Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Күзетшіге де күзет керек

Күзетшіге де күзет керек

Былтыр Татарстан астанасы Қазан қаласында мектепке шабуыл жасалып, бірнеше адам қаза тапты. 20-дан астам адам жарақат алды. Екі қанішер ғимарат ішіне кіріп, оқ жаудырған. Осыдан кейін жер-жерде оқу орындарында күзетті қатаңдату туралы айтылып, жедел шаралар қолданыла бастады. Қазақстанда да күзетті күшейту жайында жиындар ұйымдастырылды. Содан бері бір жылдай өтті…
Интернетті шолып шықсаңыз, түрлі жайттарға тап боласыз. Мектептегі төбелес, бала зорлау, тағысын тағы... ­Осыдан кейін білім ордаларының қауіпсіздігін ойламасқа болмайды. ­Ресми деректерге сүйенсек, елімізде 7 228 мектеп болса, оның жартысы ғана дабыл жүйесімен жабдықталған. 400-ден астам білім ошағы ғана мамандандырылған күзетпен қамтамасыз етілген. Ал қалғандарын ескі әдіс пен күзетші мен вахтер ғана күзетеді.
Еске салсақ, өткен жылы елдегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектептерді тәулік бойы арнайы күзет қызметінің қадағалауына беру мәселесі қаралған. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің Балалар құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев баяндап еді.
– Пермдегі жағдайды ұмыта қойған жоқпыз. Болған оқиға бізге де кез келген қауіпке даяр болудың қажеттігін көрсетті. Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуде мектеп күзетіне қойылатын талап жоғары. Күзет қызметі төтенше жағдайға әрдайым дайын болып, шұғыл шешім қабылдай білуі тиіс. Бұл дегеніміз, бейнебақылау камерасының орнатылып, оның талап пен стандартқа сәйкес жұмыс істеуі. Осы орайда, біз халықаралық тәжірибе мен өзге елдерде болып жатқан төтенше жағдайларға талдау жүргізудеміз, – деді ол. Одан бөлек Дулат Жекебаевтың: «Кейбір мектептердегі бейнебақылау камерасы тиісті талап пен стандартқа сәйкес келмейді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біздің министрлік құзырлы органдармен бірлесіп, мектеп қауіпсіздігін тәулік бойы қадағалайтын арнайы күзет қызметімен қамту мәселесі қаралғанын, сонымен қатар барлық білім беру мекемелерінде «дабыл батырмасын» орнатуға бюджеттен қосымша 2 миллиард теңге қаржыны талап етілуі туралы сөзі есте. Осы орайда, бүгінде құқықтық-нормативтік актіге қайта енген өзгерістерде нәтиже жоқ емес. Оған дәлел осы мәселе төңірегінде аудандық білім бөлімі берген мәлімет. Нақтыласақ, аудандағы білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін толықтай бейнебақылау камераларымен жабдықталған. 2016 – 2021 жылдар аралығында негізгі және орта білім беру ұйымдары бойынша барлығы 378 бейнекамера, мектепке дейінгі ұйымдарда 211 бейнебақылау камералары орнатылып, білім беру ұйымдарының сыртқы және ішкі көрінісін бақылауға жұмыс жасауда. Ал осы бағытта биылғы жылы 5 мектепті қосымша 70 бейнебақылау камерасымен жабдықтау жоспарланып отыр екен. Сондай-ақ былтырғы жылы жергілікті 19 мектепке турникет, 13 білім ордасында дабыл батырмасы орнатылды. Яғни, бұл түйткіл ауданда аса қатты қиындық тудырмайтынын айтады.
Жасыратыны жоқ мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жүйелі жұмыстардың атқарылып жатқанынан хабардар болғанымызбен, күзет мәселесінде олқылықтар жеткілікті. Мысалы, күзеттегілердің көбі 60-ты алқымдаған кісілер. Қолында қару түгілі байланыс аппараты жоқ үлкендердің айбары үстіндегі «Күзет» деп жазылған арнайы киімі ғана. Осы тұста «Кезінде бар күш-жігерін еңбекпен еңсерген қарттар бүгінде қайраты кеміп, күші азайған қауқарсыз тұста кімге қорған болады?» деген сұрақ еріксіз мазалайды. Мүмкін бірі балаларыма көмек болсын десе, енді бірі еңбекпен есейіп, біте қайнасып кеткеннен кейін қол қусырып, үйде отыра алмады ма екен деген ойға қаласың. Әйтпесе, тепсе темір үзетін дәурен бастан көшкелі қашан бұл кісілерден.
«Алатын азғантай зейнетақыма демеу болсын деп отырмын. Мазасыз ештеңесі жоқ. Кірген-шыққанға қарап күні бойы уақытыңды өткізесің. Айлығы 60 мың теңге. Үйде бос отырғанда не істеймін?! Бір мезгіл болса да көңілім бөлінеді», – деді Қайрат есімді қарауыл.
Жалақысы төмен күзет қызметіне жастар аттап баспайды. Зейнет жасына жете алмай немесе зейнетақысына үстеме болсын деп жүргендер үшін күзетшілік – күнкөріс көзі. Айлығына қарап «қадірсіз» мамандық десек те, азғантай ақшаны талғажу етіп отырғандар қаншама. Қанша айтқанымызбен, бұл жүйеге де өзгеріс енетін күн келген секілді. Сіз не дейсіз?

А.БАҚЫТҰЛЫ
05 ақпан 2022 ж. 822 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031