Қала баласы тасада қалмасын
Мемлекет басшысы барыс жылын «Балалар жылы» деп жариялады. Президент «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі. Сол себепті келесі жылды Балалар жылы деп жариялау керек деп есептеймін» – деді. Осы орайда жылды тек құр ұрандатып немесе мереке түрінде атап өту жарамайды. Ең алдымен, билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында балаларды қорғау мақсатында нақты іс-шаралар жасалуы тиіс. Балалардың болашағы жарқын, келешегі кемел болуы үшін қайтпек керек?
Мәселен, Әйтеке би кентіне іргелес орналасқан Қазалы қаласында сегіз мыңға жуық халық бар. Нақты айтқанда 7821 адам тұрады. Бір колледж, үш орта мектеп, екі балабақша, бір шағын орталық жұмыс істейді. Шамамен 2329 бала бар. Қалада ауданнның ғана емес, республиканың абыройын асқақтатып жүрген спортшы жастар аз емес. Өнер көгінде қанат қағып, талантымен талайды тамсандырып жүрген дарындылар да жетеді. Алайда балаларды спортқа баулитын, өнерін шыңдайтын орталықтардың жоқтығы көңіл қынжылтады. Спорт алаңы, стадион жоқ емес, бар. Бірақ ескі. Оған қарамастан келушілер қатары сиреген емес. Балалар мен жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығы ерекше. Стадион жанынан өткенде, алаөкпе болып, доп қуалап жүрген балақайлардың шапшаңдығы мен мергендігіне еріксіз сүйсінесің. Мықты футболшылардың өсіп келе жатқаны сөзсіз. Әсіресе жаз мезгілдерінде шуылдаған дауыстар түн жарымына дейін естіліп жатады. Күн суыта келе алаңға келушілер қатары да бәсеңдейді. Осындайда «Әттең, қалада да бір спорт кешені салынса» деген ойға қаласың. Қала тұрғыны Данияр Ерқабылов та бізді қуана құптады.
– Бұл мәселені 2015 жылдан бері көтеріп келеміз. Бірақ нәтиже жоқ. Ұлым күреске қатысады. Стадионның ішінде не жылу, не жуынатын жер жоқ. Қыстың күндері жібермеймін. Ауырып қалама деп алаңдаймын. Басшылық тарапқа, ең болмаса, қаланың төрт бұрышына сыртқы ойын алаңдарын салып беріңіздер деп те айттық. Күрмеуі қиын шаруа ма, шешілмей-ақ қойды. Өзім көп қабатты үйде тұрамын. Есік алдында балалар алаңы болса деген тілекпен қала әкімдігіне барғанымда «біз шешпейміз» деп қайтарды. Сонда әкім не шешеді? – деп қынжылды.
Жабық, жылы жерде спорттың сан түрімен айналысып, бос уақытты сенделмей сапалы өткізуге болады. Белгілі бокшсы Марина Вольнова туған топырақтан оның ізбаралары әлі де талай топ жарары сөзсіз. Мемлекет басшысы айтқандай, ең алдымен билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында балаларды қорғау мақсатында нақты іс-шаралар жасалуы керек. Олай болса, сөзден іске көшер сәт келді.
Елдің атын спортшылармен қоса, өнерпаздар да әлемге паш етеді. Қазақ елінің музыкалық мәдениетін, ұлттық өнерін өзгеге танытатын жастар Қазалы қаласында да жетеді. Баласының бойындағы талантты көрген ата-ана оны одан әрі шыңдауға талпынады. Дарынын бүркемелемей, дамытқысы-ақ келеді. Қалада музыка мектебі бар. №16 мектеп-лицейдің ескі ғимаратында орналасқан. Онда балалар домбыра, гитара, саксофон, баян және флейта аспаптарын меңгере алады. Қазір 35 шәкірт талантын шыңдап жүр. Екі мұғалім жергілікті жерден болса, қалғандары Әйтеке би кентінен қатынайды. Музыка мектебіне жауапты Әділхан Ибраимовтың айтуынша, бір үйден екі бала қатысса, жеңілдік қарастырылған. «Өнерге құштар, үйренемін деуші балалар баршылық. Кестеге сәйкес аптасына екі рет сабақ өтеді. Айына 1500 теңге ақы төлейді», – дейді ұстаз. Қазалы қаласынан жеке дара музыка мектебін ашып, үйірмелер қатарын толықтырса, нұр үстіне нұр болар еді деген ойында жасырмады.
Талғамға талас жоқ. Кейбір оқушылардың таңдаған, үйренгісі келетін музыка сыныбы тек кент орталығында бар. Оған қатынау көп ата-анаға қолайсыздық тудырып тұр. Қаршадай баланы кенттегі музыка мектебіне немесе оқушылар үйіне жіберуге қорқасоқтайды. Күнделікті өзі тасуға күйбең тірлік мойын бұрғызбайды.
– Бұрындары қалада музыка мектебі жұмыс істеді, неге екенін қайдам, қазір қаңқасы да жоқ. Бұзылып кетті. Естуімізше, жеке адамның иелігіндегі жерде орналасқан көрінеді. Өнерге баулитын мектеп болса, ұстаздар табылмай қалмайтыны анық, – деген қала тұрғындарының назы ескеріліп, қала баласының тілегі тасада қалмас.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА