Қазақстандық мектептерді арнайы компаниялар күзететін болады
Қазақстандағы білім беру мекемелерін арнайы күзет компанияларының мамандары күзететін болады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Баймұқашев мәлімдеді.
"Бүгінгі таңда білім беру ұйымдарының объектілері негізінен террористік тұрғыдан осал топқа жатқызылған. Мамыр айының басында үкіметтің қаулысымен осындай нысандарды антитеррорлық қорғауды ұйымдастырудың жаңа талаптары бекітілді. Егер бұрын бұл талаптар ұсынымдық сипатта болса, енді білім беру объектілері міндетті түрде: бақылау жүйелерімен жабдықталады, қызметкерлер мен келушілер жіті қадағаданып, дүрбелең батырмалары орнатылады, арнайы мекемелерді мамандандырылған қауіпсіздік қызметі күзетеді", - деп мәлімдеді Мұрат Баймұқашев.
Оның сөзінше, қазіргі таңда еліміздің 11 аймағында білім беру мекмелерін арнайы күзет жасақтары күзетеді.
"Қазіргі таңда білім беру мекемелерінде видеокамера санын көбейтіп жатырмыз. Үлкен қалаларда мектептерді арнайы мамандандырылған жекеменшік күзет компаниялары күзетеді. 11 аймақта мамандандырылған компаниялармен келісім шарт жасалып, қазіргі таңда 408 мектеп арнайы күзетпен жабдықталған", - дейді Бамұқашев.
Қазандағы мектепте болған қайғылы оқиғадан кейін мәжіліс депутаты Андрей Линник Қазақстандағы мектептердің қауіпсіздігі туралы айтты.
Айта кетсек, 19 жастағы Ильназ Галявиев Қазандағы мектеп-гимназиясына қарумен келіп, шабуыл жасаған. Нәтижесінде жеті оқушы мен екі ұстаз көз жұмды. Қазір қаскөй түрмеде, ол өмір бойына бас бостандығына айырылуы мүмкін. Дәрігерлер оның шизофренияға бейім екенін айтқан.