Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » “Жетес биге” жаңалықтар жетпей ме?

“Жетес биге” жаңалықтар жетпей ме?

Жұмыс кабинетіне кент тұрғыны Алмагүл ­Ахметова алқынып кірді. Алғашында аптығып тұрған оның не айтпақ болғанын түсіну оңайға соқпады. Жанымдағы әріптесім су беріп, демін басқаннан кейін, бұйымтайын қайта сұрадық.
– Алтын, іштегілерден сенің медицина тақырыбында материал жазып жатқаныңды естідім...
– Иә, Мемлекет басшының Ұлт жоспары бағдарламасы, мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру, онан кейін індет өршіп тұрған қазіргідей кезде дәрігерлердің имиджін көтеру, халықтың олардан қызмет алуының қолжетіміділігін насихаттау барысында тақырыптарды көтеріп жүргенім бар...– дедім.
– Менің де келгендегі мақсатым осы болып тұр. Аллаға шүкір, осы уақытқа дейін қаншама тәжірибелі, өз ісін терең меңгерген майталман мамандардың көмегіне жүгіндік. Олардың ісін жоққа шығарудан аулақпын. Бірақ мына басымнан өткеріп жатқан жайт ашу-ызамды тудырып, айтпасқа амалымды қалдырмады.
Мен де ықыласты екенімді білдіріп, басымды изеп, жұмысымды доғарып, назар қоя тыңдадым.
– Өткен аптада салқын тиіп, өзім қаралатын Жетес би ауылдық емханасына бардым. Бұл аурудан есепте тұратын мен үшін тамақтың суықтауы қауіпті әрі қиынға соғады. Жағдай орын алған бойда одан арылудың жолын іздеп, учаскелік дәрігерімнің қабылдауына жазылдым. Ол шағымымды тыңдап, тиісті ем тағайындады. Жазылған нұсқамада ингалятор аппараты арқылы жүзеге асатын ем-шара түрі бар екен. Қолымдағы тізімді көріп, құрылғының қайда барын, қай кабинетке баратынымды сұрағанымда, таң қалдым. Медбике емдеу орнында ондай құрал жоқ екенін ескертіп, өзім тауып алуым керектігін айтты. «Мүмкін емханаға барармын. Сол жердегі физбөлмеден табылып қалар...» деген ойым да жүзеге аспады. Сондай-ақ мұндағылар ондай құрылғының қазір көптеген кішкентай баласы бар ата-аналарда болатынын да есіме салды. Дәрі-дәрмегімді қабылдап, ингаляциядан өзге амалдардың бәрін жасап, аз күнде жұмысыма да қосылып кеттім.
Аптаның соңына қарай үйдегі кішкентай жиенім ауырып қалды. Отбасылық дәрігерге хабарласқанымызда, емханаға әкелу керектігін айтты. Бұл күні әбден уайымдасам керек, басым айналып, жағдайым қиындап, кезекші дәрігердің көмегіне жүгіндім. Мерей есімді дәрігерден сол жолы емханада кіші балаларға арналған ингалятор аппараты бар екенін естіп, білдім. Қуанып, өз участогіміздегілерге айтсақ, сөзімді жоққа шығарып, маңына жақындатпады. Шығып бара жатып, күнделікті жұмысқа келерде жолығып қалатын жүзітаныс бір медбикеге ұшырасып қалып, мән-жаймен бөліскенімде: «Іште бар. Просто бергісі келмей отырған шығар», – деді. Ашуланып, басшысына кіріп, анық-қанығын сұрайын деп едім, қолымыздағы үш айлық сәби мазасызданып, оған мүмкіндік бермей, үйге қайтып кеттік.
Жолай ингаляция жайын айтып, жақындар мен таныстардан сұрастыра бастадық. Қызымның бір құрбысынан «Нұр» клиникасында дәрісін апарса, аппаратқа ақы төлеп, қызмет алуға болатынын білдік.
Ертеңіне емханаға соғып, басшысына кіріп, анық-қанығын білуді мақсат тұттым. Сол күні емхананың аппаратын алған медициналық қызметкерлер үйге барып, ем-шарасын жасады.
Осы орайда тағы бір мәселе шықты. Дәрігер тағайындаған «Амбро» сұйықтығы дәріханалардан табылмай, айтқанымызда, ондағылар оның орына «Амбробене» атты препаратты пайдаланды. Біздің шағымымыз шымбайына батса керек, жауапты бірінші аймақ дәрігері Перизат Қазбекова сілкініп, ашуланып, өздерінің дәріханадан дәрі апарып салғандарына рахмет айтуымды сұрады.
Апта бітіп, еміміз аяқталмағанын ескерткенімде, емхананың бас мейірбикесі Айман есімді келіншек аппарат демалыс күндері берілмейтінін айтса, дәрігер де ондай күндері кіші медициналық қызметкерлер жұмыс істемейтінін айтып, түсіндірді. Амалсыз «Нұрға» барып, ақылы қызметке жүгіндік.
Газеттің өткен санында жарияланған әлеуметтік сақтандыру туралы мақалаңызда 5 жасқа дейінгі балаларға көрсетілетін патранаждық қызмет, сондай-ақ қан талдамаларын жасайтын орындардағы қызмет ақысыз жүзеге асатынын оқып, білдім. Өткен аптада маған Жетес би емханасы қан талдамасына жолдауды ақылы тапсыру керектігіме нұсқау берді. Тағы бір айтарым, жақында жұтқыншақтағы жараға байланысты шағын ота жасатпақ болып, жолдамамен облыс орталығына барғанымда, олар ауданда жасауға болатынын айтып қайтарған. Қазалыға келсем, мұнда тамақты ашып қарайтын темір айна мен ағаштан басқа ешқандай аппарат, қосымша құралдар жоқтығын айтып, Қызылордаға қайта сандалғаным бар. Бұдан күрделілерін сұраудың өзі орынсыз болар.
Жетес би емханасы қазір жалға бір ғимаратта отыр. Ол жерде науқасқа да, медицина қызметкерлеріне де ешқандай жағдай жоқ. Жаңа емхана қолданысқа берілсе, мәселе оң шешімін табар. Алайда бір сәтте бір бөлмеде он, кейде он екі адамға дейін кіру елдегі жағдайды одан әрі ушықтырып жібермей ме? Бір жолы басқа науқастың қағазын қолыма ұстатып жібергені бар. Тізе берсе, мұндай мысалдар көптеп кездеседі. Үлкендер жағы өз амалымызды жасаймыз. Ал шарасыз шарананың жағдайын одан әрі ушықтыруға осындай салғырттық әсер етсе не істеуіміз керек?..
МӘМС-тің қолданысқа енгеніне де біраз уақыт болды. Медициналық сақтандырудың мәз еткені қайда? Оқып-білдік, оның негізгі мақсаты мамандарды толықтырып, медицина орындарының жағдайын жақсарту екен. Сонда мұндай жаңалықтар Жетес биге жетпей ме? Жаңарғаны қайда? Жетістігі неде? Жеткен жері осы ма? Құны небәрі 10-15 мың тұратын қондырғыға, қарапайым құрал-жабдықтарға қол жетпей отырған емдеу мекемесінен қандай жақсылық, нәтиже күтуге болады? Қауқарсыздар қатарын толықтырып, халық қалтасынан шығаратын қыруар қаржыны желге шашпай, мәселелерге мән беруге мүмкіндік бар ғой. Осыны жауаптылар назарға алса етті, – деді қызына.
Тұрғынның әңгімесін еш өзгеріссіз газет бетіне беруді жөн санадық.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА

05 ақпан 2022 ж. 594 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031