендіне айналған күрішті Қазалыға жерсіндіруге барынша күш салуда. Мақсат жүзеге асса, әр гектардан 35-40 центнерге дейін өнім алуға болады екен. Егер келешек жұмыс жүріп жатса, Иран мемлекетіне экспортталу да ойда бар. Мінәжадин биыл 2100 гектар жерге күріш егеді, сонымен қатар егіс науқанына Иран мемлекетінен 30 тонна аталмыш күріштің тұқымын күтіп отыр. Оны 150 гектар жерге сеппекші, ендеше сәттілік тілейміз.
Сондай-ақ «Сыр – Маржаны» серіктестігінде «Ірі қара малы етінің экспорттық әлеуетін арттыру жобасы» шеңберінде 3000 басқа арналған жоба-сметалыққұны 335,0 млн теңгені құрайтын мүйізді ірі қара малын бордақылау алаңы жұмыс істеуде.
Жаңа кешен ауыл шаруашы¬лығы құрылымдары мен жеке тұлғалардан ірі қараны сатып алып, жылына 220 тонна ет өндіруді көздеп отыр. Болашақта нысанның қуатын 1500 тоннаға ұлғайту межеленуде. Қуанышты жаңалықтың бірі «Сыр Маржаны» серіктестігіне облыс әкімінің қолдауымен Қызылорда қаласы жанындағы Белкөл кентінен ет комбинатын салу үшін 15 гектар жер бөлініпті. Ирандық технологиямен салынатын комбинаттың сметалық құны – 2 млн доллар. Осындай ірі жобаға Мінәжадин “тәуекел” деп бел буып отыр. Жақын арада ирандық мамандардың қатысуымен құрылыс жұмысы басталмақ.
Құрылыс аяқталып, комбинат іске қосылған жағдайда 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Комбинат жылына 2-3 мың тонна ет өнімдерін өндіруге қауқарлы. Ең қызығы, халал стандартына негізделген өнеркәсіп орнында малдың басы құбылаға қаратылып бауыздалып, барлық мүшесі түгел өңделеді екен.
Биікті – биік, жүйрікті – жүйрік деп айту парызымыз. Оны ел-халқы тек жақсы жағынан ғана таныды. Мінәжадиннің бір ерекшелігі өзін жарнамалауды, мақтауды ұнатпайды, сырын сыртқа шаша бермейді, алып-қашпа әңгімелерден бойын аулақ ұстайды. Сонымен бірге кісінің сыртынан ғайбат сөз айтатын күншілдікті бойына дарытпаған, өзгенің табысына сәттілік тілеп, қалтқысыз, бүкпесіз қуана білетін, мансапқа емес, ел игілігіне қызмет етудің өнегесін көрсететін азаматты аудан жұртшылығы ерекше қадірлейді.
Мінәжадин ауылдағы түрлі шаралардың, жабырқаған жандардың тұрақты демеушісі, тұрғындарға жыл сайын 8 млн теңгеге дейін қолдау көрсетеді. Ол өзінің теңгеріміндегі 10 млн теңгеге бағаланатын қос қабатты ғимаратты ауыл бүлдіршіндеріне балабақша ретінде пайдалануға сыйға тартыпты. Бұдан бөлек ауыл клубына 2 колорифер жылытқышын және музыкалық аспаптар алып берген.
“Оң қолың берген садақаны сол қолың білмесін” деген мұсылмандық қағидамен ауылдағы жетім-жесірлерге де көмектесетінін, ауылды абаттандыруға, мектептің түрлі саладағы өнерлі шәкірттеріне демеушілікке қаржы бөлетінін де естідім. Атағын шығаруды емес, жастарды ауылға тұрақтандыруды мақсат еткен депутаттың ниетіне таңданып, еріксіз басымды шайқадым.
Еліміздің ауыл шаруашылығы саласының үздігі, «Еңбектегі ерен еңбегі үшін» медалінің, «Парасат», «Құрмет» орденінің игері, Қазалы ауданының құрметті азаматы, облыстық мәслихаттың депутаты Мінәжадин Сражадинұлы бұл күндері Сыр өңірінің мақтанышына айналып отыр.
Кемал КӨПЖАСАР,
қаржы саласының ардагері.