Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Үрей туғызған індет

Үрей туғызған індет

Осыдан бір жыл бұрын әлемді шарпыған коронавирус инфекциясы біздің елді де әбігерге салды. Індетті жұқтырушылар саны сәт сайын өсті. Президент Жарлығымен төтенше жағдай жарияланып, емін-еркін жүрген халықтың өмірі аяқасты өзгерген болатын. Салдарынан жер мен көктегі қатынас тоқтады. Үлкен қала мен аудандарда қатаң карантин жарияланып, блок-бекеттер қойылды.
Мемлекет халықты оқшаулаумен бірге қолдау да көрсетті. Жалақысыз қалғандарға әлеуметтік төлем жасады. Көпбалалы отбасыларға, қарттар мен мүгедектерге азық-түлік себеттері үлестірілді. Коммуналдық төлемдер өтелді. Кәсіпкерлерге де барынша көмек берілді. Олар салықтан босатылып, жеңілдетілген несие қарастырылды. Кейбір банктер несиенің уақытылы төленбегеніне үстемақы қоспай, кешіріммен қарады. Осындай шараның арқасында қауіптің беті қайтты. Дегенмен мұның бәрі ел экономикасы үшін оңайға түспеді.
– Қазалыдан Ақтөбеге көшіп келгенімізге көп болмады. Ауру дендей бастағаннан барлық мекеме уақытша жабылып, бәрі үйге қамалды. Бірақ халықты биліктегілер жалғыз қалдырмады. Солардың қатарында біз де бармыз. Ақшалай көмегін бір алдық. Азық-түлігі екібастан тағы бар. Үкіметке ешқандай өкпем жоқ. Қайта қиын кезде қолдан келген көмектерін аянбады. Сондықтан алғысым шексіз. “Сабыр түбі – сары алтын” дейді. Төзімді бола білген жөн деп есептеймін, – дейді Серік Қосназаров.
Шынымен «Қиындық артынан жеңілдік келеді» деген бар. Үрей туғызған індет елді тұйыққа тіреп, күрделі мәселелер туындатқанымен жан-дүниеміздегі ішкі мүмкіндіктердің ашылуына себепші болды. Атап айтқанда, ақпараттық технология күнделікті тіршілікке етене еніп, цифрландыру жылдамдатылды. Соның арқасында офлайннан онлайнға көшу көптеген кәсіптің кеңінен таралуына септігін тигізді. Ерекше мән беріліп халықты қуантқан жайттар көбейді. Бұған дейін шешілмей келген ғаламтор желісі шалғайдағы елді мекендерге жетті. Бірқатар бизнес көзі жаңа қырынан ашылды.
Бүгінде ақпараттық технология, цифрландыру барлық саланың жұмыс ырғағына айналуы бюджет тапшылығын тудырып, көптеген бағдарламаның жүзеге асуына кедергі келтіріп жатқан көлеңкелі экономиканың үлесін азайтты.
COVID-19 қорқыныш пен үрей тудырып қана қоймай, елді мейірімділік пен түсіністікке, шыдамдылыққа тәрбиеледі. Пандемия біткеннен кейін көп адамның осыған дейін қалыптасқан өмір салты өзгерді. Қиын қыстау кезде әдетте ұсақ-түйек ретінде қабылданатын заттар үлкен мағынаға ие болды. Коронавирус не үйретті? Оның бізге берген сабағы қандай?
– Бірнеше айға жуық үйден шықпағанның арқасында балалаларыма көп көңіл бөле алдым. Олармен бірге әлеуметтік желідегі мүмкіндіктің мол екендігін түсіндім. Өзіме жеке парақша ашып, аспаздық шеберлігімді арттырдым. Күнделікті азық-түлікке қажетті қаражат тауып отырдым. Қазір оқырманым мыңға жуықтады. Мұнымен тұрып қалмай дамытуды көздеп отырмын, – дейді кент тұрғыны Асылзат Алпамысова.
Биыл елдің егемендікке қол жеткізгеніне отыз жыл толмақ. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мерейтойға арнап құрылған мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысында барша әлем жұртшылығы бастан кешіп жатқан күрделі кезеңде ысырапқа жол бермеуге шақырды. Той тойлаудан гөрі халықтың әлеуметтік жағдайына баса мән беру керектігін айтты. Елдің тұрмысы түзелмесе, жетістіктерді мақтан етудің қажеті жоғын айрықша атап көрсеткен болатын. Бүгінгі күннің талабы осындай.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
25 наурыз 2021 ж. 2 327 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031