Қазақстан балалары – нұрлы болашаққа
Әйтеке би кентіндегі орталық алаңда 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Қазақстан балалары – нұрлы болашаққа» атты мерекелік шара өтті. Мерекелік кеш шымылдығы «Алпамыс» балабақшасының тәрбиеленушілерінің орындауындағы «Нұрлы болашақ» композициясымен ашылды.
Балаларды мерекемен құттықай келген аудан әкімі Мұрат Ергешбаев: «Қымбатты жас достар! Мен сендерді, сендер арқылы барлық қазалылық бүлдіршіндерді 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – балғын бүлдіршіндеріміз үшін ең қуанышты және жыл сайын күтетін басты мерекелерінің бірі. Сонымен қатар, бүгінгі күн — балалардың әрдайым қамқорлықта, ал үлкендердің олар үшін жауапкершілікте болуын еске салатын күн. Сондықтан еліміздің ертеңгі тірегі болатын сендердің болашақтарыңды баянды ету – біздің парыз.
«Өнерлі өрге жүзеді» дейді дана халық. Ата-аналарыңды қуантыңдар, білімді де білікті болыңдар. Болашақ ел басқаратын өздерің, ал ол үшін білімді де зерек болу керек», – деп, балғындарға мықты денсаулық, бейбіт өмір, бақытты балалық шақ тіледі.
Қазір ауданда 3-6 жас аралығындағы балалар балабақшамен 100 пайыз толық қамтылған. Өткен жылы апатты жағдайдағы 5 мектеп іске қосылса, биыл 5-ші квартал аймағынан жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Ауданда балалардың демалысын тиімді өткізу үшін мектеп жанындағы күндізгі тынығу лагерлері, «Шағала» балаларды сауықтыру орталығы жұмыс істейді. Және оқушылар республика, облыстан тыс жерлерге саяхатқа шығады. Бұл шара биылда өз жалғасын табады.
Мерекелік шара кезінде оқушылар «Нұрлы болашаққа – балалар көзімен» тақырыбында сурет салудан сайысты. Сонымен бірге, «Қазақстан балалары спортты таңдайды» деп ұрандатып, эстафеталық жарыстың көркін қыздырды.
Аудандағы барлық балабақша бүлдіршіндері ән мен жырдан шашу шашып, жиналғандарды өнеріне тәнті етті. Концерттік бағдарлама жас ұландардың мерекелік шеруіне ұласты. Шеруде он сегіз топ өнер көрсетті.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА