Қатысушылардың еңбекақысы ұлғайды
Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Жастар практикасы» бағдарламасына айтарлықтай өзгерістер енгізілді. Нақтылағанда, өту мерзімі мен жалақысы артты. Қазалы аудандық халықты жұмыспен қамту орталығында жобаға қатысу шарттары мен оның тиімділігі туралы талқыланды.
«Жастар саясаты туралы» кешенді бағдарламаға орай жаһандық үрдістер мен жастардың сұранысы жан-жақты ескерілуі тиіс. Жаңа бағдарлама арқылы жастарға сапалы білім беру, жұмысқа тұру, қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету тетіктерін ұсыну қарастырылды. Жастардың кәсіби біліктілігін арттыруға жағдай жасау жолдары тапсырылды. Құжатта жас буынға арналған тиімді әрі ашық әлеуметтік мүмкіндіктер көрсетілуі керек. Барлық елді мекендердегі спорт және мәдениет нысандары жастарға қолжетімді болуы басты талапқа енді. Осы ретте оқу орнын аяқтағаннан кейін жұмыс тәжірибесіне ие болу үшін мемлекет алты айлық жастар тәжірибесін өтуді көздеді. Бұл үшін диплом алған түлек 29 жасқа дейін өз қаласы не аудан әкімдігіндегі жұмыспен қамту орталығына барады. Тиісті орталық аталмыш мамандардың бірыңғай базасын қалыптастырады және жұмыс берушілердің арасындағы дипломдық бағыт бойынша бағдарламалардың қатысушыларын бөледі. Жұмыспен қамту орталығы түлектермен алты айға еңбек шартын жасайды. Жұмыс күні ҚР еңбек заңнамасы бойынша еңбек шарттарына сәйкес анықталады.
Жастар тәжірибесіне бағытталған бағдарламаларға қатысушылардың ай сайынғы төлемі 18 айлық есептік көрсеткіштерді, яки салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақылар және банк қызметтерін шегерусіз құрайды.
Егер жұмыс беруші тәжірибе кезінде мамандыққа сай жасты өз компаниясы үшін сай келеді деп таныса – ол оны тұрақты жұмысқа қабылдауға құқылы. Жас маман үшін бұл нұсқа неғұрлым қолайлы саналады. Осыған қарамастан тәжірибеде өзіңді және кәсіби дағдыларыңды көрсету қажет екендігін естен шығармаған жөн.
Игі жоба алынған мамандық бойынша түлектердің бастапқы жұмыс тәжірибесін арнайы алуына арналған. Оған қатысу үшін тұрғылықты жердің әкімдігіндегі жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелу қажет, тек жасы 29-дан аспауы тиіс. Мұнда жеке куәлік, диплом, еңбек кітапшасы болса, Халық банкінен ағымдық дербес шот құжаттарын тапсыру негізгі шартқа жатады.
Бұдан басқа «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасын іске асыру аясында кәсіби білім беру орындарының базасы қалыптасады және «Жастар еңбек биржасы» бірыңғай ақпараттық порталы, «Жұмыс» ақпараттық порталы құрылады.
Қазалы ауданы халықты жұмыспен қамту орталығы мамандарының мәліметінше, жұмыс іздеуші ретінде 29 жасқа дейінгі 1962 жас хабарласқан. Оның 918-і жұмысқа орналасқан. Қалғаны әлеуметтік жұмыс орнына, жастар тәжірибесіне, ақылы қоғамдық жұмысқа жіберілген. Сонымен бірге алғашқы жұмыс орны мен ұрпақтар келісім шартына ұсынылды. Сондай-ақ 257 жас мемлекеттік грантқа ие болса, 28-і несие алып кәсіптерін ашты. "Бастау бизнес" жобасы бойынша 197 жас кәсіпкерлік негізде 1 айлық оқу курсын өтті. Жалпы бұл бағдарламаның болашаққа бағдар болары айтпаса да түсінікті.
– Мемлекеттің әр жылда шығарған бағдарламасынан үлкен үміт күтеміз. Өйткені қазір оқу бітірген соң жұмысқа орналасу қиын. Ал жастар практикасы мол мүмкіндік ұсынуда. Мәселен, мен биыл медбике мамандығы бойынша Қызылордадағы Медициналық колледжді бітіріп келдім. Бұл жақта маған дайын орын жоқ. Сондықтан аудандық жұмыспен қамту орталығына құжаттарымды тапсырып, тіркелген болатынмын. Соның арқасында ақпан айынан бастап аудандық ауруханадағы терапия бөлімінде жастар тәжірибесінен өтудемін. Ұжымдастарым мен жұмыс орным ұнайды. Тұрақты қалу мүмкіндігі туса керемет болар еді, – дейді Меруерт Тілектес.
Осындай пікірдегі Бекарыстан би ауылының тумасы Мирас Оңалұлы да ризашылығын жеткізді.
– Бала кезден спортқа қызығып өстім. Түрлі жарыстарға қатыстым. Кейін таңдауым Қазақ спорт және туризм академиясына түсті. Мұнда денешынықтыру пәні мұғалімі біліктілігін алып шықтым. Ауылға келе сала жергілікті әкімшілікке құжаттарымды тапсырып, жұмыспен қамту орталығына тіркелген болатынмын. Қазір төртінші Ү.Түктібаев атындағы №24 мектепте денешынықтыру пәнінен сабақ беремін. Негізгі бағытым волейбол ойыны болған соң арнайы команда мүшелеріне бұл спорт түрінің қыр-сырын үйретемін. Жақында волейболдан оқушылар лигасына облысқа жолдама алдық. Жұмыс барысы көңілімнен шығады. Мектептегі бағдарламаны меңгерудемін. Біздей жастарға тәжірибеден өту үшін бағдарламаның берері көп. Жұмысқа тұрақты тұру ыңғайы түссе, нұр үстіне нұр болар еді. Мұндайда жас маман ретінде қалып, ауыл балаларының жан-жақты салауатты дамуына үлесімді қосуға әрдайым дайынмын, – дейді Мирас Тілеуберген.
Осы кейіпкерлердей бағдарламадан үмітті жұмыссыз жастар қаншама? Кезекте тұрғандары тағы бар. Бірақ әттегені сол – орын шектеулі, қаржы санаулы. Жұмыс орны жеткілікті ашылса, қаражат қомақты бөлінсе, жастар бос сенделмес еді.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА